---
title: "“Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”"
description: "Бүгінгі кейіпкеріміз - Есбол Шаңбаев, қазақтың дәстүрлі ән айту өнерін жетік меңгерген жас талант. Е..."
author: "Arsik"
published: "2012-10-28T05:25:00+00:00"
modified: "2012-03-20T21:52:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-rekti-tebirentip-ishti-zhylytar-240827"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-rekti-tebirentip-ishti-zhylytar-240827/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# “Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”

> Бүгінгі кейіпкеріміз - Есбол Шаңбаев, қазақтың дәстүрлі ән айту өнерін жетік меңгерген жас талант. Е...

*Бүгінгі кейіпкеріміз - Есбол Шаңбаев, қазақтың дәстүрлі ән айту өнерін жетік меңгерген жас талант. Есболдың өнері жайында жазғаннан гөрі, көрсеткен дұрыс деп, төмендегі видеомен бөлісуді жөн көрдік. Сонымен қатар, жас әншіні әңгімеге тартып, дәстүрлі ән төңірегінде сыр бөлістік.*

* *

**- Өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз. Туған жеріңіз, отбасыңыз...**

- Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келгенмін. Сол жерде ер жеттім, білім алдым. Алғаш Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық пед.колледжде «Ұлттық аспаптар» мамандығы бойынша оқыдым. Оқуымды бітіргеннен кейін білімімді жалғастыру мақсатымен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түстім. Қазір «Халық әні» бөлімінде оқимын. Бұйыртса, осы жылы бітіргелі жатырмын.

![“Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/oHFxK7IL9xwrE5S62xK5L3G7O21yUv.jpg)

**- Бүгінгі күні жастардың көбі эстрадаға кетіп жатқанда дәстүрлі әнді неге таңдадыңыз?**

- Заманның талабына сай көп жастар қазір эстрадаға кетіп жатыр. Эстрада мен халық әнінің арасы екі бөлек дүние. Менің қаным қазақ болған соң, жаным мен жүрегім осы дәстүрлі әнге қарай бет бұрды. Қазақтың ұлттық өнерін өте жақсы бағалаймын және бәрінен де биік қоямын. Кішкентай кезімде домбырамен ән айтқан кісілерге қарап отырып, соларға қызығатынмын. Мен де осындай әнші болсам деген ой болатын. Ол менің балалық арманым еді, кейіннен өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті.

**- Қанша жасыңыздан бастап киелі өнердің тұтқасын ұстадыңыз?**

- Балабақшадан бастап ән айтатынмын. Сол кезде жаңадан шығып жатқан «Алтайдың ар жағынан келген ару» деген ән болатын, соны маған тәрбиешілерім әрдайым тамақтанар алдында айтқызып қоятын. Кейіннен мектепте де белсенді болдық. «Әнші балапан» сынды байқауларға қатысып, солардан бірінші орындарды алып жүрдім. Ал жалпы домбыраны алтыншы сыныпта қолыма алдым. Ең алғашқы ұстазым Абдалиева Мәдина деген кісі болды. Сол кісіден көп нәрсе үйрендім.

![“Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/2EH18X7Fyh20N2iz44ypyz5Bv8740G.jpg)

**- Бүгінде қай биікті бағындыра алдыңыз?**

- Жетістігім аз-маз болса да, Алланың бұйырғаны. Бүгінде Қазақстан Ұлттық телеарнасындағы «Сегіз қырлы» атты әншілер байқауының бас жүлдегерімін. 2011 жылы болған алтыншы «Шырқа даусым» атты Кенен Әзірбаевтың байқауында екінші орын иегерімін. Қаламызда ЖОО-ның арасында өткен «Жас жұлдыз» жастар фестиваліне қатысып, бірінші орынды қанжығама байладым.

**- Қазіргі таңда қоржыныңызда қанша дәстүрлі ән бар?**

- Бүгінде үш жүзге жуық дәстүрлі әнді орындаймын. Ұстазым Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ардақ Исатаева Арқадан болған соң, көбіне Арқаның әндерін айтамын. Жетісудың да әндерін жиі орындаймын. Ән қоржынымды толықтыру үстіндемін. Қазақтың көзге көрінбей, мұрағаттарда шаң басып жатқан дәстүрлі әндері қаншама, алдағы уақыттарда сол әндерді тыңдарман қауымға қайта қауыштыратын боламын. Барлығы Алла еншісінде, бұйыртса.

![“Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/44fy36C7Ur9N3tt8cFmfXJXuxl7P9G.jpg)

![“Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/6Jy848z7p42ZrZuEEox5dN3mR8s7Wh.jpg)

![“Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/S5J3imLY5UuLwWizIQrYWSyMOxCItB.jpg)

**- «Кеш жарық» бағдарламасында эстрада мен дәстүрлі әншілердің әндерін алмастырып, жарыстырып жатыр, бұған көзқарасыңыз қалай? Қай жақ басым түсіп жатыр деп ойлайсыз?**

- Бұндай бағдарламалардың болғаны дұрыс. Бірақ дәстүрлі ән мен эстраданы қосып қойғаны келіңкіремейтін сияқты. Неге десеңіз, дәстүрлі әннің ауқымы өте кең. Шарықтатып тұрып, ұзартып тұрып ән айтатын дәстүрлі әншіге эстрада әнін айтқызып, оны бір шаршыға сыйдырып тастайды. Сол кезде олар өз мүмкіншілігін көбіне көрсете алмай қалып жатады. Ал эстрада әншілері дәстүрлі әндерді айтатыны қарынды аштырады. Қай жағынан алып қарасаңыз да, әнді айтуы да, домбыра тартысы да көңілге қонымсыз.

**- Алда ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі келе жатыр, мейрамды қалай қарсы аласыз?**

- Наурыз өзіміздің төл мерекеміз, жаңа жылымыз ғой. Оны консерваториямыздың қабырғасында қарсы аламыз. Осында түрлі концерттер ұйымдастырылады, сонда өзіміздің өнерімізді көрсетіп, өзгелердің өнерін тамашалаймыз.

**- Ұлттық ойындарымыздың қай түріне жаныңыз жақын немесе әуесіңіз басым?**

- Жігіт болғанан кейін, өзім қатысып көрмесем де «Көкпарға» өте қатты қызығамын. Сонымен қатар «Аударыспақ» деген ұлттық ойнымызды ерекше ұнатамын.

**- Әжелеріміз дайындайтын наурыз көжедегі жеті дәмді білесіз бе?**

- Менің білуімше ет салады, сосын айран қосып, күріш салады... Шынымды айтсам, ұмытыңқырап тұрмын.

![“Жүректі тебірентіп, ішті жылытар...”](https://storage.yvision.kz/images/user/arsik/8WAO1LlTIu4KHRkJ2749YvYZZb8mV5.jpg)

**- Ертедегі қазақ жастары наурыз түнін қарсы алатын. Онда алтыбақан аясында қыз бозбалалар ән салып, алты бақан тебетін болған. Бүгінгі заман ұрпағы кешегіні қалай жаңғырта алады деп ойлайсыз?**

- Бұл өте қиын сұрақ. Өйткені наурызды біз қанша дайындалып, күтіп жүргенімен, ресми түрде өткіземіз де қоямыз. Ал 31 желтоқсанды кәдімгідей жарқыратып тұрып қарсы аламыз, отшашу атамыз. Неге өзіміздің жаңа жылымыз Наурызды дәл солай жасамаймыз? Түнгі он екіде өзіміздің жаңа жылымызды отшашумен қарсы алмаймыз? Наурызды жастар үлкен ауқымда қарсы алуы үшін, менің ойымша, оған бірінші жастарды қызықтыратын қолдау керек.

**- Дәстүрлі әншілеріміздің жұлдызы неге жанбай келеді? Тыңдайтын құлақ аз ба? Болмаса, сіздердің құлшыныстарыңыз жеткіліксіз бе?**

- Өйткені дәстүрлі әнді насихаттау аз. Дәстүрлі әнді де, әншілерді де елге танытып жүрген «Сегіз қырлы», «Саз толғау» деген бағдарламалар бар еді. Жақында оларды да жауап тастады. Басты мәселе осы насихаттауда болып тұр. Егер телеарналардан көптеп беретін болса, дәстүрлі әнді халық тыңдамайды емес, тыңдайды.

Дәстүрлі ән эстраданың көлеңкесінде қалып бара жатыр дейтіндер де бар. Бірақ мен оған келіспеймін. Қазақтың қанында бар нәрсе еш уақытта өшпейді. Керісінше қайнап, одан сайын күшейе түседі.

*Материалды дайындаған:*

***Айнұр Ракишева, Айжан Кәрібаева***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zh-rekti-tebirentip-ishti-zhylytar-240827](https://yvision.kz/kk/post/zh-rekti-tebirentip-ishti-zhylytar-240827)