---
title: "Жаһандық азық-түлік тапшылығы"
description: "Жалпы барлығымызға белгілі сонғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес,барлық әлем елдерінде табиғи – ми..."
author: "Banu_sansyzbay02"
published: "2021-12-11T05:44:53+00:00"
modified: "2021-12-11T05:44:55+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-andy-azy-t-lik-tapshyly-y-955502"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-andy-azy-t-lik-tapshyly-y-955502/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жаһандық азық-түлік тапшылығы

> Жалпы барлығымызға белгілі сонғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес,барлық әлем елдерінде табиғи – ми...

Жалпы барлығымызға белгілі сонғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес,барлық әлем елдерінде табиғи – минералды шикізат ресурстарымен қатар,азық – түліктің де жетіспеушілігі ұлғая түсті.Бұл жағдай тек Қазақстанға ғана емес,сондай-ақ қолайсыз географиялық аймақта орналасқан даму деңгейі жөнінен артта қалған елдерге ауыр тиіп отыр.

Жаһандық проблемалардың құрылымы және олардың иерархиялық тізбегі туралы пікірлер әрқилы, дегенмен Ресейлік және отандық экономикалық әдебиетте келесі бес жаһандық проблемалар жиірек аталады: 1) ядролық соғысты болдырмау және қарусыздану; 2) қоршаған ортаны қорғау немесе экологиялық мәселе; 3) демографиялық жағдай; 4) шикізаттық немесе энергетикалық; 5) азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. Өз кезегінде, Қазақстан да әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде мұндай мәселелерден қалыс қала алмайды.

Азық-түлік қауіпсізігін қамтамасыз ету әлемнің кез-келген мемлекеті үшін маңызды мәселеге айналды. Өмірлік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен олардың бағасының тым жоғары болуы халықтың әлеуметтік топтар мен таптарға жіктелуі, заңсыз көші-қон секілді жаһандық маңызы бар проблемаларды туындатады.

Азық-түлік проблемасы бүкіл әлемнің мемлекет жетекшілерінің, экономистерінің, экологтары мен кәсіпкерлерінің назарын өзіне аударуда. Азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі ең біріншіден, оның бағасын көтереді. Бұл заңды экономикалық құбылыс.

Қазіргі таңда, Жер бетіндегі 7 млрд-тан астам халықтың 1,5 млрд-ы азық-түліктің жетіспеушілігін сезініп отыр. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы өнімін өсіруге қолайлы елдерде тұрады. Орталық Азиядағы елдердің барлығы дерлік дәнді-дақыл өсіруге қолайлы Қазақстанның астығына тәуелді. Егер көрші елдерде ұзақ уақыт бойы аштық салдарынан әлеуметтік тұрақсыздық орын алса, көп кешікпей оның зардаптары Қазақстанға да келіп жетеді.

Ағымдағы кезеңде әлемдік азық-түлік проблемасы Қазақстанға да өз әсерін тигізіп отыр. Қазақстанның кейбір азық-түлік түрлері бойынша импортқа тәуелді екенін Президент те қадап айтып келеді. Ол өзінің 2009 жылғы халыққа Жолдауында «....біз қазір консервіленген жемісжидек өнімдерінің 80 пайызын, ет өнімдерінің жартысын, құрғақ сүттің 53 пайызын сырттан әкеліп жүрміз», – деген болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыру мәселесінің негізгі қиыншылықтары оларды шешуге аса зор қосымша шығындар қажеттілігімен байланысты болып отыр. Ал, мұның өзі рыноктық қатынастар жағдайындағы бәсекелестік шығындарды кеміту арқылы максималды пайда алу заңдарымен үйлеспейді. Олай болса, шаруашылық жүргізудің барлық деңгейлеріндегі экономикалық және әлеуметтік мүдделер қайшылықтарын шешу жаһандық проблемаларды еңсерудің мән-мазмұнын құрайды.

Адамзат қоғамы үшін азық-түлік проблемасы оның өмір сүруінің негізі ретінде өзінің өзектілігін әрдайым сақтайды. Сондықтан, адам еңбегінің алғашқы нысаны ретінде танылған ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыздандыруда өз басымдықтарын арттыра түсетіні сөзсіз.

Жалпы, азық-түлік қауіп­сіз­дігін ны­ғайту ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету­дің, экономиканы табысты да­мы­ту­дың негізгі шарттарының бірі. Осы орайда елімізді орнықты дамыту, ұлттық тұтастығымызды сақтау үшін азық-түлік қауіпсіздігінің мәсе­лелері «Қазақстан Респуб­ли­касының ұлттық қауіпсіздігі ту­­ралы» Заңда бекітілген. Бұл азық-түлік қау­іпсіздігі ұлттық қауіп­сіздігімізді ны­ғай­ту ісінде басты назарда тұратынын білдіреді.

Канадада халықты азық-түлікпен қам­тамасыз ету үшін «азық-түлік банк­тері» жүйесі қызмет көрсетеді. Бұл жүйе бойын­ша жергілікті 450 азық-түлік банкі жұ­мыс істеуде. Осы жүйенің арқасында 900 мыңға жуық канадалық тағам өнім­дерін алады.

АҚШ-та күнкөрісі төмен халықтың азық-түлікке қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету үшін оңтайлы тәжірибелер қол­да­ны­луда. Егер бұл елде отбасының кірісі кедейшіліктің деңгейінен 130 пайыз төмен болса, отбасы мүшелері арнайы электронды карталар арқылы жүзеге асыры­латын, азықты жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік беретін «SNAP» деген бағдарламаға қа­тыса алады. Бұл бағдарлама АҚШ халқының 45 миллионға жу­ығын қамтитын көрінеді.

Еуропалық одақ елдеріне ке­лер бол­сақ, мұнда тағам өнім­дерінің қауіп­сіздігі стан­дарт­та­ры­ның талаптарын сақтау жо­ға­­ры деңгейде жолға қойылған. Қа­зіргі таңда Еуропалық одақ ел­д­ері азық-түліктің мол қорына ие.

Бүгінде 30 мемлекет азық-тү­лік зәру­лігін қатты сезінуде. Сон­дай-ақ жаһан бойынша созылмалы аштық дертіне ұшы­рап отырғандардың саны 1 млн адам­ға жуықтайтын көрінеді. Сала­да­ғы осы жағдаяттар әлемдегі саяси-эко­но­микалық, әлеуметтік жағдайдың ауыр­лап кетуіне апарады.

Бұл мәселелерді әрі қарай өрбіте сөй­лесек, азық-түлік тапшылығының бе­лең алуына негізгі себепті ха­лық са­нының өсе түсуімен ғана бай­ла­ныс­­тыра қарастыру біржақты кө­з­қа­растың төңірегінде шиырлатып қоя­ды. Сондықтан осы арада ауыл шаруа­шы­лығы бағытында мүмкіндіктері мол көп­теген елдердің саланы дұрыс игере ал­мауы, аграрлық секторды озық техно­логиямен жабдықтауда кенжелеп келе жатқаны азық-түлік тапшылығының туындауына өзіндік зор әсерін тигізіп отыр­ға­ны қаперде болғаны жөн. Қазіргі таңда әлемдік ауқым­да­ғы азық-түлік тапшы­лы­ғы мә­селелерін шешуде Қазақ­стан­­ның аса маңызды рөлі биік мінбелерде аз айтылып жүр­ген жоқ. Еліміздің осы тұрғыдағы мүм­кіндіктері сөз болғанда, ең алдымен агроөндіріс кешенін дамыту үшін ше­шуші мәнге ие жеріміз бен табиғи мол ресу­рс­тарымыз әңгіме арқауына ай­на­­лады. Содан кейін саланың мем­­ле­кет тарапынан үлкен қол­дау­ға ие болып отырғаны, инвес­ти­циялардың көп­теп тартылуы ай­тылады. Бүгінде осы атал­ған ар­тықшылықтар соңғы жылдары елі­мізді астық пен ұн экспорттауда көш­басшы елдер қатарына қос­ты. Бұл жө­нінде нақтылай сөй­лесек, астық экспорттаушы үздік 10 мемлекеттің арасындамыз. Еліміз өзге мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық жөнелтеді. 2017 жылы елімізде жиналған астықтың жалпы көлемі 20,6 млн тоннаға жетуі біздің әлеуетіміздің ешкімнен кем емес екенін білдіреді. Ол ішкі сұранысты қам­тамасыз етуге де, сыртқа шығаруға да жетеді. Тағы бір айта кетер жайт, соң­­ғы 4 жыл бедерінде еліміздің дурум би­дайының экспорттық үлесі 280 мың тоннаға (2014 ж. – 170 мың тонна, 2017 ж. – 450 мың тонна) ұлғайған. Қазақ­стан ұн экс­порттауда да ал­дыңғы қа­тарда тұр. Біз­дің ұны­мызды негізінен Өз­бек­стан, Тү­рік­менстан, Тәжікстан және Ауған­стан­ға импорттайды.

Бүгінде өз бидайын 35 елге жет­кі­зіп отырған Қазақстан тасымалдау жүйе­сіне де баса назар аударып, көлік-ло­гис­тика саласын әртараптандыру мақ­сатында жүйелі жұмыстар жүр­гіз­ді. Бұл шаралардың нәтижесінде елі­міздің халықаралық нарыққа шығу мүм­кіндіктері молайып, өзінің ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін экспорттауы еселей түсуде. Бұған мысал ретін­де Ақтау, Баку порттарын­да са­лынған астық тер­минал­да­ры­ның қызмет көрсетіп тұр­ға­­нын, Иранға Түрікменстан ар­қы­лы өте­тін темір жолдың да құ­рылысы аяқ­та­луға жақын қал­ға­нын, Қорғас шека­ра­сы ар­қы­лы өтетін темір жол ел мүм­кін­діктерін арттыруда.Осы арада Орталық Азия мем­ле­кет­те­ріне қатысты да бірер сөзге кезек бере кетейік.Жалпы, азық-түлік қауіп­сіз­дігіне Орталық Азия өңіріндегі мем­лекеттер өте сергек қарап отыр. Аймақ елдерінде азық-тү­лік қауіпсіздігі мәселесіндегі түйт­­кілдер түрлі сипатқа ие. Сон­дай-ақ ұқсас тұстары да бар. Олар: теңізге шы­ғатын жол­дың жоқтығы, қоғамдық инс­­­­титуттардың әлсіздігі, кли­мат­тық жағдайдың қатаңдығы, су көздеріне қатысты түйткіл­дер­­­дің болуы. Бұл жерде ас­тық­ты сырттан алатын Қыр­ғыз­стан, Тәжікстан, Түрік­мен­­с­тан, Өзбекстан секілді ел­дер­дегі жағдай халықаралық қо­ғам­дас­тықтың басты назарында тұр.

Қорыта айтқанда, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етуде Қазақстанға артылар жауапкершілік зор. Қазіргі таңда халықаралық қоғам­дас­тық адамзат алдындағы осынау жау­ап­кер­шілікті дұрыс сезініп отырған елі­міз­дің мүмкіндіктерін жоғары ба­ға­лап, үлкен үміт артып отыр. Ал Қазақ­стан ауыл шаруашылығы саласын эко­но­микамыздың драйвері ретінде танып, өз әлеуетін арттыра бермек.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zha-andy-azy-t-lik-tapshyly-y-955502](https://yvision.kz/kk/post/zha-andy-azy-t-lik-tapshyly-y-955502)