---
title: "Жақсы адаммен кездесу...."
description: "Жақсы адаммен кездесу....Үміткер ретіінде Сайлау алды түрлі форматтағы кездесулерім жалғасуда. Шыны..."
author: "uralsk.nurotan.kz"
published: "2020-12-30T04:12:34+00:00"
modified: "2020-12-30T04:12:34+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-sy-adammen-kezdesu-905259"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-sy-adammen-kezdesu-905259/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жақсы адаммен кездесу....

> Жақсы адаммен кездесу....Үміткер ретіінде Сайлау алды түрлі форматтағы кездесулерім жалғасуда. Шыны...

Жақсы адаммен кездесу....

Үміткер ретіінде Сайлау алды түрлі форматтағы кездесулерім жалғасуда. Шыны керек, әрбір кездесуге деген жауапкершілікті жүрегіммен қабылдаймын. Сондықтан кездесетін адамдарымды мұқият таңдауға тырысамын. Таңдауда бір ғана критериім бар, ол адам жан- дүниесімен де, қоғамдағы ісімен де өзгеше Тұлға болуы тиіс. Оның танымал болуы міндет емес, тек рухы мықты, адами қасиеттері мол, айтары бар жан болса. Өйткені, әңгімені тыңдап қана қоймай, өмірлік ұстанымы, қоғамдық көзқарасы, мемлекетшіл ойлау деңгейінің жоғарылығы туралы жариялап, жастарға, қоғамға ой салу, осындай саяси науқан алдында ел бірлігін нығайтуға ат салысуды мақсат етіп қойдым.

Бұл кездесу ұстаз, ақын, әнші, жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі - Дариға Ғазезқызы Мұштановамен болды. Сонымен қатар Дариға апаны облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған тәжірибесі бар, ауданда жауапты қызметтер атқарған, жеке өзінің емес, мемлекеттік ауқымда тұжырымдар мен ұсыныстар бере алатын Тұлға деп танимын.

Бізге ақ жол тілей отырып, өзі де «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде елге қызмет етудің үлгісі болуды, халыққа жанашырлықты басты міндет деп білуді тапсырды, сенім білдірді. Мирболат екеуіміз керемет байып қайттық. Қамтылған тақырыптар негізінен білім, мәдениет, рухани код, мәдени мұра, жастарға танымдық тағылым туралы болды. Өлең де оқылды, күй де тартылды, әңгіме да, ұсыныстар да айтылды..

Дариға Ғазезқызының болмысын оның өлеңдері айтып тұр. Ақындық ұстанымы Назым Хикметпен үндес:

Хақым да жоқ, бәлкім әсте жазбауға,

Қат- қат болған қатпарлы ойды қазбауға.

Бір - ақ тиын, бірақ бәсі тірліктің,

Бой бермесе маздауға! ( Бұлай айтпаса Дариға ақын болмас еді)

Ақынның өмірлік ұстанымы, керек жерде естір құлақ болса, шындықты тайынбай айтатыны мына өлеңдерінен көрінеді:

Айтып- айтып, айтып -айтып тастадым,

Тым болмаса қатырсын деп бастарын.

Сол бастарда, бірақ оны кеш білдім,

Жоқ екенін құлақ деген қасқаның....

Бұл да бүгінгінің жанды жері, шыны керек, қазіргі мемлекеттік қызметте «ести алатын мемлекет» (слышащее государство) дегенге басты назар аударылып, халық үніне құлақ асудың түрлі шаралары қарастырылуда.

Немесе мына өлеңі:

Түсінбей жүрем көбіне тосын жайларға,

Көлеңке шалған көп күндер қосылды айларға.

Құлаққа шыққан қағам да «құрбақаларды»

Ұқсамағаныма тәубе етем осындайларға...

Дариға апа айтыстарда шыңдалған ақын, өйткені айтыс деген киелі өнер екіжүзділік пен күлбілтелікті кешпейді, онда халық сөзін айта білу үшін көкіректегі көзімен көре білетін, өткір сөзімен бере білетіндер ғана бағалы.

Ал ұстаздығы бөлек әңгіме, елге атағы шыққан «Үміт» гимназиясындағы оқыту мен тәрбиелеу тәсілін әдістеме қылып мектеп басшыларына тарату қолға алуды қажет ететін шаруа. «Үміттің» шәкірттері тектен тек мына жолдарды арнамаған болар апайына:

Тектілік дарыған бұл ара,

Биікке бастайтын мұнара.

Жеткіншек, желкілдек балғанға,

Жаятын жүрегін Нұр Ана!

Мына төмедегі суреттерден көріп тұрғандай, бұл бір рухани кездесу болды. «Аңыз болған абысындары», «Әз ғұмыры», «Қос қанаты», «Үміті», бірнеше өлеңдер жинағы сөйледі. Әр шығармада Дариға Ғазезқызының рухани кеңістігі, жан сыры, ой толғауы, ізденістері, шығармашылығы тұнып тұр.

Жазбамды аяқтай келе, кейіпкерімнің бір жақсы адам туралы өз өлеңін өзіне арнағым келеді:

Ортадан ойға қашып сырғақтағам,

Күмілжіп көлеңкеден үн қатпағам.

Қалтқысыз қалтарыстан сыр аңдайтын,

Болғаны қандай жақсы бір Жақсы адам.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zha-sy-adammen-kezdesu-905259](https://yvision.kz/kk/post/zha-sy-adammen-kezdesu-905259)