---
title: "Қызылорда облысында ет өңдеу орталығы іске қосылады"
description: "Қызылорда облысында ағымдағы жылы қуаттылығы 5 280 тонна құрайтын ет өңдеу орталығы іске қосылатын б..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-08-01T06:39:00+00:00"
modified: "2015-08-13T06:42:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-et-deu-ortaly-y-iske-osylady-526417"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-et-deu-ortaly-y-iske-osylady-526417/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қызылорда облысында ет өңдеу орталығы іске қосылады

> Қызылорда облысында ағымдағы жылы қуаттылығы 5 280 тонна құрайтын ет өңдеу орталығы іске қосылатын б...

Қызылорда облысында ағымдағы жылы қуаттылығы 5 280 тонна құрайтын ет өңдеу орталығы іске қосылатын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Осы орталыққа етті қабылдау үшін жергілікті фермерлермен, оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы аясында мал өсіріп отырған шаруалармен келісімдер жасалуда. Орталықта дайындалған етті экспорттау үшін «ҚазАгроӨнім» АҚ алдын-ала жүргізілген келіссөздер бойынша Иран және Пәкістан елдерінің сұраныстары бойынша экспорттау мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар, 50 мың бас қой бордақылау, 7,0 мың тонна қозы етін өндіретін комбинаттың жобасын іске асыру жоспарлануда. «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырудағы мақсат — шағын және орта бизнес пен еліміздегі етті мал шаруашылығының үлесін арттыру, етті тұқымды мал басын асылдандыру арқылы ет бағасын төмендету.

«Аталған жобалар бірінші кезекте тұтынушылардың жас мал етіне деген сұраныстарын қамтамасыз етіп, өз кәсіпорындарының белгіленген қуаттарында жұмыс істеулеріне мүмкіндік тудыратын болады. Осы жобаларды іске асыруға Үкімет қаулысына сәйкес ет және сүт өндірісін дамытумен айналысып жүрген инвесторларға мемлекет тарапынан қомақты қаржы қаралып, ірі қара малы мен ұсақ малдардың құрылымдарына қажетті сатып алынған техникалар мен қондырғыларға және жайылымдарды суландыру үшін қазылған шеген құдықтар мен ұңғымаларға (скважина) жұмсалған шығындардың бір бөлігінің орнын толтыруға басым бағыт беріліп субсидия бөлінген. Осы мақсатқа облыс бойынша 75,0 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күні ет бағытындағы МІҚ малын өсіретін фермерлік қожалықтар 8 дана техника және қажетті 10 дана қондырғы сатып алды»,- делінген хабарламада.

Сондай-ақ, «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын салу» жобасы бойынша облыста 16 дана құдық қазылды. Бұл жұмыстар отарлы мал шаруашылығын дамыту бағытында қолға алынған.

«Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырудағы мақсат - шағын және орта бизнесті еліміздегі етті мал шаруашылығын дамытуға жұмылдыру, етті бағыттағы мал басының үлесін арттыру, ІҚМ өсіру нарығында бәсекелік пен инфрақұрылымды қалыптастыру.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелер: сыйақы мөлшері жылдық 6 %, аналық ІҚМ басын сатып алу үшін 7 жылға дейінгі мерзімге, бұқалар мен шаруашылықтың айналым қаражатын толтыру үшін несие 2 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/24409/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-et-deu-ortaly-y-iske-osylady-526417](https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-et-deu-ortaly-y-iske-osylady-526417)