---
title: "Жаңақорған ауданына сапар"
description: "Иә, 2019 жылғы 9-12 мамыр аралығындағы Түркістан және Қызылорда областарына сапар туралы әзілдегенім..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-06-25T14:42:28+00:00"
modified: "2019-06-25T17:37:48+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-a-or-an-audanyna-sapar-835265"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zha-a-or-an-audanyna-sapar-835265/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жаңақорған ауданына сапар

> Иә, 2019 жылғы 9-12 мамыр аралығындағы Түркістан және Қызылорда областарына сапар туралы әзілдегенім...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3d38febb791f69da4ebd8f6a60fdf7.jpg)

Иә, 2019 жылғы 9-12 мамыр аралығындағы Түркістан және Қызылорда областарына сапар туралы әзілдегенім ғой, Түркістан облысын «жырлап болдым», жалпы саны 20 мақала жазған екенмін, әрине, көрген-білгеніңді қағазға түсірген дұрыс деп ойлаймын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c9db49440a922af04f71dea28df9fb.jpg)

Ендігі кезек Қызылорда облысы туралы болмақ. Бірден айтайын, шындығында бір күнім облыстың Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралауға, оның тарихымен, жерімен, ескерткіштерімен, табиғатымен, адамдарымен танысуға кетті. Екінші күні тиісінше Қызылорда қаласында болдым.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/128b26cadf2605ecc814313adc6f73.jpg)

Сонымен, 11 мамыр күні таңертеңгі шаруаларымды ыңғайлап және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін аралап болған соң, автовокзалдан Жаңақорған кентіне жол тарттым.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3258ae97c5609b81fb3380e24c8010.jpg)

Негізі, автобус жүреді екен, бірақ таксиге отыруды жөн көрдім, автобустан гөрі такси ыңғайлы ғой, екіншіден автобус сияқты емес такси жүргізушісіне айтып, тоқтайтын жеріңде тоқтауға болады, суретке түсіруге де ыңғайлы дегендей.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/4089be45aec63a8cb903a2b5b10bd6.jpg)

Көлігіміз жүйткіп келеді, Шымкент-Самара трассасының бойы, жол керемет, өте ыңғайлы, бұл Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолының бір бөлігі. Әне, кеше ғана кешке барып, тамсанып кеткен Сауран қаласының қамалдары, жұрты көрініп тұр, негізі Сауран екі облыс шекарасында орналасқан.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ec542d74d4d41c216031ad2c3352a8.jpg)

Түркістаннан шыға бере жол бойындағы жеміс-көкөніс егілген алқаптарға қарап келемін. Сөйтіп, далаға бір қарап, көршілеріммен таныса отырып Жаңақорған кентіне де жетіп келдік. Аудан орталығы салыстырмалы түрде Түркістан қаласына шақын, аралығы шамамен 90 шақырым. Жаңақорғанда мені күтіп отырған болатын. Тұрақты байланысқа шығып отырдым.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/21de1e1c4dc77b24243d444f5bca6b.jpg)

Негізі, Жаңақорған ауданы әкімі Ғалым Махмұтбайұлы Әміреев мырзамен кезінде Индустрия және сауда министрлігінде қызметтес болған едім. Сондықтан, ауданның туризм және тарихи ескерткіштерге қатысты мамандары мен басшылары күтіп алып, өңірдің қызықты нысандарын көрсетіп, алып жүрді. Ол үшін әрине, рахмет!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/d01a9b5f78d9933398bcb65a963016.jpg)

Енді, Жаңақорған ауданы туралы деректер бере кетейін. Бұрын аудан туралы мәліметім мардымсыз болатын, бар білетінім Жаңақорған шипажайы, аудан орталығының бұрын Яныкурган деп аталуы, оның Қоқан хандығы дәуіріндегі қамал, кейін Ресей империясы бекінісі болғаны және аудандағы бірнеше ескі қамалдар және т.б. ақпарат.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/dccb1e720bc5334ef669fe0d6dcad0.jpg)

Әрине, сапарға дайындық барасында аудан туралы, оның ерекшеліктері туралы мөп мәліметті қарадым.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/55d2d5afd701e5def4b4f2b83c1681.jpg)

Бұл ретте, менің қызығушылығымды тудырған мына нысандар болды. Сығанақ – Ақ Орданың астанасы болған тарихи қаласы, аудан орталығынан қашықтығы 40 км., Көккесене – Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршынның кесенесі, аудан орталығынан қашықтығы 34 км., Қатын Қамал – Қаратау тауындағы ежелгі үңгір, аудан орталығынан қашықтығы 40 км., Таңбалы Тас – Қаратау тауындағы Бесарық өзенінің шатқалы, ежелгі адамдардың жазған петроглифтері, аудан орталығынан қашықтығы 90 км., Ақтас - Айқожа кесенесі, аудан орталығынан қашықтығы 65 км., Құмиян – тарихи қала, аудан орталығынан қашықтығы 75 км., Өзгент – тарихи қала, аудан орталығынан қашықтығы 25 км., Төлегетай – Қылышты Ата кесенесі, аудан орталығынан қашықтығы 25 км. және Қорасан кесенесі, аудан орталығынан қашықтығы 30 км.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/16485032b2a2d9449dca058a4be5bf.jpg)

Бұдан өзге, Жаңақорған ауданында Қарасопы, Құрбан Ата, Сунақ Ата кесенелері, Ақтас мешіті сияқты тарихи-мәдени ескерткіштер де бар екен. Құм астында қалған Аққорған, Ордакент сияқты ежелгі қалалардың өзі неге тұрады?!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/aaedab2cedf219577501670e344a5f.jpg)

Бір жағынан оның Түркістан сияқты шаһарға жақындығы да әсер еткен болар, екінші жағынан Сыр бойын жоғары өрлей берсеңіз, әлі талай ғажайып кешендерді, табиғат кереметтерін көруге болады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/bb5fd15ce5a6919e82463ea1020567.png)

Өкінішке орай, бәріне бірдей бара алмадым, оған әрине уақыт та тығыз еді, бірақ аудан өз аумағындағы бірегей ескерткіштермен шын мәнінде мақтана алады, айналып келгенде, Жаңақорған жұртының дәл осындай кешендерімен Қазақстанның қай ауданымен болса да терезесі тең түсер еді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/86b738299289815f4db587047b4e70.jpg)

Ең өкініштісі, туристік мақсаттағы нысан – Жаңақорған шипажайына жете алмадым, тағы жол түсер. Бірақ, аз уақытта аудан аймағындағы едәуір нысандармен танысуға мүмкіндік алдым.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c9a391c3f5214746f110bf2a71617b.jpg)

Шынында, Жаңақорған жері әуелден киелі, әулиелі жер болған соң, қазақтың талай белгілі тұлғалары шыққан, мына тізімге қарап көріңізші: Исатай Әбдікәрімов, Сұлтан Сартаев, Оңалбек Сапиев, Сейілбек Шауқаманов, Қалтай Мұхамеджанов, Дүкенбай Досжан, Тынымбай Нұрмағамбетов, Жадыра Дәрібаева, Мәлібек Жандарбеков, Төлепберген Әбдірәшев, Мұхтар Әлиев, Бірлесбек Алдияров, Қалила Омаров, Әнуар Әбутәліпов және өзге да қазақ халқының танымал тұлғалары Жаңақорған жерінде туған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/7f8cd6509d6a68f6e81f8d845674a9.jpg)

Жаңақорған елінен өткен ғасырларда жүрек жұтқан батырлар да (мәселен, Қожамберді батыр), оқымысты дін ғұламалары да (мысалы, Хисамиддин Сығанаки), кейінде күйші Әлшекей Бектібайұлы, ақын Құлан Алдабергенұлы, әнші-жыршы Құтбай Дүрбайұлы да шыққан, Жаңақорған жұрты қоғам қайраткерлері С.Сапарбековтің, Н.Төреқұловтың, Б.Аралбаевтар туып өскен өңірі. Жаңақорған халық ақыны Манап Көкеновтың, академик-ғалымдар А.Ильялетдинов, Ә.Бақтыбаев пен А.Ержановтардың және ақын-жазушылар Ж.Қыдыров пен С.Мұхтарұлының да елі.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c3e13bc60d521e6f870d3c8fd5e051.jpg)

Бұл тізімді әлі де жалғастра беруге болар. Әрине, Жаңақорған өскен, өнген жер. Мысалы, аудан халқының саны 82 815 адам, Жаңақорған кенті тұрғындарының саны 30 мыңға жуықтайды екен. Сәйкесінше, кейінгі бір постымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке тоқталармын деп ойлаймын, сондықтан, өзімді қызықтаратын тақырып – туризм, руханият, тарих саласы бойынша қосымша ақпаратты жеткізуді жөн көрдім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/509da12ad3e4a31d3b395d36e4920c.jpg)

Мысалы, Қызылорда облысында 550-ден астам ескерткіш бар болатын болса, оның 145-і археологиялық, 400-ден астамы сәулет және қала құрылысы, 21-і республикалық маңызы бар ескерткіштер екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/9b736770a75086a2e7979250f95d57.jpg)

«Жаңақорған тынысы» газетіне берген сұхбатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі маманы Ажар Ахметованың айтуынша, аудандағы 43 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/59bbe0b6a18a41fd56a124bd436614.jpg)

Оның ішінде Ақтас мешіті, Айқожа Ишан кесенесі, Қарасопы кесенесі, Сығанақ қалашығы республикалық маңызда болса, Қорасан Ата, Қылауыз Ата, Қасым Ата кесенесі, Төлегетай, Қылышты Ата ескерткіш кешені, Қойлақы Ата басындағы ескерткіш тас, Аққорған мазары, Аққорған қалашығы, Жалаңаш Ата кесенесі, Құмиян және Өзгент қалашығы, Көккесене сағанасы, бұрынғы орыс-қазақ мектебі, Жаңақорған темір жол стансасының үйі, Бесарық және Төменарық су қыспақты мұнарасы, Бесарық пен Майдамтал шатқалындағы жартасты бейнелер жергілікті маңызға ие.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a3ea4a38a15f196f3618ffba9ca17f.jpg)

2010 жылдан бері Сунақ Ата, Бақсайыс Ата кесенесі, Қарасопы кесенесі жанындағы мешіт, Сығанақ қалашығы жанындағы мешіт, Төменарық пен Бесарық стансаларының үйлері, кент орталығындағы Жеңістің 50 жылдығына арнап орнатылған ескерткіш, ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін орнатылған белгі мен Қатын-Қамал үңгірі, Исатай Әбдікәрімов мүсіні мен А.Романов мүсіні облыстық маңызға ие.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f4aeb9d1febafd8a1976901861afa8.jpg)

Ал, 2017 жылдан бері Мейрамтөбе, Келінтөбе, Абызтөбе қалашықтары мен Балапантөбе, Асарық қонысы, Көкен батыр мүсіні, Үш Ата кесенесі алдын-ала есепке алынған тізімде тұр. 2019 жылдың ұсынысы бойынша Манап Көкенов мүсіні, Қожамберді батыр ескерткіші, Ордакент қалашығы алдын-ала есепке алынып, тарихи-мәдени ескерткіштер қатарына ұсынылған. Мемлекеттік тізімге енген 33 ескерткіштің төлқұжаты заңдастырылып, қорғау тақтасы орнатылыпты. Тиісті орынға бақылау жасау үшін кент және ауылдық округ әкімдіктеріне бекітілген. Аудан бойынша 3 киелі жер «Жалпыұлттық қасиетті орындар» тізіміне енсе, 4 нысан «Өңірлік маңызы бар қасиетті орындар» ретінде бекітілген екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a35f8d49f28f10b9a31e1caccbaa2c.jpg)

Туризм нысандарына қатысты айтатын болсақ, ол әрине Жаңақорған шипажайы, одан өзге, өңірдің мынадай туристік нысандары да белгілі. Олар - бірінші, Қойнауы құтқа толған Қаратау. Тау бөктері қып-қызыл қызғалдаққа малынып, көз жанарын еріксіз баурап тұр. Төскейінде төрт түлік асыр салып, жасыл шөпке аунап-қунап жатыр. Әсіресе, Үсен бауы күн ысып, жеміс піскенде таптырмайтын жұмақ мекен деседі. Жемісі жерге шашылып, ағаштары жанға сая болады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/cd0cb1d5e3b713542e614ad40043ca.jpg)

Екінші, Сырдария жағалауы. Судың аққан сылдыры мен мөлтілдеген мөлдірінен терең ой алып, қуаттанатын шығармашылық адамдар үшін керемет орын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/1efc3d22ae7f7279f645d3ead8b590.jpg)

Үшінші, Сарыағаш суынан кем түспейтін – Апанқақ. Түгіскен массивіне қарасты жерде орналасқан минералды су 800 метр тереңдіктен атқылап шығып жатыр. Бұл - өте таза су, ыстық және құрамында сынап пен йод бар. Сондықтан да, түрлі аяқ-буын, суық ауруларына ем. Алайда, жолдың нашарлығынан аталмыш мекенге бару едәуір қиындық туғызады. «Барар жолы дұрысталса, нағыз туризмнің көзіне айналар қасиетті мекен болар еді» дейді «Жаңақорған тынысы» газетінің қызметкері Ханзада Дошан қарындасымыз.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/862dbee1e26b6d5a605242b0fd3cdc.jpg)

Төртіші, Ақтастағы атақты су. Айқожа-Ишан кесенесі орналасқан қасиетті мекенде Алланың құдыретімен жерден атқылап шыққан су қақаған қыста да шомылған адамды тоңдырмайды. Әсіресе, тері ауруларына пайдасы көп. Бірақ, мұндай киелі суларға жуынатын химиялық заттарды қолдануға мүлдем болмайды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/769914b6ccbd731c5496d5d0b9a98f.jpg)

Қысқаша, айтқандай, өңірдің басты тарихи және туристік нысандары осындай, сәйкесінше, мен үшін қызықты ескерткіштер – Қорасан Ата кешені мен Төлегетай-Қылышты Ата ескерткіш кешені және осында өз көзіммен көрген ежелгі лауқа туралы да таратып жазамын деп үміттенемін. Бастысы, сапар сәтті өтіп, Жаңқорған елінің қонақжайлығына разы болдым. Cуреттер http://www.zhanakorgan.gov.kz/ сайтынан алынды!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zha-a-or-an-audanyna-sapar-835265](https://yvision.kz/kk/post/zha-a-or-an-audanyna-sapar-835265)