---
title: "Қызылордада ақбөкен аңының дериваттарын заңсыз тасымалдағандар ұсталды"
description: "Экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілік..."
author: "dvdkzokz"
published: "2016-03-31T04:27:18+00:00"
modified: "2016-03-31T04:27:18+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-a-b-ken-a-yny-derivattaryn-za-syz-tasymalda-andar-staldy-686456"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-a-b-ken-a-yny-derivattaryn-za-syz-tasymalda-andar-staldy-686456/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қызылордада ақбөкен аңының дериваттарын заңсыз тасымалдағандар ұсталды

> Экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілік...

Экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында 2016 жылғы 29-31 наурыз аралығында Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметі Табиғатты қорғау полиция қызметкерлері рейдтік шолу жұмыстарын жүргізді. Шараның 2 күнінде ҚР Үкіметі қаулысымен қорғалатын ақбөкен аңының дериваттарын тасымалдаудың 3 дерегі анықталып, қылмыстық істер қозғалды.

**Атап айтқанда,** наурыз айының 29 күні сағат 15.00 шамасында Қызылорда-Құмкөл тас жолының 95 шақырымында Жалағаш ауданының 25 жасар тұрғынының басқаруындағы «Daewoo-Gentra» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Көліктің ішіне қарау жүргізу барысында, жүксалғыштан киік мүйізі бар сөмке анықталды. 4 дана киік мүйізі айғақ зат ретінде алынып, тәркіленді, аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді.

Дәл осындай дерек 30 наурыз күні де орын алған. Яғни, кешкі сағат 17.10 шамасында полиция қызметкерлері Қызылорда-Павлодар тас жолының 12 шақырымында күдік тудырарлық ГАЗ – 3110411 маркалы автокөлігін тоқтатады. 1976 жылы туылған қала тұрғынының автокөлігіне қарау жүргізу барысында жүксалғыштан киік аңының мүйізіне ұқсас 6 дана мүйіз анықталды. Айғақ зат тәркіленіп, оқиға орнына ҚІІБ-нің жедел-тергеу тобы шақыртылып, тиісті жұмыстар атқарылды.

Сонымен қатар, 1 сағат уақыт өткеннен кейін дәл осы аумақта экологиялық заңнамаларды бұзудың тағы бір қылмыстық фактісі тіркелді. Яғни, 1983 жылы туылған қала тұрғынының басқаруындағы «Мазда-626» маркалы автокөлігі тоқтатылып, автокөлікке қарау жүргізу барысында көліктің жүксалғышынан 10 дана киік аңының мүйіздеріне ұқсас мүйіздер анықталып, айғақ зат ретінде алынды.

Қазіргі таңда, аталған 3 дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Егер де, азаматтардың кінәсі толық дәлелденген жағдайда, олар өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтiн жерлерін жойғаны ***үшін үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға*** жазаланады.

 

**Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-a-b-ken-a-yny-derivattaryn-za-syz-tasymalda-andar-staldy-686456](https://yvision.kz/kk/post/yzylordada-a-b-ken-a-yny-derivattaryn-za-syz-tasymalda-andar-staldy-686456)