---
title: "Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''"
description: "Режиссураға әкелген ұзақ жол және «Аққыздың» хикаясы _____________________________________________..."
author: "Arsik"
published: "2012-10-28T19:05:00+00:00"
modified: "2012-04-03T20:25:18+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-abek-zhetiru-ltty-zhan-d-niesin-sa-tap-alu-244529"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-abek-zhetiru-ltty-zhan-d-niesin-sa-tap-alu-244529/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''

> Режиссураға әкелген ұзақ жол және «Аққыздың» хикаясы _____________________________________________...

*Режиссураға әкелген ұзақ жол және «Аққыздың» хикаясы*

* ***

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/FTxs2lN8sZBssd9oNZu6V8zeQMREei.jpg)

**

*__________________________________________________*

**- Өзіңіз жайлы біраз айтып өтсеңіз, балалық шағыңыз қай өңірде өтті?**

- Жалпы суреткер адам балалық шағында қалыптасады. Айтады ғой: адамның бойындағы ең жақсы қасиеттер ананың сүтімен және алланың нұрымен келеді, - деп. Шынымен де, өскен ортам, тұрған жерім, сол жердің табиғаты, соның бәрі менің суреткер ретінде қалыптасуыма әсер етті. Туған жерім жайында айтар болсам, бұл тарихи жер – мысалы, Қорқыттың қабірі бар, қобызы да тұр. Бір жағымызда космодром орналасқан. Бала кезімізде аспанды тілгілеп ғарышқа ұшқан корабльдерді күнде көретінбіз. Ал екінші жағымызда қарапайым өмір, ата-әжелеріміз. Аталарымыз мал бағып, апаларымыз сиыр сауып дегендей... Жолдың арғы жағында кәдімгі теміржол бізді бүкіл дүниемен байланыстырып жатқан. Күніне нешетүрлі ұлттар, халықтар ағылып өтіп жатады. Соның бәрін біз бала кезімізден көкірегімізге түйіп өстік.** **

Мәдениеттен де қалыс қалмадық. Себебі ауылға мереке күндері кинотеатр келіп, кино көрсететін. Есімді енді біліп келе жатқан бала болуым керек, әпкем қолымнан жетектеп жүр. Сонда кинодан жас жұбайлардың айырылысып кеткенін көріп, үлкен бір тебіреніске түсіп, қиналдым: «Мыналар неге айырылысып кетті?», «Ана баласы қайда қалды?» - деп жан дүнием шыңғырып, қатты қайғырғанмын. Меніңше, сол тебіреністен , сол бастан шеккен сезімдерден шынында да жаныма осы суреткерліктің дәні себілген болу керек. Өз туған жерімде 20 жылдай тұрдым, одан кейін арман арқалап осы Алматыға келдік.

**- Кинорежиссер болу балалық арманыңыз бе еді?**

- Бала кезімде кинорежиссер боламын деп ойлаған жоқпын. Кітап оқып, жазушы болсам, сосын ақын болсам деп армандадым. Бесінші сыныпта өлең жаза бастадым. Ал тоғызыншы сыныптан кейін музыкамен қатты айналыса бастадым да, музыкант боламын деп армандадым.

Кино деген тоғыз өнердің басын тоғыстырған өнер. Режиссер болатын адамның барлығынан хабары болуы қажет: тек қана кино емес, сонымен қатар, өнер, музыка, әдебиет, тарихтан, жалпы қазақтың салт-дәстүрінен. Осы өнердің барлығынан білім іздеп, кинорежиссерлікке тоқталдым.

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/210RaW61MVNnI0r5DPe8ksTwqR27nF.jpg)

**- Қайда оқыдыңыз?**

- Алматыға келгеннен кейін басқа ортаға түстік. Осы кездерде «Қазақфильмге» бардық, ондағы режиссерлермен таныстық. Киноклубтарда кино түсіріп дағдыландық. Сол кезде кинорежиссер болсам деген арман пайда болды. Мектеп бітіргеннен кейін ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыдым, содан соң екі жылдай Жамбыл облысында мектепте мұғалім болып істедім. Қарап отырсам, кинорежиссерлік оқуға түсуге 12 жылдай дайындалыппын. Содан 1991-1993 жылдары Мәскеудің жоғарғы кинорежиссерлер дайындайтын курсында оқыдым. Мәскеуде мені дайын маман ретінде қабылдады. Оқуды деректі фильмдердің сценарисі және режиссері деген мамандық бойынша бітіріп, куәлік алып, 1993 жылдан бастап «Қазақфильмде» жұмыс істеп келемін.** **

**- Кино саласында ұстазыңыз ретінде, үлгі тұтушы ретінде кімді атар** **едіңіз?**

- Өзім итальяндық режиссер Федерико Феллинидың киносын қарап өстім. Италия фестиваліне барғанда ондағылар: «сіздің ұстазыңыз кім?» - деп сұрады. Мен Федерико Феллиниді өзімнің ұстазым деп есептейтіндігімді айттым. Сонда олар фильмдеріме қарап, Филлинидің қолтаңбасын көре алмай тұрмыз деді. Мен оларға: «Жаман шәкірт өзінің ұстазына еліктейді, ал жақсы шәкірт ешқашан да еліктемейді. Қайта өз үйренгенінен басқаша қорытынды жасайды», - деп жауап бергенмін. Осы режиссер маған алынбайтын шың, биік бір Хан Тәңірі сияқты көрінеді де тұрады. Соның деңгейіне, атағына жету, ол көрген құрметтерді көру – менің де мақсатым болып табылады.** **

**- Студент кезіңізде алғаш рет қандай кино түсіріліміне қатыстыңыз? Жалпы, алғаш түсірген киноңыз жайында айтып өтсеңіз ?**

- Мен ешқандай киноның түсіріліміне қатысқан емеспін. Шынымен де қазіргі кинорежиссерлер біреу фильм түсіріп жатса, соның алаңына барып, соның істегендерін істейді. Менде ондай мақсат болған жоқ. Егер баратын болсам, Феллинидің ғана түсірілім алаңына барар едім деп ойлаймын.

Негізі киноны әркім түсіреді ғой. Бұл өзі кез келген адамның қолынан келетін ортаңқол мамандық сияқты көрінеді. Бірақ сол өнерде ізін қалдыратындар санаулы. Режиссер болу үшін біреудің алаңына бару, көру міндет емес. Кино деген сенің жан дүниеңде ғайыптан пайда болып, ақыл мен сезім арпалысып, мыңдаған қортындылардан кейін, екеуі келісімге келгенде әбден пісіп қалыптасқан тұтас бір әлем, одан кейінгі әрекет - соны құбылыс етіп экранға көшіру. Ал қарапайым өмірде болып жатқан нәрселердің барлығы ішіңді пыстырады.** **

**- Қазіргі жастардың көбісі сіздің «Дүниежарық», «Желтоқсан алауы», «Жәңгір хан», «Махамбет» сынды тарихи киноларға зәру, көруге мүмкіндіктері жоқ. Жалпы саны қырықтан асатын деректі кинолардың режиссерісіз, неліктен Қазақстан көрерменіне бұл картиналар әлі күнге дейін жетпей жатыр?**

− Негізі ол фильмдер телеарналар арқылы таралуы қажет қой. Біз кинорежиссер ретінде киноларды түсіреміз, ал оның кейінгі тағдырына жауап бермейміз. Бүгінде әр арнаның өз саясаты бар. Өз аудиториясын көбейту мақсатында олар түрлі блокбастер мен телехикаялар көрсеткенді жөн көреді. Ондай өнімге жарнама беріледі. Мұнда біздің де кемшілігіміз бар. Егер осы фильмдерді дискіге шығарып, дүкендерге қойсақ, оны жастар алып көрер ме еді...

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/WbnP86E4h1l5qKsZ3tJF6maXGn4w4n.jpg)

**- Ал енді сіздің жақында жарық көрген туындыңыз «Аққызға» арнамызды бұрсақ, бұл фильмнің тарихын өз аузыңыздан естісек...**

- Бұндай фильмді түсіру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Себебі бұл халыққа арналған туынды. Қазақ халқының дүниенің пайда болуы туралы мифологиялық көзқарасы негізінде сценарий жазып, оны киноға тарту, әрине, үлкен жауапкершілік. Осы жайында фильм түсірсем деп 5-6 жыл көлемінде ойланғанмын. Бұны қалай түсірсе болады, қалай экранға алып келемін, ол үшін не керек деген сынды мәселелер мені қатты толғандырды, бірақ жауабын таба алмай жүрдім.

Сөйтіп, 2008 жылы «Дүниежарық» фильмі Швейцарияның Фрибург қаласында өтетін халықаралық фестивальға байқауға шақырды, онымен қоса, жаңа жобалар байқауына сценарий жіберуді сұрады. Сол кезде «Аққыздың» алғашқы нұсқасын жазып, ағылшын тіліне аударып, байқауға жібердім. 2008 жылы наурыз айында Фрибург қаласында өткен фестивальге қатыстым. Ондағы француз, швейцар киномамандарымен кездесіп, бірнеше адаммен осы сценарийді талқыладық.Оларға бұл сценарий өте ұнады, кино түсірсе, жақсы кино шығатындығын айтты. Бірақ қаржыландыру мәселесіне келгенде, беретін қаржысы өте аз болып шықты, сол себепті «Қазақфильм» қосымша қаржы табу керек болды.

Алайда «Қазақфильм» де қаржы бөле алмайтындығы жайында айтты. Оларға сценарий да ұнаған жоқ: "бұған кино түсіре алмайсың" – деумен шектелді. Сөйтіп жоба сол күйінде қалды. Бірақ менің осы киноны түсірсем деген ынтам жоғалған жоқ. Одан сайын өрши түсті.

**

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/vl3y2CfFweJ6O63LT76hFpRwwqztow.jpg)

**

**- Сонымен, фильмді өзіңіз түсіремін деп шештіңіз, кино түсіру процессі жайында айтып берсеңіз...**

- Фильм осы Қапшағай көлінің жағасында түсірілді. Негізінен фильмнің тақырыбы бойынша теңіз – жер - адам және табиғаттың бөлінбес бөлшегі – құстар картинаның негізгі объектілері. Теңіздің жиегінде Аружан атты қыз өз шаруашылығымен айналысатын ата-анасымен, ағасымен бірге тұрады. Аружан сұлу, жаны да тәні де таза, өте сезімтал қыз. Оны қоршаған ортада болып жатқан жағдайлар бей-жай қалдырмайды. Аружан табиғатты қорғағысы келеді. Бүкіл жандүниесімен көлдегі құстарды қорғап, олардың жетім қалған балапандарын аялап, оларды аман сақтап қалғысы келеді.

Қазақтың аңызы бойынша, Алла Тағала ең алғаш аққуды жаратқан екен. Аққу ұшып келе жатқанда көкте көгілдір аспан, төсенде тек қана түпсіз терең теңіз болған екен. Қанаты талғаннан соң ол теңізге келіп қонады да, өз жүнін жұлып ұя жасайды, ал ұяға қойнындағы жұмыртқасын салады. Сонда бір жұмыртқа судың түбіне кетіп қалады да, сол жұмыртқадан теңіздегі тіршілік пайда болады. Ал аққудың ұясынан жер, ондағы жұмыртқадан жер бетіндегі тіршілік пайда болады екен. Басты кейіпкеріміз Аружан бұл аңызды білмесе де, ол сол аққу ананың іс-әрекетін қайталайды.

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/2toHIylKgXS6zJGbTj17FdowGaTWi4.jpg)

** **

**

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/dRI6i37QYlhGCP9NL8G93S39847yvd.jpg)

**

**- Актерлерді қалай таңдадыңыз?**

- Бұған дейін түсірген «Дүниежарық» деген фильмімде шалдың немересі болуы керек-тін. Ол рөлге өз қызым Айжанды ойнатқым келген. Бірақ кейін шалдың немересі қыз емес, ұл болуы керек деп шештім, қызымды алып тастадым да, орнына ұлды ойнаттым. Соны қызым біліп, мені киноға түсірмедің, деп бір күн бойы жылады. Мен болсам, шешімімді өзгерте алмадым. Содан кейін қызымның кейінгі іс-әрекеті: «Папа, мені қашан киноға түсіресің?». Сол кезде «Аққыз» фильміне сценарий жазып отырғанда қызымды көз алдыма елестеттім. Айжан сценарийді жазған сайын келіп қарап, оқып, менен сұрайды: «Мен қалай ойнауым керек ?» - деп. Мен аққыздың бейнесіне тән мінезді адамдарды көрсем, міне осындай-осындай деп оған көрсетіп жүрдім. Былайша айтқанда, оған сол әлемнің суретін салып бердім. Содан ол менің жан дүниемде қалыптасқан әлеммен өмір сүріп жүрді. Кішкентай балалар адал, таза ойнайды ғой. «Аққыз» секілді оқиға болмаған шығар, болмайды да. Ондай қыз бұл өмірде жоқ та шығар. Бірақ бұл менің қиялымдағы халқыма әкелген бейне.

**

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/2Nx710u5EtFJBEwB5eMWuJ1iI5smri.jpg)

**

Кинода аққуды түсіру эпизоды да бір қызық оқиға еді, үш рет паркке барып түсірдік, үш ретте де ақау шықты. Содан не істерімді білмей, күні-түні аққуды көктен тілеп жүрдім. Бір күні Қапшағай көліне бір ақ аққу келіп қонды. Мен түсіргенше, бір апта сонда мекен етті. Түсірген күні қанатын жайып ұшты да, кетті. Ғажап!** ** Түсірілім біткенен соң көл жаққа барсам, бір әйел жүр екен, одан: «Көлден аққу көрмедіңіз бе?» - деп сұрасам, ол: « Мен бұл жерде күнде жүгірем. Мұнда ешқашан аққу болған емес» - деп жауап қатты. Бәрі бір қиял ғажайып ертегі сияқты..** **

**- Бұл фильммен көрермендерге не айтқыңыз келді, киноның негізгі идеясы қандай?**

- Бұл біздің ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүріміз бен тарихи сана сезімімізді қалпына келтіру, өшкенімізді жандандырып, өткенімізге құрметпен қарау мақсатымен жасалған дүние.

Мысалы, кинода жүрген үш қарияның біреуі Қарлығаш би, бірі Асан Қайғы, бірі Қорқыт. Егер сен осының барлығын білетін болсаң, киноны түсініп қана қоймай, оны жүрегіңмен қабылдайсың. Өзіңнің фильмде болып жатқан оқиғаға қатыстылығыңды сезінесің. Бұл кино әрбір қазақ баласының жан дүниесін байытып, рухын биіктетеді. Бұл менің жан дүниемнен шыққан жаңа әлем болғанмен, онда айтылған ой - халқымыздың ғасырлар бойы жинаған әдеби мұрасы мен тарихи кейіпкерлерінің іс әрекеті және артында қалдырған ғибратқа толы өмірінен менің түйген қорытындым.

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/LBgRxW1PmeUTfG9C0u9nGaLYxm8M9K.jpg)

**

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/ibr0lGV9u1PjiL7M1qtT7U4h8xSKlk.jpg)

*** *

***''Аққыз'' түсірілімінде жасалған суреттер режиссердің мұрағатынан**** *

* ***- Сыншылар картинаны қалай бағалады?**

- Әзірге, кинорежиссер Ермек Шынарбаев, журналист Ғалия Шымырбай, музыка танушы Сәуле Толғанбаевалар киноға өзінің жоғары бағаларын берді, пікірлері де өте жағымды.****

**- Енді алда қандай жоспарларыңыз бар?**

- Қазір «Желден де жүйрік» киносының сценариын жазған болатынмын. Онда қазіргі заманның кейіпкері – жас жігіт – өзін іздеу жолында түрлі қиындықтарға тап болады, соған қарамастан, адамгершілігін сақтап қалады. Қазір енді соған қаржы іздеп жатырмыз.****

**- Ізбасарларыңызға қандай кеңес бересіз? Болашақ режиссерлерге қандай тілегіңіз бар?**

- Айтар тілегім: қазақша кітап оқыңыздар, қазақтың ауыз әдебиеті мен тарихи аңыздарына көп көңіл бөліңіздер. Адамдармен көп сөйлесіп, әңгімелесіңдер. Себебі, интернеттегі жеңіл нәрселер сізге ешқашан да рухани жүк болмайды. Кино түсірген кезде сен тек өз өмірлік тәжірибеңе сүйенесің. Ол нәрсе сенің басыңнан өтпейінше, сен оны кино қылып шығара алмайсың. Сондықтан да, мен жастардың көбінесе өмірден үйренгендіктерін қалар едім.** **Өзіміздің классиктер, мықты-мықты жазушыларымыз, ақындарымыз бар, соларды оқып, қазақтың музыкасын тыңдап, ұлттық кино жасауға талпыну керек.

Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық қасиеттерімізді ұмытып бара жатқандығымыз шындық. Ол тоқтата алмайтын процесс. Сондықтан да, біз – режиссерлер, ақын-жазушылар ғана ұлттық туындыларымызбен ұлттың жан дүниесін сақтап қала аламыз. Ол үшін жеке тұлға ретінде қалыптасу керек, тынбай еңбек ету керек.

![Жаңабек Жетіру: ''Ұлттың жан дүниесін сақтап қалу''](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/M1T84tB3qvC2Hqd5oAqWJhJ4OLs7rN.jpg)

*Әңгімелескен **Айнұр Ракишева***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zha-abek-zhetiru-ltty-zhan-d-niesin-sa-tap-alu-244529](https://yvision.kz/kk/post/zha-abek-zhetiru-ltty-zhan-d-niesin-sa-tap-alu-244529)