---
title: "Қыстық аяқ киіміңіз «угги» ма?"
description: "Сырт көзге байпаққа ұқсас аяқ киімді өзгесіне қарағанда жылырақ болады деп ойлағандықтан сатып алас..."
author: "saltusha_teleu"
published: "2015-11-23T23:34:20+00:00"
modified: "2016-05-31T07:51:51+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ysty-aya-kiimi-iz-uggi-ma-662773"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ysty-aya-kiimi-iz-uggi-ma-662773/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қыстық аяқ киіміңіз «угги» ма?

> Сырт көзге байпаққа ұқсас аяқ киімді өзгесіне қарағанда жылырақ болады деп ойлағандықтан сатып алас...

![Қыстық аяқ киіміңіз «угги» ма?](https://storage.yvision.kz/images/user/saltusha_teleu/VRmt76qe8SM4L7f5bYpzh1CIr13Xzl.jpg)

Сырт көзге байпаққа ұқсас аяқ киімді өзгесіне қарағанда жылырақ болады деп ойлағандықтан сатып аласыз ба? Кез-келген киіммен сәйкестендіріп киесіз бе? Шығу тарихынан хабардарсыз ба? Сан сауал. Жауабын біз іздеп көрдік.

**Шығу тарихы.** Осы аяқ киімнің тарихы XIX ғасырда Австралия мен Жаңа Зеландиядан бастау алады. Уггиді алғашқы кездері шаңғы спортында пайдаланған. Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде корпусына қалың мұз қатқан ұшақта аяқтарын жылы ұстау үшін авиаторлар угги етіктерін киген. 1960 жылдан бастап құрғақтықты сақтау үшін серферлар бұл аяқ киімді қолданысқа енгізген. Қытайда осы күнге дейін ауыл, мал шаруашылығында киген. Уггидің сән әлеміне етене енуіне шоу-бизнестегі әлемдік жұлдыздардың ықпалы зор. Талантымен тамсандырған тележүршізуші Опра Уинфи бағдарламаға киіп шыққан болатын. Біздегі жұлдыздар да бұл етікті насихаттап үлгерді. Баян Есентаева, Айнұр Нұрсейітова, Айнұр Төлеуова, Айдана Меденованың киген уггилері көпшілікті қызықтырғанынан хабардармыз.

![Қыстық аяқ киіміңіз «угги» ма?](https://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/yS83zCbMlmPqYO2HG66591Dq4d1BG7.jpg)

**Сәйкестендіріп қолдану.** «Угги» сөзін тікелей тәржімалағанда ұсқынсыздығына қарап, «сүйкімсіз аяқ киім» дегенді білдіреді. Десе де сән мамандарының айтуы бойынша, көпшілігі уггиді жайлылық үшін ғана емес, қойдың жүнінен жасалғандығымен сәнге айналғандығын айтады. Ең бастысы – сапасы мен стилі заман талаптарына сай. 2014-2015 жылы қысқа уггилер кез-келген киіммен үйлесімін табатын болғандықтан трендте болды. 2016 жылы да сатылымы жоғары дәрежеде болады деп күтілуде. Әшекейлермен, жылтырақтармен безендірілген түрі көңіл-күйді көтеріп қана қоймайды. Аязға төзімділігі былай тұрсын, мұзға тайғанақтамайды. Уггиді тоқыма киіммен кисеңіз, тым дөрекі көрінеді. Спорттық киім үлгісіне жақын болған соң, джинсы, шалбармен үйлестіріп кию белең алды. Тіпті көйлекпен сәйкестендіретін болды.

![Қыстық аяқ киіміңіз «угги» ма?](https://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/5pjY5SlU7G9p8qLL9dw9g3qqM0Qe3O.jpg)

**Дұрыс таңдау.** Дүкен сөрелерінде арзан бағаға сатылып тұрғандарының біршамасы – жасанды уггилер. Оны қалай анықтауға болады?

**1.** Далада жүре қалсаңыз, табаныңызға су өтетін болса, бірден жасандылықты аңғаруға болады.

**2.** UGG деген белгіні емес, UBG дегенді аңғарсаңыз, фэйк екенін біле беріңіз. Жазуы бар бөлігінің тігісі тегіс, біркелкі, қатты болуы керек.

**3.** Етікті екіге бөліп қарағанда, ішінен пластмасса емес, қағаз секілді қатырма шықса, синтетикалық өнімнен дайындалғандығына көз жеткізгеніңіз.

![Қыстық аяқ киіміңіз «угги» ма?](https://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/EODbEBJjrz1YAg2Bwh3py7mJ515Wh9.jpg)

**Зияны.** Остеопатияны зерттеу Британдық колледжінің профессоры Дрисдэйлдің айтуы бойынша, аяқ киім көшеде күнделікті киіп жүруге арналмаған. Неліктен мұндай тұжырымға келген екен? Америкалық ортопедтер жүрістің өзгеруіне септігі тиетінін баса айтты. Табан мен тізенің сыздауынан бел, арқа тұсына әсер етіп, ауыра бастайды. Уггиді қолданушылар жылы әрі жұмсақ болғанына байланысты аяқты демалдырады, сондай-ақ өкшенің жоқтығы маймақтыққа әкеліп соқпайды деп ойлайды. Бірақ, дәрігерлер уггидің аяққа кері әсері көп екендігі жөнінде дабыл қағуда. Әсіресе табанының формасы енді ғана қалыптасып келе жатқан кішкентайларға бұл аяқ киімді киюге үзілді-кесілді қарсы. Бұл тек қана маймақтыққа ғана әкеліп соқпайды. Жамбас сүйегінің өзгерісінен омыртқаға әсер етеді. Естеріңізде болсын! Уггиді күнделікті қолдануға болмайды.

**Күтімі.** Көп әуре-сарсаңға салмайды. Резіңке табанды ылғалды ысқышпен, соңынан құрғақ сүрткішпен сүртіп отыру керек. Күннің астында немесе жылытқыштың жанында кептіріп қоюдың мүлдем қажеті жоқ. Ұсқынын мүлдем өзгертіп жібереді.

**P.S.** Ыңғайлы болғанды ғана ойламай, салауатты өмір салтын ескергеніміз жөн. Біз ескерген белгілерді жадыңызда ұстасаңыз, таңдау жасайсыз. Талғамға талас жоқ.

**Салтанат Сүгір**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ysty-aya-kiimi-iz-uggi-ma-662773](https://yvision.kz/kk/post/ysty-aya-kiimi-iz-uggi-ma-662773)