---
title: "Қырық күннен кейін көрге де үйренесің"
description: "Қырық күннен кейін көрге де үйренесің. Марқұм апам Күнімай осылай жиі айтатын. Білемін – әдеби нұсқа..."
author: "yseti"
published: "2020-04-30T04:49:19+00:00"
modified: "2020-04-30T04:50:00+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yry-k-nnen-keyin-k-rge-de-yrenesi-855777"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yry-k-nnen-keyin-k-rge-de-yrenesi-855777/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қырық күннен кейін көрге де үйренесің

> Қырық күннен кейін көрге де үйренесің. Марқұм апам Күнімай осылай жиі айтатын. Білемін – әдеби нұсқа...

Қырық күннен кейін көрге де үйренесің. Марқұм апам Күнімай осылай жиі айтатын. Білемін – әдеби нұсқасында үш күн деп келеді. Бірақ, апамның өз ережелері бар еді) Бейнелі сөз ғой.

Адам қандай қиын жағдайға тап болса да, ақырында көнеді. Көнгені не, соған үйреніп қалады дегені. Сол сияқты адам жақсыға, рахатқа да тез үйренеді. Баяғыдан солай болуы керек сияқтысы не, енді бұдан айрылмайтынына кәміл. Одан да тамаша болса екен деген тілегі тағы туып тұрады. Қысқасы, әр қажетің орындалған сайын одан күтетін дәмең дейміз бе, үмітің бе (ожидание) арта береді, арта береді. Мұның түбі жоқ. Бұл апамның мақалын ғылыми түрде дәлелдеген Брикман-Кэмпбелл деген оқымыстылардың ойы енді.

Мысалы, Еговтың қызметіне түрі жаман үйреніп алдық. Бұрын талай қызметті теңгесін төлесең де, уақытыңды құртып, жүйкеңді жұқартып, болмаған соң қарғысыңды айтып, бір-екеуінің шашын жұлып барып алатынсың. Мысалы, бұрын мекенжай анықтамасын қалай алушы едік? Бір адреске тіркелу үшін паспорт үстеліне баратынбыз. Кезек аласың. Кемі 5-7 жұмыс күні күтесің. Иә, военкоматқа барып, оның тіркеуінен шығу керек екенін ұмытып кетіппін ғой. Сосын әлгі паспорт үстелінің тізімінен шығу керек, үй кітапшасына мөр бастырасың. Басқа қалаға көшіп барсаңыз, дәл осы механизмді тағы қайталауыңыз керек болатын. Мысалы, Тараздан Алматыға көшіп келсең, енді Алматыға тіркелу үшін қайтадан Таразға барып, тізімнен шығуың керек болатын. Осының бәрін біз ұмыттық.

Енді анықтаманың өзінің көзін құртты. Ал пропискаға тұру ары кетсе 10-15 минут уақыт алады. Жеке құжатыңнан басқа ештеңе керек емес. Керек десең, порталдан онлайн тапсырыс бер. Электронды кілтің болса, ол шемішке шаққандай оңай іс. Психо, нарко және туберкулезге қарсы диспансерлерден анықтамаларды да сол мекемелерге барып алатынбыз. Ақы төлейтінбіз. Уақытымыз шығын болатын. Қазір бұл да онлайн. Тегін. Әрі бірнеше минутта ғана шешіледі шаруаң. Болмаса, өз атыңда жер не үй барын анықтар тілім қағазды алуға жарты күн уақытың кезекте күйетін. Одан кейін құжатты 7-15 күннің арасында күтетінсің. Сондықтан да шығар, оны халық арасында «стошка» деп атап кеткен-ді. 100 доллар пара берсең, бір-ақ күндік қуаты бар қағазды тез алуға болатын. Қазір бар да, ой, отыр да, онлайн ала бер. Қалағанынша.

Осындай жақсылықтарды айта берсең, көп қой. Сол ЭЦҚ-ның өзін бертінге дейін орталыққа барып алатынбыз. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, өз кілтімді алуға консультант қыздан әркез кеңес сұрай беруден ұялатынмын. Қазір пажалыста, онлайн ал. Ал электронды цифрлық қолтаңбаң болса, мемлекет көрсетер қызметтің 80%-ын үйден ала бересіз. Сонымен, ЭЦҚ-ны онлайн алу үшін өтінімді Электронды үкіметтің egov.kz порталынан бересіз. Веб-камерасы бар компьютер, жеке куәліктің немесе паспорттың түпнұсқасы қажет, болды. Төтенше жағдай кезінде кемі 274 мың ЭЦК осылай беріліпті. Соған қарамастан, Еговты әлі де «қарғап-сілейтіндер» табылар. Шамасы, олар бұл қызметтерді қолданбаған немесе бір рет қолданып, бірақ, қалаған қағазына қолын жеткізе алмай қалғандар-ау. Ал шын мәнінде, осы жүйенің арқасында өміріміз қаншалықты жайлы бола түскенін ұмыып та қалыппын(з)

![](https://storage.yvision.kz/images/user/400928/833ef24c9da6f19a9bd0a22cfd75b9.jpg)

Автор: Өркен Кенжебек

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yry-k-nnen-keyin-k-rge-de-yrenesi-855777](https://yvision.kz/kk/post/yry-k-nnen-keyin-k-rge-de-yrenesi-855777)