---
title: "...Жүрегімді іліп қойдым көрмемде..."
description: "Ақберен Елгезек поэзиясы - көгілдір аспандай тұңғиық , көрікті келбеттей албырт, теңіздей терең м..."
author: "Dina_Yelgezek"
published: "2018-01-25T15:37:40+00:00"
modified: "2018-01-25T15:37:40+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-regimdi-ilip-oydym-k-rmemde-794068"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zh-regimdi-ilip-oydym-k-rmemde-794068/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# ...Жүрегімді іліп қойдым көрмемде...

> Ақберен Елгезек поэзиясы - көгілдір аспандай тұңғиық , көрікті келбеттей албырт, теңіздей терең м...

Ақберен Елгезек поэзиясы - көгілдір аспандай тұңғиық , көрікті келбеттей албырт, теңіздей терең мәрмәр толқын ойлы, көркемдігі сұңғақ , сөздері ғажайып . Өлеңдерін оқи отырып, ақынның өрнекті сөздері сұлу сөйлеуге әуестік емес, эстетикалық сезімнен, образды ойдан , айналадағы құбылыстарды суреткерше қалыдаудан туған. Мұны өлеңдерін оқи отырып, көз жеткізе аламыз. Ақынның өзі «Жүрегімді іліп қойдым көрмемде!» -дегендей, өлеңдерінен аңқылдаған ақын мінезі мен болмысын танимыз. Талантты ақын Ақберен Елгезектің өлеңдеріндегі метафоралардың қолданылу ерекшеліктерін ой елегінен өткізе отырып, сараптама жүргізе отырып, шағын зерттеуімді оқырмандар назарына ұсынбақшымын. Метафораның лингвистикалық табиғаты, оның ұлт тіліндегі танымдық қызметі мен ғылым тіліндегі маңызы туралы тіл біліміндегі ғалымдардың еңбектерінде кеңінен түсінік беріліп, зерттеліп жүр. Метафора – ұлттық тілдегі өзіндік күрделілігі бар, әр түрлі ұлттық бояуға қаныққан категория. Метафора (грек metaphora – ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы.Метафораны сөз өнері (поэтика, риторика), эстетика, логика, философия, тіл (стилистика, лексикология, психолингвистика) ғылымдары зерттейді. Метафора – жалпы әмбебаптық сипаты бар құбылыс. Ал ақындар қолданысында метафора ұлттық дүниетанымға, ақынның поэзиясындағы стиль табиғатына тән ерекшеліктер мен өзіндік бояуды көрсететін көрінісі секілді. “Метафора табиғатында жұмбақтылық бар” –деген екен Аристотель. Енді сол жұмбақты шешіп көрейік.Ақынның «Тілек» деген өлеңінің өн бойында метафоралар сап түзегендей екен. Мысалы: Сирень болып аңқып тұршы, Балқып тұршы болып түн... Көктем болып тынысташы, Күлімдеші көктем боп. Орман болып тербетілші, Мен тербейін болып жел. Жұлдыз болып жерге күлші, Мен жылайын болып жер!

Осы жолдардағы Сирень, көктем, орман, жел, жұлдыз- бәрі жалаң метафоралар. Ақын қолданысындағы бұл балаулар сөздердің дәлдігін, анықтығын, жайнақы,ойнақылығын керек етумен қатар, айтайын деген ой-пікіріне оқушыларының шәк келтірместей етіп сендіруіне ықпал етіп тұр. . Ол үшін әр балама өмір шындығына дәл келіп , сонымен қатар айтайын деген ойды көркем жеткізу де айту негізгі шарттың бірі болып отыр.Осыған қарап оқырман қиял арқылы ақын жыр арнаған кейіпкердің келбеті мен ақын жүрегінен алар орныны пайымдай алады. Ақын екі нәрсенің қасиетін бір-біріне ауыстырғанда бұл «сол, соның өзі» деп кесіп айтады да, оқырманның сенбеуіне, шәк келтірулеріне жол қалдырмайды. Сондықтан метафора поэтик тілдердің басқа түрлеріне қарағанда, ой-сезімге тікелей әсер етеді. Теміржол вокзалы – қоштасу алаңы, Тағдырдың мазағы – аспанның амалы... Бейтаныс жолаушы – бес күннің қонағы.. Көкжиек жолағы – орамал алқызыл... Тағы да күдіктер – қуақы түлкілер... Осы жолдардағы берілген метафоралар оқырманды ой жетегіне қарай ала жөнеледі. Екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қою үшін келтіріліген мысалдарда ақын кейде бір нәрсені екінші нәрсеге тікелей балау жасағандығы байқалады. Сөз өнерінде метафораның символикалық, эмоционалдық ерекше мәні бар. Ақберен өлеңдеріндегі “жанымның мұнарасы”, “жаның нұр, тәнің гүл ”, “ сатйансың ба, перісің бе бәрібір” деген метафоралармен қатар дәстүрлі қолданыстағы метафоралар кездеседі: қара шашың – қара теңіз толқыны, қарашығың – мен адасар жол түбі… Сонымен қатар бұлар күрделі метафоралар қатарына жатады. Келтірілген мысалдар ақынның өзіне шейінгі әдебиеттердегі поэтик тілдердің бар үлгілерін толық меңгеріп, әртүрлі өмір құбылыстарын суреттеуде оны өз керегіне жарата алғандығын көрсетеді. Екінші, осы үлгілерді меңгере отырып, Ақбереннің өзінің де әдебиетке кіргізген жаңа метафоралары аз емес. Оған мына жолдардағы метафоралар дәлел бола алады: Бесік-кеудем тербетер әлсін-әлі, Мұң-баланы жүрекке құндақталған. Сұрақтар – жаулары ойлының, Махаббат ойнайды құлымен. Қос рельс - домбыра ішегі, Күй ойнар, бір мұңлы, бір түрлі Ойды әсерлі жеткізу мақсатында осындай метафора қолданылған.Бұл Ақберен өлеңдеріндегі тың метафоралар қатарында, яғни аөынның өзіндік қолданысындағы ерекшеліктер. Нәресте боп іңгәлайтын бейуақта, Шайтан болып ыңырситын аулақта. Қыз болып та қымсынатын, тосылып. Бұлт болып та аунақшитын зәу-көкте, Ай нұрынан қауырсыны шашылып... .Метафораның кейбір түрлері теңеуге жақындайды. Бірақ онда теңеудегідей екі нәрсені салыстырудан гөрі сезім, әсер жақындығын көрсету басым. Көбіне ондай екі нәрсенің бірі айтылып, екіншісі емеурінмен білдіріледі.Мысалы Сенің ернің – пейіштегі гүл сынды, Демің сенің – сездіреді тылсымды… Көзің сенің – Ай жұтылған түн сынды, Сезім неге мөлдіреген мұң сынды?..

Мұнда ақын пейіштегі гүлге, тылсымға, түнге салыстырып қана қоймай, соған балап айту бар.

Ақпарат көзі

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zh-regimdi-ilip-oydym-k-rmemde-794068](https://yvision.kz/kk/post/zh-regimdi-ilip-oydym-k-rmemde-794068)