---
title: "Зайырлылық ұғымын неге атеизммен шатастырып жатады?"
description: "Бірден айтайық, зайырлылық атеизм емес, атеизм зайырлылық емес. Бірақ кейде осы екі ұғымды шатастырып алып жататынымыз бар. Ал қарапайым тілмен айтқанда, атеизм – ешқандай дінді мойындамау, зайырлылық – діни сенім бостандығы, демократия,..."
author: "orazali"
published: "2024-06-22T04:17:56+00:00"
modified: "2024-06-22T04:17:56+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/zayyrlyly-ymyn-nege-ateizmmen-shatastyryp-zhatady-1005912"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/zayyrlyly-ymyn-nege-ateizmmen-shatastyryp-zhatady-1005912/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Зайырлылық ұғымын неге атеизммен шатастырып жатады?

> Бірден айтайық, зайырлылық атеизм емес, атеизм зайырлылық емес. Бірақ кейде осы екі ұғымды шатастырып алып жататынымыз бар. Ал қарапайым тілмен айтқанда, атеизм – ешқандай дінді мойындамау, зайырлылық – діни сенім бостандығы, демократия,...

*Бірден айтайық, зайырлылық атеизм емес, атеизм зайырлылық емес. Бірақ кейде осы екі ұғымды шатастырып алып жататынымыз бар. Ал қарапайым тілмен айтқанда, атеизм – ешқандай дінді мойындамау, зайырлылық – діни сенім бостандығы, демократия, толеранттылық.*

![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577776/c1cb7ef9273c2e19ad89e67cd96ffa.jpg)

*Фотоколлаж: kazislam.kz*

Бұл жерде зайырлылықтың діннен бейтарап болуын, яғни оның дінге, діннің оған бағынбауын кейбіреулер атеизм деп түсінетін сияқты. Аталған екі ұғымды шатастыру негізінен содан келіп шығады.

Зайырлылық діни сенім бостандығын көздегенімен, бұл тұрғыда жұрттың бәрі беталды кету керек дегенді білдірмейді. Оның да мемлекет тарапынан реттелетін жерлері бар. Яғни Қазақстан заңдары тіркелген діни бірлестіктердің ғана жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Елімізде 100-ден аса ұлт өкілдері ғана емес, әртүрлі діни конфессия өкілдері де рухани келісіммен, бір-бірінің сеніміне деген құрметпен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мемлекет осыған ыңғайлы жағдай тудырып отыр.

Өткізіле бастағанына 20 жылдан асқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері біздің биліктің бұл мәселеге аса маңыз бере қарайтынын көрсетеді. Бұл жиынның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің аса беделді өкілдері қатысып келеді. Осыншама әртүрлі дін жетекшілерінің бір үстел басында бас қосқанын біздің елден басқа жерде кездестірген емеспіз. Бұл – Қазақстанның жер жүзіндегі барлық халыққа барынша ашық екендігіне, өзгелердің діни сеніміне, дәстүрі мен мәдениетіне аса құрметпен қарайтынына ең үлкен дәлел.

Зайырлылықты батыс құндылықтарынан алдық дегенімізбен, оның өз ата-бабамыздың ұстанған жолына келетін тұстары да бар. Расымен қазақ жерінде дала демократиясы деген болды ғой. Төл тарихымыздағы түрлі кезеңнің өз заңдары болғанын, сол замандағы адамдардың оған бағынғанын, билердің әділ шешім қабылдай білгенін, теңдік деген ұғымның ол кезде де қадірлі саналғанын зайырлылықтың белгісі деп санауға толық хақымыз бар. Яғни, біз ежелден өзге ұлтқа, дінге толеранттықпен қарап келе жатқан халықпыз.

Ұлттық құрылтайдың биыл 15 наурызда Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрімізді заманға сай жетілдіре отырып, исламның ата-бабаларымыз ұстанған жолымен жүруіміз керектігін қадап айтты.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз.

Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек», – деген еді сол кезде Мемлекет басшысы.

Ал атеизм деген, әсіресе, кеңес одағының кезінде өте жақсы ұғым болып саналды. Адамдар жаппай соған қарай бет бұрды. Дінді ерсі көріп, оны ескіліктің сарқыншағы деп санадық.

Бірақ қазір біз кезінде діндарларды қудалағандай атеистерді қудалап жатқан жоқпыз. Олардың да көзқарасына түсіністікпен қараймыз. Міне, бұл да – зайырлылық. Сол сияқты олар да дін ұстанушыларға төзімділік танытуға тиіс.

Жалпы, діннің жақсы нәрсе екеніне дау жоқ. Бірақ оны да ұстанудың өзіндік қағидалары бар екенін ұмытпауымыз керек. Фанатизмге бой алдырмауға, ата-баба дәстүрінен айнып кетпеуге тиіспіз. Сонда ғана зайырлылыққа жақын бола отырып, атеизм жолына толеранттылық танытумен алға басамыз.

**Оразәлі БАЙМҰРАТ **

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/zayyrlyly-ymyn-nege-ateizmmen-shatastyryp-zhatady-1005912](https://yvision.kz/kk/post/zayyrlyly-ymyn-nege-ateizmmen-shatastyryp-zhatady-1005912)