---
title: "Қызылорда облысында балаларға арналған алғашқы ойын-сауық орталығы ашылды"
description: "Астана күні мерекесінде Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақай ауылында тағы бір салтанатты шара ө..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-07-09T00:24:00+00:00"
modified: "2015-07-31T00:26:17+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-balalar-a-arnal-an-al-ash-y-oyyn-sauy-ortaly-y-ashyldy-521950"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-balalar-a-arnal-an-al-ash-y-oyyn-sauy-ortaly-y-ashyldy-521950/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қызылорда облысында балаларға арналған алғашқы ойын-сауық орталығы ашылды

> Астана күні мерекесінде Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақай ауылында тағы бір салтанатты шара ө...

Астана күні мерекесінде Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Ақай ауылында тағы бір салтанатты шара өтті. Ауыл бүлдіршіндеріне көптен күткен «Алладин» ойын-сауық орталығы өз есігін айқара ашты, деп хабарлады «Даму» қоры.

«Жаңа орталық ойын-сауық аттракциондарымен қатар, танымдық элементтермен (балалар әткеншегі, пластиктен үйшіктер мен балалар қамалы, үрлемелі батуттар, бүлдіршіндерге арналған лабиринт, оқ өткізбейтін кеудешемен атысатын кабина, машиналар, электромобильдер мен балалар паровозы және т.б ), 7D форматындағы 8 орындық мини-кинотеатр , бөбектерге арналған аймақ, «танымдық асханасы» бар отбасылық кафе және тағы басқа да жабдықтармен қамтылған», - делінген хабарламада.

Ақай ауылының кәсіпкері Ниязбаев Серік «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында өз жобасын жүзеге асыруы үшін «Даму» Қоры тарапынан 12 600 000 теңге немесе несие сомасының 70%-на тең көлемдегі кепілдендіруін алды. Жеке кәсіпкер «Банк Центр Кредит» АҚ арқылы несие рәсімдеп, Қармақшы ауданында бұрын-соңды болмаған алғашқы балалар ойын-сауық орталығын ашуға мүмкіншілік алды.

«Ауылымызда жыл өткен сайын кішкентай балалары бар жас отбасылар көбеюде және ауылға көршілес орналасқан Байқоңыр қаласы мен Төретам кентінде балаларға арналған орталықтар жоқ. Сондықтан кәсіпкерлікті дәл осы саланы қолға алумен бастауға шешім қабылдадым және отбасы болып уақытты қызықты әрі пайдалы өткізуге болатын орталық ашқым келді», - дейді кәсіпкер Серік Ниязбаев.

Салтанатты түрде ашылған орталықта бүлдіршіндер бірнеше сағат аттракциондарда тегін ойнады. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасылардың балаларына аудандағы жалғыз ойын-сауық орталығының есігі әрқашанда ашық деп уәде берген кәсіпкер Ниязбаев Серік өз сөзінде әлеуметтік жауапкершілікті бизнестегі басты мәселе деп білемін дейді.

Сонымен қатар, Шиелі ауданында 2014 жылы құрылысы басталған 900 орындық №50 орта мектептің құрылысы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.Шиелі ауданында осы кезге дейін шешімін таппай келе жатқан апаттық жағдайдағы Тәжібаев ауылындағы №214 мектеп жобалық құны 683 млн теңге, 21 бекет елді мекеніндегі №243 мектеп жобалық құны 365 млн теңге болатын мектептердің құрылыстары басталып, №243 мектеп қазан айында, ал №214 мектеп 2016 жылы пайдалануға беру жоспарлануда, деп хабарлайды облыс әкімдігі.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Қодаманов ауылындағы балабақшаны күрделі жөндеу жұмыстарына 64 млн 39 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Оқушылардың жаз мезгілінде демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Сыр ұланы» лагері ауданның тұрмысы төмен, көп балалы және жетім, жартылай жетім отбасыларының 700 баласын аудандық бюджет қаржысы есебінен демалдыру жоспарланды. Лагердің материалдық-техникалық базасы 8 млн 397 мың теңгеге жаңартылды.

Сондай-ақ, айта кету керек, аудан бойынша 37 мектеп жанынан бір мезгіл тамақсыз лагерлер ІІ ауысым бойынша ұйымдастырылып, 3417 бала тартылады деп жоспарлануда.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/23552/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-balalar-a-arnal-an-al-ash-y-oyyn-sauy-ortaly-y-ashyldy-521950](https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysynda-balalar-a-arnal-an-al-ash-y-oyyn-sauy-ortaly-y-ashyldy-521950)