---
title: "Қызылордада қылмыстық процесті оңтайландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды"
description: "ҚР Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның бірлескен бұйрығының негізінде үстіміздегі жылдың ..."
author: "dvdkzokz"
published: "2017-04-17T00:55:44+00:00"
modified: "2017-04-17T00:55:44+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-ylmysty-procesti-o-taylandyru-boyynsha-pilotty-zhoba-iske-osyldy-763768"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-ylmysty-procesti-o-taylandyru-boyynsha-pilotty-zhoba-iske-osyldy-763768/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қызылордада қылмыстық процесті оңтайландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылды

> ҚР Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның бірлескен бұйрығының негізінде үстіміздегі жылдың ...

ҚР Ішкі істер министрлігі және Бас прокуратураның бірлескен бұйрығының негізінде үстіміздегі жылдың 01 сәуірінен бастап Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасында «Азаматтар мүддесіне қылмыстық процесті оңтайландыру» пилоттық жобасы іске қосылды.

Осыған сәйкес, 14 сәуір күні Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің бастығы полиция полковнигі Мұхитов Қайрат Болатұлы мен Қызылорда облысының прокуроры Дауешов Халидулла Зейноллаұлы Қалалық ішкі істер басқармасына барып, аталған жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

 

Жобаның басты мақсаты – қылмыстық істер бойынша азаматтарды тергеу органына қайта-қайта шақыртумен әуреге салмай, кінәсін толық мойындаған және келтірген шығынның мөлшерімен келісіп отырған күдіктілерге қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жеделдетілген түрде аяқтап, сотқа жолдау.

Осы жобаны іске асыру үшін, Қалалық ішкі істер басқармасы ғимаратында бейнебақылау камераларымен жабдықталған, арнайы әйнекпен қоршалған жауап алу кабинеттері ашылды. Тергеп-тексеру жұмыстарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жауап алу барысы бейнекамераға жазылады. Сондай-ақ қалалық прокуратурасының екі қызметкері Қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратында орналасқан прокурорлар кабинетінде күнделікті қылмыстық істерді зерделеп, тергеушіге бағыт-бағдар беріп, тергеуі аяқталған іс-құжаттарын қысқа мерзімде зерделеп, дәлелдік негізін анықтап, сотқа жолдануын қамтамасыз етуде.

Жоба шеңберінде жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексерумен – 34 қылмыстық іс және хаттама нысанында 3 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Қазіргі таңда өндірісте 11 қылмыстық іс жоба шеңберінде аяқталып, сотқа жолдануы жоспарлануда.

Прокуратура мен ішкі істер органдарының бірлесіп атқарған жұмыстары нәтижесінде осы Жобаның жұмысы ары қарай жалғасуда.

 

**Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-ylmysty-procesti-o-taylandyru-boyynsha-pilotty-zhoba-iske-osyldy-763768](https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-ylmysty-procesti-o-taylandyru-boyynsha-pilotty-zhoba-iske-osyldy-763768)