---
title: "Қызылжар ауданының азаматтық қоғамы жемқорлыққа төзбейді"
description: "Ағымдағы жылғы 4 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бастамасымен, Бескөл ауылындағы Қ..."
author: "finpolsko"
published: "2015-09-07T07:12:23+00:00"
modified: "2015-09-07T07:12:23+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylzhar-audanyny-azamatty-o-amy-zhem-orly-a-t-zbeydi-537217"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylzhar-audanyny-azamatty-o-amy-zhem-orly-a-t-zbeydi-537217/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қызылжар ауданының азаматтық қоғамы жемқорлыққа төзбейді

> Ағымдағы жылғы 4 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бастамасымен, Бескөл ауылындағы Қ...

![Қызылжар ауданының азаматтық қоғамы жемқорлыққа төзбейді](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/5QKGaTqRziv149TzrcJ47RUmMqC8Ax.jpg)

Ағымдағы жылғы 4 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бастамасымен, Бескөл ауылындағы Қызылжар ауданының әкімдігінде «Елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыруда азаматтық қоғам институттарының күшін біріктіру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

![Қызылжар ауданының азаматтық қоғамы жемқорлыққа төзбейді](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/y84t2h7eZcOHlwR8pHdGkDxMJJFSw4.jpg)

Шараға қатысқан «Нұр Отан» партиясының және Қызылжар ауданы қоғамдық, жастар, этномәдени, діни бірлестіктерінің өкілдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі мақсаттары және міндеттерімен танысып, азаматтардың қоғамдағы жемқорлыққа қарсы дүниетанымын қалыптастыру жөніндегі тәжірибелерімен алмасты.

Дөңгелек үстелдің күн тәртібінде мемлекеттік қызмет саласы, сот жүйесі, жеке сектордағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының тиімділігі түсіндірілумен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы ұлттық зиялы қауымның, қоғамдық бірлестіктердің, БАҚ-тың атқаратын рөлі сөз болды.

![Қызылжар ауданының азаматтық қоғамы жемқорлыққа төзбейді](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/2s7R2cUs6YNJ317Zm7Ft7vS9lIQqLw.jpg)

Кездесу барысында, жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен жергілікті бюджеттің тиімді орындалуын бақылау жөніндегі жұмыстарға тұрғындарды белсенді жұмылдыруды көздейтін, қоғамдық бақылауды енгізу бастамасы да қарастырылды.

Аталған мәселелерді пысықтау үшін СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкері З.С. Байғаскина, облыстық сот судьясы Т.В. Ларина, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ж.А. Қазиев, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ҚБ жетекшісі С.Г. Худяков, «Конфессияаралық қарым-қатынастарды зерттеу орталығы» ҚБ жетекшісі С.К. Сүлейменова өз баяндамаларын оқыды.

![Қызылжар ауданының азаматтық қоғамы жемқорлыққа төзбейді](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/bcl3191DiuL85To3Jf0OSXeE1KvBbk.jpg)

Жиынға ат салысқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д. Әбутәліп, Жастар және балалар бастамалары орталығы директорының м.а. Д.Қ. Закирин, Бескөл а. шіркеуінің өкілі В.Ю. Стариков тақырыпты тарқатуда өз белсенділіктерін танытты.

Сондай-ақ, № 2 Бескөл мектебі тарих пәнінің мұғалімі, «Қызылжар аудандық мүгедектер бірлестігі» ҚБ төрағасының орынбасары Р.Е. Растенов әзірлеген жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша сабағы, кездесуге қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді.

Нәтижесінде, дөңгелек үстелге қатысушылар қоғамдағы жемқорлық құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті қалыптастыру үшін, азаматтық қоғам бірігіп жұмыс атқаруы тиіс деп бір ауыздан шешті.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yzylzhar-audanyny-azamatty-o-amy-zhem-orly-a-t-zbeydi-537217](https://yvision.kz/kk/post/yzylzhar-audanyny-azamatty-o-amy-zhem-orly-a-t-zbeydi-537217)