---
title: "Жәй ғана теңеу"
description: "Мен біраз жылдан бері есепші болып жұмыс істеймін. Және менің есепшілік тәжірибемнің көп бөлігі құнд..."
author: "begimk"
published: "2018-03-05T18:17:58+00:00"
modified: "2018-03-05T18:37:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-y-ana-te-eu-798690"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-y-ana-te-eu-798690/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Жәй ғана теңеу

> Мен біраз жылдан бері есепші болып жұмыс істеймін. Және менің есепшілік тәжірибемнің көп бөлігі құнд...

Мен біраз жылдан бері есепші болып жұмыс істеймін. Және менің есепшілік тәжірибемнің көп бөлігі құнды қағаздармен айналысумен өтті. Сол тәжірибеме сүйеніп, адамның екінші жартысы(вторая половинка) мен құнды қағаздар арасында мынандай теңеу жасамақшымын.

Кез-келген үлкен компания өз есебін Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары бойынша жүргізу керек. Сондай стандарттардың бірі құнды қағаздар туралы. Сол стандарт бойынша құнды қағазды өз инвестициялық портфеліне сатып алған компания, ол құнды қағазды төмендегідей үш категорияның біреуіне жатқызу керек:

1) амортизацияланған құны бойынша есептелетін немесе өтеуге дейін ұсталатын құнды қағаздар. Бұл категорияға компания сатуға арналмаған, яғни мерзімі біткенше ұстайтын құнды қағаздар кіреді. Әрине сатуға болады, тек өте сирек, жәнк бұл категориядағы құнды қағаздардың компания үшін нарықтағы бағасы маңызды емес, себебі олар амортизацияланған құны бойынша есептеледі;

2) басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құны бойынша есептелетін немесе сату үшін қол жетімді құнды қағаздар. Бұл категорияға компанияға қаражат керек кезде немесе нарықтағы құны өскен кезде сатуға қол жетімді құнды қағаздар кіреді;

3) пайда немесе залал арқылы әділ құны бойынша есептелетін немесе сатуға арналған құнды қағаздар. Бұл категорияға нарықтағы құны өскенде/төмендегенде сатып, пайда табуға болатын, және жоғарыдағы екі категорияның біреуіне де кірмейтін құнды қағаздар кіреді.

Компания қай құнды қағазды қай категорияға жатқызатынын (әрине басқа да қосымша шарттар бар, бірақ осы пост үшін оның маңызы жоқ) өзінің қаржылық активтерін басқаруға арналған бизнес-моделіне сәйкес шешеді.

Ал енді салыстыру:

1. Компания - адам (мен,сіз, ол);

2. Құнды қағаз- екінші жарты (менің,сіздің, оның);

3. Бизнес-модель-екінші жартымен байланысты мақсат;

4. амортизацияланған құны бойынша есептелетін немесе өтеуге дейін ұсталатын құнды қағаз - еш бір кемшілігіне мән бермей, ешкіммен салыстырмайтын (себебі салыстырғаннан пайда жоқ), өмірдің соңғы күндеріне дейін бірге болатын екінші жарты;

5. басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құны бойынша есептелетін немесе сату үшін қол жетімді құнды қағаз - маңызды, бірақ бір нәрсесі ұнамай қалса, тастауға қол жетімді немесе басқалармен салыстырғанда көңілден шықпай қала беретін екінші жарты;

6.пайда немесе залал арқылы әділ құны бойынша есептелетін немесе сатуға арналған құнды қағаз - кез-келген уақытта тастауға арналған екінші жарты.

Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттары бойынша құнды қағазды бір категориядан екінші категорияға ауыстыруға болады, тек ол ауыстыру компанияның бизнес-моделі ауысқанда ғана және ол ауысу жиі болмауы керек.

Ал сіздің жартыңыз қай категорияға жатады? :)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zh-y-ana-te-eu-798690](https://yvision.kz/kk/post/zh-y-ana-te-eu-798690)