---
title: "yvision: Әлем y- буындағылардың көзімен"
description: "Жазбамда сөз қозғағалы отырған адамдар түрін сіз күнделікті кездестіріп жүрсіз, талай рет назарыңызғ..."
author: "xxhappyDaniellaxx"
published: "2019-03-27T19:49:10+00:00"
modified: "2019-03-27T19:49:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yvision-lem-y-buynda-ylardy-k-zimen-829105"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yvision-lem-y-buynda-ylardy-k-zimen-829105/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# yvision: Әлем y- буындағылардың көзімен

> Жазбамда сөз қозғағалы отырған адамдар түрін сіз күнделікті кездестіріп жүрсіз, талай рет назарыңызғ...

Жазбамда сөз қозғағалы отырған адамдар түрін сіз күнделікті кездестіріп жүрсіз, талай рет назарыңызға түскен де болуы мүмкін. Сипаттап айтатын болсам, бұл еркіндікке құштар, жаңалықтарға ашық, армандарына ұмтылған, өз-өздеріне аса сенімді жандар. Айта кетелік, психологтардың зерттеу нәтижелері бойынша, аталмыш адамдардың бойында нарциссизмнің белгілері де жиі кездеседі екен. Бүкіл әлем тек осы жандардың ритмімен жүріп, олардың қол жетпес армандарының орындалуына себепкер болу үшін жаралғандай. Ең көп жетістікке жететіндермен қатар ең көп жеңіліске де душар болатын осы адамдар болуы да сол себептен. Бұл өмірді бір фильм іспеттес көріп, ал өздерін сол фильмнің басты кейіпкері ретінде санайтын «У» буынындағы «Миллениум» жастары туралы осы блогта баяндамақшымын.

Экономикалық және саяси жағдайлар мен технологиялардың дамуына байланысты тарихтағы әрбір заманынның өзіндік идеологиясы мен моральдік принциптері қалыптасты. Заманының талабына қарай адамдар да өзгеріп отырды. Адамдарды буынға бөлу алғаш рет 1964 жылы ұсынылды. (әр буын жайында толығырақ https://massaget.kz/layfstayl/madeniet/55545/)

Бүгінгі жазбамда 1981-2000 жылдары туылған «У» буынын сөзге тиек етейін дегенім кездейсоқтық емес. Олар қазіргі заманның басты кейіпкерлеріне айналған. Бұл блогты оқитындардың да тоқсан пайызы дәл сол «У» буынынан болатынына нық сенімдімін.

«Миллениум» жастарын анықтауда сізге бірнеше фактор ұсынбақшымын:

1. Көптің айтуымен жүрмейтін, өзінің қиял әлемінде орын тапқан принциптері бойынша таңын атырып, кешін батыратын адамдар дәл осы буынның өкілдері. Таптаурындарды бұзып, көптің сөзін ескермей, өзі жалғыз қалса да, ештенеге қарамастан әрекете ету - бұл адамдарға тән қасиеттердің бірі.

![yvision: Әлем y- буындағылардың көзімен](https://storage.yvision.kz/images/user/418700/a3d6d7f11f2d0ce3e6a5430a9b2a2c.jpg)

2. Еркіндікке құштар, өмірінде ешқандай шектеулерге жол бермейтін жандар. Өмірінің әр мезетін соңғы мезетіндей өткізуге тырысатын жандар. Тәуелділік деген ұғымды білмейтін, өздеріне ерік берген жандар.

![yvision: Әлем y- буындағылардың көзімен](https://storage.yvision.kz/images/user/418700/48412a1565ad741b88f6b4ced8a2e3.jpg)

3. Өзгермейтін шарттары жоқ, өмір сүру үшін белгілі бір мақсатты көздемейтіндер де осы адамдар. Мал-мүлкін санап, жаңа пәтеріне көңілі толатындар бұлардан емес. Өмір тек бір рет берілген, оның қамшының сабындай ғана ұзындығында тереңділігін толтыруға бет бұрғандар осы жандар.

![yvision: Әлем y- буындағылардың көзімен](https://storage.yvision.kz/images/user/418700/81207a5dcfc78f19fdf61fb03f3e4f.png)

4. Ең көп бақытсыздыққа ұшырайтындар да осы жастар. Қабағы түйіліп, әлемнің берер ғажайыптарынан үміт үзген адамды көрсеңіз – «У» буынының өкілімен таныс болыңыз. «Өмір» атты ауқымды фильмнің басты кейіпкері бола тұра, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру мүмкін емес. Өздеріне тым сенімді болуларының кемшілігі де, міне – осында.

![yvision: Әлем y- буындағылардың көзімен](https://storage.yvision.kz/images/user/418700/7a38ca74701ffa0debef9333e8c294.png)

5. Жаңа технологияларға бейім, инновацияға ашық жандар.

![yvision: Әлем y- буындағылардың көзімен](https://storage.yvision.kz/images/user/418700/b7894091ba14cc5b76211d57a749c6.jpg)

«Миллениум» жастары қарапайым адамдар емес: Армандай алатын, ғажайып әлемдеріне сүңгіп, мүмкін емес нәрсе жоқ екеніне, армандардың барлығы шындыққа сай екеніне кәміл сенетін жандар; Өз күштерін максималды түрде пайдаланып, биік шыңдарға қол жеткізетін адамдар; Қаншалықты қысымға тап болса да, біреулер оларды түсінбейтінін көріп, енді біреулер оларды мүлде қабылдамаса да, берілмейтіндер; Бұл фильмнің басты кейіпкері екендеріне сеніп, сценарийді өз қолдарына алуға тырысатын жандар... Басты кейіпкер кім болса, жалпы сценарий де сол кейіпкер жақта болатынын біз де ұмытпайық!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yvision-lem-y-buynda-ylardy-k-zimen-829105](https://yvision.kz/kk/post/yvision-lem-y-buynda-ylardy-k-zimen-829105)