---
title: "Қытайда қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер жұмыссыз қалуы мүмкін"
description: "Қытайдағы қазақ мектептеріне қауіп төніп тұрғаны осыдан екі-үш жыл бұрын қазақ баспасөзінде ..."
author: "shamon"
published: "2010-09-10T03:32:31+00:00"
modified: "2010-09-10T03:32:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ytayda-aza-tilinen-saba-beretin-m-alimder-zh-myssyz-aluy-m-mkin-71443"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ytayda-aza-tilinen-saba-beretin-m-alimder-zh-myssyz-aluy-m-mkin-71443/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қытайда қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер жұмыссыз қалуы мүмкін

> Қытайдағы қазақ мектептеріне қауіп төніп тұрғаны осыдан екі-үш жыл бұрын қазақ баспасөзінде ...

![Қытайда қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер жұмыссыз қалуы мүмкін](https://storage.yvision.kz/images/user/shamon/7D5Wc3QZN0SrHtdQJ8e5XcV7akiQGw.jpg)

**Қытайдағы қазақ мектептеріне қауіп төніп тұрғаны осыдан екі-үш жыл бұрын қазақ баспасөзінде өткір көтерілген еді. Дипломатия мәселесіне салсақ, бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі ісіне араласа алмайды. Алайда ұлт мәселесі тұрғысынан алып қарағанда рухани қудалау болып жатқанда үндемей қалу – айып.**

**Қазақстанда бұл тақырыпқа қатысты қоғамда қозғау болғанымын Қытай үкіметіне “Қазақ мектептерінде оқу бұрынғысынша қазақ тілінде оқытылсын” деп талап қойылмайтыны түсінікті. Ал бұл тақырыпты қазір қазақ баспасөзінде тек Қазақстандағы қауымды ұлттық мәселеге қарату үшін құрал ретінде сәтті қолдануға болады. “Қараңдаршы, қытайда бауырларымыз қиналып жатыр. Қазақша білім ала алмайды” деген тәрізді салыстырма теңеулер “Өз елімізде неге қазақ мектептеріне балаларыңды бермейсіңдер. Қазақ мектептерінің санын көтерейік” деген оймен қатар айтылуы бек мүмкін.**

**Мейіржан “Халың қалай, ана тілі оқытушылары” атты жазбасында:**

**Дәл биылғы оқу маусымынан бастап Шин Жяңдағы қазақ ұлты жиі қоныстанған аудандардың барлық мектептері қостіл саясаты бойынша оқыту жобасын қолға алды. Яғни, барлық сабақтар қытай тілінде жүргізіліп, тек әліппе, ана тілі, әдебиет сабақтары ғана қазақ тілінде болады деген сөз. Жер-жердегі қазақ мұғалімдерінің жұмыссыз қалуы да белең бере бастады. Себебі, қытай тілінде оқытушылық жұмысын жалғастыруға мүмкіндігі жеткіліксіз ұстаздар 80% мөлшерінде.**

**деген мәліметпен бөлісіпті. Түптеп келгенде Қазақстанда да уақыт өте келе өзге тілді мектептердің саны азайып, қазақ тіліндегі мектептер санын көбейту күтілуде. Себебі қазақтілді қауым саны жыл санап өсіп келеді. Оның қасында тұрғындары млрд.пен есептелетін Қытайда бұл тақырып аса өзекті болуы заңдылық. Бар айырмашылық – Қазақстан тіл білушілердің саны өсуімен, яки табиғи жолмен келуді қалап отырған үдерісті Қытай мақсатты түрде жеделдетуде.**

**Қытайда қазақ тілін оқытатын мұғалімдер қазір Үндеу жариялаған екен. Бірақ бұл мәселенің оң шешім табатынан күмәндімін. Тек қоғамға қозғау салуы мүмкін немесе мәселені уақытша шешуге жәрдемдеседі. Бірақ Қытайда тұратын қазақ ағайындарымыздың мәселесі Қытай өзінің Батыс өлкелеріне реформа жүргізу саясаты қарқын алған сайын күрделене түспек.**

**Менің ойымша, қазір шетелдегі қандастарымызға керісінше Қазақстанға келіп, осы жақта өздеріне дұрыс жағдай жасалуына мейлінше мүдделі болып, сол үшін еңбек ету керек тәрізді.**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ytayda-aza-tilinen-saba-beretin-m-alimder-zh-myssyz-aluy-m-mkin-71443](https://yvision.kz/kk/post/ytayda-aza-tilinen-saba-beretin-m-alimder-zh-myssyz-aluy-m-mkin-71443)