---
title: "Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Шаған елді мекенінде 3 мың бастық мал бордақылау алаңының құрылысы басталды"
description: "Мал бордақылау алаңы «Шаған жер» шаруа қожалығының иелігіндегі 30 га жерге орналасады, алаң айналасы..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-07-15T07:42:33+00:00"
modified: "2015-07-15T07:42:33+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysy-syrdariya-audanyna-arasty-sha-an-eldi-mekeninde-3-my-basty-mal-borda-ylau-ala-yny-ry-521932"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysy-syrdariya-audanyna-arasty-sha-an-eldi-mekeninde-3-my-basty-mal-borda-ylau-ala-yny-ry-521932/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Шаған елді мекенінде 3 мың бастық мал бордақылау алаңының құрылысы басталды

> Мал бордақылау алаңы «Шаған жер» шаруа қожалығының иелігіндегі 30 га жерге орналасады, алаң айналасы...

Мал бордақылау алаңы «Шаған жер» шаруа қожалығының иелігіндегі 30 га жерге орналасады, алаң айналасындағы 750 га жер инженерлік жүйеге келтіріліп, жүгері, жоңышқа, бидай егіліп, мал азығы дайындалады. Шаруашылық мал шаруашылығын дамытуға ең қажетті мал азығы жем-шөппен толығымен қамтамасыз етілген.

Мал ұстауға арналған бордақылау алаңының құрылысының салтанатты басталуына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысты.

«Облыстағы малдың басын көбейту, асыл тұқымды малдың әлеуетін жақсартып мал тұқымын асылдандыру арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіру бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі. Елбасы Қазақстанды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналдыруды тапсырған болатын. Осы межеге жету мақсатында үстіміздегі жылы, «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында облыс бойынша 100 тонна ірі қара мал етін экспорттау жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандумға қол қойылды», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Мал бордақылау алаңында өндірілетін ет өнімдері Қызылорда, Байқоңыр, Алматы қалаларын қамтамасыз етіп, сонымен қатар Ресей, Өзбекстанға да экспортталатын болады. Сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы «Қызылорда ет-сүт өңдеу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жұмыс жасалады.

Алдағы уақытта 3 мың бас мал бордақылау алаңын 5 мың басқа жеткізіп, мал сою аланың салуға шаруашылықтың толық мүмкіндігі бар және ет өнімдерін өндіру жобасы дайындалады. Аталған жоба бойынша материалдық техникалық жабдықтар: мұздатқыш, ет өңдеу кіші зауыты, атап айтқанда шұжық, қалбырдағы ет шығаратын жабдықтар шаруа қожалығының өз есебінен алынуы жоспарлануда.

Сонымен қатар, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы машина-трактор станцияларын жаңарту жүріп жатқандығы белгілі. Жаңақорған ауданында ауылшаруашылығы машина-трактор станцияларын жаңарту жүріп жатыр, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстың инновациялық-индустрияландыру картасына Жаңақорған ауданынан 2 жоба енгізілді. Оның бірі-құны 28 млн евроға тең қаржымен Бесарық өңіріне тамшылатып суару әдісімен 2000 га қызанақ егілді.

Оның өнімінен тәулігіне 250 тонна томат пастасы әзірленеді. Екіншісі, ауданға 7000 тонна қой етін өңдеуді жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі "Еуро-Азия Агро-Холдинг" ЖШС-мен меморандумға отырды.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/23752/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysy-syrdariya-audanyna-arasty-sha-an-eldi-mekeninde-3-my-basty-mal-borda-ylau-ala-yny-ry-521932](https://yvision.kz/kk/post/yzylorda-oblysy-syrdariya-audanyna-arasty-sha-an-eldi-mekeninde-3-my-basty-mal-borda-ylau-ala-yny-ry-521932)