---
title: "«Жүз жылдық махаббат» қойылымы"
description: "Жақында ғана қазақ театрының «әсірелеуі көзге ұрады, мүлдем ұнамайды» деген пікірмен келіспей, оның..."
author: "MeruyertSarsebayeva"
published: "2015-12-14T00:46:23+00:00"
modified: "2015-12-14T05:57:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-z-zhyldy-mahabbat-oyylymy-667914"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-z-zhyldy-mahabbat-oyylymy-667914/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Жүз жылдық махаббат» қойылымы

> Жақында ғана қазақ театрының «әсірелеуі көзге ұрады, мүлдем ұнамайды» деген пікірмен келіспей, оның...

![«Жүз жылдық махаббат» қойылымы](https://storage.yvision.kz/images/user/meruyertsarsebayeva/C8gViOrNDpQhvSyG037JMUpmH5rJ9c.jpg)

Жақында ғана қазақ театрының «әсірелеуі көзге ұрады, мүлдем ұнамайды» деген пікірмен келіспей, оның ешқандай театрдан кем емес екенін дәлелдеп әлек болған едім. Өкінішке орай қазір сол пікірмен келісуге мәжбүрмін. Себеп - Әуезов театрындағы Мағжан Жұмабаев пен оның әйелі Зылиха туралы «Жүз жылдық махаббат» қойылымы. Жаңа маусым премьерасы деп, кішігірім жарнамасын көріп, қызықты кеш болады деп жорамалдап едім. Ойым мүлдем жүзеге аспады.

Бірінші түсініксіз мәселе - терезелер реті. Бұл үйдің қабаттары қалай орналасқан деген сұрақ қоюға мәжбүрлейді. Бірінші акті толығымен бір бөлмедегі екі адамның әңгімесі. Ешқандай әрекет жоқ. Екінші актіде әрекет көп, бірнеше мәрте декорация ауысты, сахнаға «Мағжан» шықты. Бірақ соған қарап отырып, одан да бірінші актідегі ешқандай әрекетсіздіктің дұрыс шыққанын мойындаймын.

![«Жүз жылдық махаббат» қойылымы](https://storage.yvision.kz/images/user/meruyertsarsebayeva/uOYhWsDBhA0RAFV9x8MUpFHik7tpRM.jpg)

Мүлдем түсініксіз, бір-біріне қатысы жоқ оқиғалар. Бір мысал: мейрамхана, бір топ кісі кезектесіп Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқып жатыр, арасында автордың өзі де бар. Араларындағы екі әйел Мағжанға ғашық екендерін *бар түрлерімен* көрсетіп тұр. Бір мұртты кісі орынан тұрып, өзінің бас қаһарманға қарсы екенін көрсетеді де, тез шығып кетеді. Екі минут өткеннен кейін қайта келіп Мағжанды дуэльге шақырады. Неге? Түсініксіз. Қызғаныш сезімін тудырған әйел ренжіген ілтипат көрсетіп, мұртты жігіттің алдына келіп, *шляпасының торын бетіне түсіреді де қайтадан бұрылып тұрып алады*. Неге? Түк түсінбедім. Келесі сцена – Мағжан Зылихаға келеді де, үйленуді ұсынады. Зылиха Мағжаннан қашып, үйдің ішінде *терезе артына тығылып қалады*. Сосын үнді фильмі стилімен «Сүй, жан сәулем» өлеңі мен түсініксіз би. Неге? *Бәріне шарап ұсынатын* НКВД қызметкері не істеп жүргені де түсініксіз.

Бір сөзбен айтқанда - бүкіл қойылым тек сұрақтардан тұрады. Керемет ашуға, көрсетуге болатын оқиғаны осындай қалыпқа келтіргені өкінішті. Махаббат тақырыбы мүлдем ашылмаған, бар мақсат – Мағжанның талай «жүректі жаралағанын» көрсету керек болған сияқты.

![«Жүз жылдық махаббат» қойылымы](https://storage.yvision.kz/images/user/meruyertsarsebayeva/41Tn5JuV0l6Hfio0cQIYlR97vFG6uP.jpg)

Мен театр сыншысы емеспін, тек қарапайым көрермен пікірі деп түсініңіздер. Ұнаған тек екі нәрсе бар: сол замандағы зиялы қауым туралы көпшілік біле бермейтін бірнеше дерек айтылады және Мағжанның өлеңдері көп оқылады.

PS Қандай қойылымға баруға кеңес бересіздер? Қалған әсерден арылу үшін міндетті түрде жақсы қойылымды көру керек.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zh-z-zhyldy-mahabbat-oyylymy-667914](https://yvision.kz/kk/post/zh-z-zhyldy-mahabbat-oyylymy-667914)