---
title: "Ысқақ ата архитектуралық кешені"
description: "Биылғы маусымда Тұрбатқа жол түсіп, Ысмайыл ата және Ысқақ ата архитектуралық кешендеріне кірудің сә..."
author: "seidaly"
published: "2018-09-14T12:22:42+00:00"
modified: "2019-06-28T09:17:34+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ys-a-ata-arhitekturaly-kesheni-814473"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ys-a-ata-arhitekturaly-kesheni-814473/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ысқақ ата архитектуралық кешені

> Биылғы маусымда Тұрбатқа жол түсіп, Ысмайыл ата және Ысқақ ата архитектуралық кешендеріне кірудің сә...

Биылғы маусымда Тұрбатқа жол түсіп, Ысмайыл ата және Ысқақ ата архитектуралық кешендеріне кірудің сәті туды. Ысмайыл ата архитектуралық кешені көпшілікке танымал, ол туралы жұрт біршама біледі. Ал Ысқақ ата сәулет кешені туралы тарихшылар, өлкетанушылар мен бірен-саран туристік гидтер ғана болмаса, былайғы халайық хабарсыз. Сол олқылықты толтыру мақсатында Ысқақ ата архитектуралық кешені және Ысқақ ата әулие туралы massaget.kz сайтында екі блог жариялап едік (сілтеме: https://massaget.kz/blogs/16248/ және https://massaget.kz/blogs/17193/ ).

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/548767dbcea03bd1b3a8ee8410b552.jpg)

Қазығұрт кенті мен Тұрбат ауылының арасы 17 км

Бүгінгі саяхат мақсаты да сол - Ысқақ ата архитектуралық кешенін одан әрі көпшілік арасындағы танымалдығын арттыру және кешеннің басында тұрған мүшкіл мәселесіне тиісті сала мамандарының назарын аударту.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/991fee799730fa5ef06dbdc08f2bfc.jpg)

Сонымен, Тұрбат ауылына келдік. Бұл ауылға аудан орталығы Қазығұрттан 17 шақырым. Ауылдың «Тұрбат» деп аталу астарында да осы жоғарыда аталған сәулет кешендерінің өзіндік орындары бар. Түрік және ортаазиялық өзге тілдерінде «түрбе» деген сөз бар, қазіргі қазақ тіліндегі мағынасы – кесене, сағана, мазар. Тіліміздегі сол «мазар» сөзінің көпше түрде айтылуы – «мазарат». Орта ғасырлардағы осы жердегі кесенелер жиынтығын «түрбе» түбірінен шығарып, «тұрбат» деп атаса керек. Бүгінгі күнгі «архитектуралық кешен» деп атап жүрген ұзын сөзімізді сол дәуірлерде бір ғана сөзбен «Тұрбат» деп атау берген болып тұр.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/c5d44610e601ce0d957cec35c8546d.jpg)

Ысқақ ата архитектуралық кешенінің қақпасы

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/19cac85fe27d036d7da68ea920acf4.jpg)

Ысқақ ата архитектуралық кешеніне баратын аяқжол басталатын жердегі QR-код тақтайшасы

Ысқақ ата архитектуралық кешені Тұрбат ауылының оңтүстік бетіндегі қырқада, Тастақсай өзенінің сол жағалауында орналасқан. Кешен жанында 1982 жылы Н.П.Подушкин зерттеп, ХІІ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген деп топшылаған Тұрбат көне қалажұрты және көне сауда жолының арнасы жатыр. 1994 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Свод памятников истории и культуры Казахстана» дейтін еңбектің айтуынша, архитектуралық кешен 4 кесенеден: Ысқақ ата кесенесі, Кіші мазар, Мазар, Атаусыз мазар кесенелерінен құралған*. Кесенелер алғаш ХІ-ХІІ ғасырлардан салына бастап, ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы Тимуридтер дәуірінде кешенге айналған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/6cdc5dea7b2f4e107e9c1074acaebb.jpg)

Ысқақ ата архитектуралық кешенінің ескі келбеті мен орналасу жоспары

Осы Кешеннің шырақшысы – Шараф ағаның айтуындағы әңгімесін басшылыққа алып, Кешен құрамына жоғарыда аталған кесенелермен қоса, Шілдехана, 12 бөлмелі Медіресе, Жерасты жолы және Хауызды (бассейн) қосып, үлкен кешенге айналдыруға болады. Ол үшін аталған нысандарды реставрациялық жұмыстарын жүргізіп, қайта қалпына келтіру керек. Шараф шырақшының айтуынша, суреттер сақталған екен. Қазір ол суреттерді кімдердің қолына (археолог Баян Тұяқбаева, журналист Қ.Ергөбек,т.б.) тапсырғанын аттарын атап, түстерін түстеп берді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/6074ba0d0150fe1cc1d863358df520.jpg)

Ысқақ ата кесенесі

Сонымен, Ысқақ ата архитектуралық кешенінің құрамдас бөліктеріне жекелеп тоқталсақ. Таныстыруды шартты түрде ескерткіш атаулары (жоғарыда аталған «Свод памятников истории и культуры Казахстана» кітабында тіркелген атаулар) бойынша тоқталуды жөн көрдік. Бірінші кесене – Ысқақ ата кесенесі. Бұл кесене шатыр жабынды сәулет стиліне қарай ХІІ ғасырларда өмір сүрген Қараханидтер дәуіріне жатқызылып, Қазақстандағы ең көне кесене ретінде аталып жүр. Уақыт табымен бұзылған кесенені ХХ ғасырдың 70-80 жылдары жергілікті тұрғындардың өздері бетонды жабынмен қалпына келтіруге тырысып, жұмыстар атқарғанымен, оларынан еш нәтиже шықпаған. Бетон жабынды күмбезі опырылып құлаған. Кесененің көне суреттері сақталғандықтан, 2007 жылы «Мәдени мұра» шеңберінде «Қазқайтажаңарту» РМК реставрациялық жұмыстарын жүргізіп, толық қалпына келтірген. Реставрациялық жұмыстарға кесене алдындағы 12 бөлмелі медіресе мен Кіші мазардың кірпіштері пайдаланылыпты. Кесененің бүгінгі жағдайы жақсы.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/4a76eb05b4fd44cfef80d2be20cfbe.jpg)

Кесене ішінде 4 мола бар. Шырақшы Шараф ағаның айтуынша, солтүстік жағындағы мола – Ысқақ ата шайықтікі екен. батыс бетіндегі мола – әйел адамдікі, шығыс жағындағы молада екі жасөпірім немересі жатыр дейді. Ортадағы үлкендеу молада Ысқақ атаның ұрпағы, ХҮ ғасырда өмір сүрген өзбек жазба әдебиетінің негізін салушы Ә.Новойидің ұстазы, сопылық ағымның ақыны – Мәулана Шейхзада Атаи жатыр. Мәулана Атаи – Балх шаһарында қайтыс болып, сонда уақытша жерленіп, арада біршама уақыт өткен соң атасының жанына сүйектері жеткізіліп, қайта жерленіпті. Сүйегі осында.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/493703e9f11b6ece9bd61a1f1dc1f3.jpg)

Шырақшы Шараф аға Мәулана Атаи жерленген мазарын таныстырып тұр

Осы жерде Ысқақ ата кім болғанына тоқтала кетсек, Ысқақ ата – осы Тұрбатта кесенесі орналасқан Ысмайыл атаның баласы, әулие кісі болыпты. Өмір сүрген уақыты шамамен ХІ-ХІІ ғасырлар. Ысқақ атаның аты-жөні Орта Азияға ислам таратумен тығыз байланысты аталады. Еңбектерде Ысқақ атаның аты-жөні Исхак Ходжа ибн Исмаил Ата ал-Кадикурти ат-Туркистани түрінде кездеседі. Солардың ішінде ең танымалы, өзі автор саналатын «Хадикат ал-арифин» немесе кейде жай ғана "Трактаттар" деп аталып қалатын еңбегі. ХІХ ғасырда Кабулда шағатай тілінде жазылған «Хадикат ал-арифин» қолжазба күйінде бүгінгі күнге жеткен. Бұл еңбекке «Хадиқат ал-арифин», «Насаб-нама», «Рисала фи манақиб Исмаил ата» қолжазбалары кіреді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/29731832697abf9af69ce7012210cb.jpg)

Кіші мазардың орны

Екінші кесене – Кіші мазар. Бұл кесене уақыт және табиғи құбылыстарға төтеп бере алмай құлаған. ХХ ғасырдың орта шеніндегі суреттерде кесененің тек сұлбасы ғана көрінеді. Ең соңғы кірпіштері 2006 жылы Ысқақ ата кесенесіне жүргізілген реставрациялық жұмыстарына пайдаланылып, бұзылған. Бүгінгі күнде Ысқақ ата кесенесінің оң жағындағы тұт ағашының іргесінде кесененің орны ғана қалған. Сақталған суреттеріне және кірпіштеріне қарап, қайта қалпына келтіруге болады. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Кіші мазар кесенесі салыну стиліне қарай Ысмайыл ата архитектуралық кешеніндегі Шілдехананың прототипі, екі күмбезді болған екен. Есік ауызы шығысқа қараған, Ысқақ ата кесенесіне перпендикуляр орналасқан. Зерттеушілер Б.Тұякбаева мен А.Проскун бұл кесене туралы тоқталғанда, ХІ-ХІІ ғасырлар ескерткіші, Ысқақ ата ескерткішінен де ерте уақыттың, Қараханидтердің ерекше сәулет нысаны екенін айтады. Шараф ағаның айтуынша, бұл кесенеде Ысмайыл атаның ұстазы, бабасы болған, шамамен ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда өмір сүрген, кім екені белгісіз, құрметті кісі жатыр екен. Шырақшы Шараф аға Тұрбатқа зиярат ете келсеңіз, зиярат ету тәртібі бойынша ең бірінші осы жерден бастап, сонсын барып Ысмайыл атаға зиярат ету керектігін түсіндірді. Бұл жөнінде Ысмайыл ата айтыпты дейтін «Кімде кім маған зияратқа келетін болса, алдымен бабамды, баламды зиярат етіп түнеп, содан соң барып Ысмайылдан тілесін» дейтін тәмсіл барын айтты. Кесенеге зиярат етуші алдынан кіріп, артқы жағынан шығатын болыпты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/00b5a9fbf4cc1cf2f5c4cdc0974273.jpg)

Кіші мазар жанындағы көне тұт ағашы

Үшінші кесене – Мазар. Бұл кесене Кіші мазардың артқы, күн батыс жағында орналасқан екен. Кесене сақталмаған. Тек орны ғана бар. Кесенеде араб жерінен келіп, осы жерден шипа тапқан жас жігіт жерленіпті. Аты – Абу Али-шах. Әкесінің қаржысымен осы жерден 12 бөлмелі медіресе салдырып, кедей-кембағалдарды оқытып, сауатын ашып, сол жерде ұстаздық жасаған кісі болған екен. Жас жігіттің қай уақытта өмір сүргені ұмытылған. Кесененің де қай заманға жатқызылатыны белгісіз. Фотосуреттеріне қарай қайта қалпына келтіруге болады.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/6a702712916db35d1fba268f94cca3.jpg)

Хазіреті Молла кесенесінің сыртқы көрінісі

Төртінші кесене – Хазіреті молла кесенесі. Жоғарыда біз сілтеме берген «Свод памятников истории и культуры Казахстана» еңбегінде Атаусыз мазар деп көрсетілгенмен, шырақшының сөзін басшылыққа ала отырып, «Хазіреті молла кесенесі» деп атауды жөн көрдік. Бұл кесене Кешеннің өзге кесенелерінен бөлек, шығысқа қарай 70 метрдей қашықта жеке-дара орналасқан. Кесененің құрылысы кешеннің өзге кесенелеріне ұқсамайды. Күмбезді-порталды құрылыс саналғанымен, күмбезі сақталмаған. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары құлап, содан бері қалпына келтірілмеген. Жергілікті тұрғындар асарлатып, жауын-шашыннан қорғау мақсатында кесене үстін шифер жабынмен жапқан. Кесененің негізгі формасы сақталған, қабырғасының кірпіш қалану стилі өте көркем. Айналасын қалың қарағаш басып кетіпті. ХХ ғасырдың 50-ші жылдары құлаған кесенені асарлатып жабу кезінді бір кітап табылыпты. Ауыл ақсақалдары кітаптан кесененің 750 жыл бұрын салынғанын оқып, кітапты қайта кесене қабырғасына кірпіштермен бірге қалап жіберіпті. Сол дерекке сүйенсек, бұл кесене ХІІІ ғасырдың басында салынған болып шығады. Кесене қандай кісіге арнап салынғаны ұмытылған. Жергілікті тұрғындар жадында білімді, ілімді, дін ұстаған адам болғаны ғана сақталып, «Хазіреті молла кесенесі» деп аталып кеткен. Шараф ағаның айтуынша, бұл кесене қожалар жерленетін мазарат қорғанының сыртында орналасуына байланысты, кім болса да қожалар әулетінен болмаған, жергілікті діни сауатты, әулие кісі болса керек деп топшылайды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/7afd27e9678d23b91f549054dd83b2.jpg)

Хазіреті Молла кесенесінің ішкі көрінісі

Ысқақ ата архитектуралық кешеніне кіретін кесенелерге тоқталып шықтық. Жоғарыда Кешенге кірмей қалған, бірақ міндетті түрде кіру керек 3 нысанды атадық: 12 бөлмелі медресе, шілдехана, жер асты жолы және хауыз. Медіресе – Ысқақ ата кесенесіне баратын аяқжолдың сол жақ, батыс қапталында болған екен. Ал, Шілдехана болса, медіресеге қарама-қарсы орналасыпты. Медіресенің де, Шілдехананың да іргетас орындары сақталған. Медіресенің жарамды кірпіштерін 1996 жылы жергілікті тұрғындар Ысқақ ата кесенесін қалпына келтіруге пайдаланған. Осы екі нысан Кешеннің кесенелерімен қоса қайта қалпына келтірілсе, ортағасырлық керемет тарихи туристік нысан қалыптасқалы тұр.

Ысқақ ата кесенесінің солтүстік-шығыс жағына 70 метрдей жерде, көне сауда жолы мен Тұрбат көнеқаласы бетінде жер асты жолының шеті көрінеді. Бұл жерді де зерттей қалса, біршама құпиялар ашылар еді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/402783/ba9a05253ef59645da866d819a01d9.jpg)

Ысқақ ата архитектуралық кешенінің шырақшысы Шараф ағамен селфи

Көне заман ескерткішін туралы әңгіме айта алатын адамдар да аз қалды. Ысқақ ата архитектуралық кешенінің қақпасынан кіргеннен шыққанға дейінгі өне бойында таныстыру жұмыстарын жүргізіп, қызықты мәліметтерімен бөліскен Шараф ағаға алғыс айттық. Қайда жүрсе де аман жүрсін деп тілек қостық.

-----------------------------------------------------------------

*- «Свод памятников истории и культуры Казахстана», Алматы 1994ж. 183-188 беттер.

Сейдалы Дүйсебайұлы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ys-a-ata-arhitekturaly-kesheni-814473](https://yvision.kz/kk/post/ys-a-ata-arhitekturaly-kesheni-814473)