---
title: "«Ғылым ордасындағы» қысқы бақ"
description: "Ғылым мен білімнің қайнаған ортасы саналатын, халықаралық басқосулар мен түрлі ғылыми және мәдени ..."
author: "Burkhanova"
published: "2017-08-21T22:49:08+00:00"
modified: "2017-08-21T23:32:14+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ylym-ordasynda-y-ys-y-ba-775538"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ylym-ordasynda-y-ys-y-ba-775538/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Ғылым ордасындағы» қысқы бақ

> Ғылым мен білімнің қайнаған ортасы саналатын, халықаралық басқосулар мен түрлі ғылыми және мәдени ...

Ғылым мен білімнің қайнаған ортасы саналатын, халықаралық басқосулар мен түрлі ғылыми және мәдени іс-шараларға қақпасын айқара ашып, төрін ұсынатын Алматы қаласында **«Ғылым ордасы»** кәсіп орнына келсеңіз, қарбалас тірліктің лебін сезесіз. Өйткені, бұл мекеме – өркениеттің ордасы, отандық ғылымның өркендеуіне қызмет еткен білімділер мекені. Сырттан келген жанның көзіне бірден түсетін «Қысқы бақ» жоғарғы қабатта жұмыс істейді. Жоспарлы тақырыптағы маңызды шаралар мен кездесулер осы бақтың ішінде өтеді. Негізінде қызметкерлер қарбалас жұмыстан шаршағанда, өсімдіктер әлемін көріп рухани серпіліс жасайды. Кейде тіпті, басқа жақтағы адамдар арнайы сол қысқы бақты көруге келеді. Осы ретте, біз аталған кәсіпорындағы ***қысқы бақтың күтіміне жауапты флорист-биолог Самыратбаева Қарлығаш Тілешқызымен*** жүздесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға сол сұхбатты ұсынбақпыз.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/estetika/NeqI93LtH0SlBxcZ4W1loM1Tcww1mu.jpg)

- А**лғашқы сұрақты сіз қызмет ететін «Қысқы бақтан» бастасақ. Қай кезден бастап жұмыс істеп келеді? Мұнда қанша өсімдік түрі бар? Жалпы, осы бақтың тыныс-тіршілігіне туралы айтсаңыз.**

-Қысқы бақ 1973 жылы ҚазССР ғылым академиясының президенті Асқаров Меңліахметұлы Қонаевтың бастамасымен құрылған. Көлеміне келер болсақ, 200 шаршы метр жерді алып жатыр. Қысқы бақта тропикалық және субтропикалық бөлме өсімдіктері бар. Жалпы саны 300-ден аса өсімдік түрі өсіріледі. Сонымен қатар, жабық грунтта өсірілетін гүл саны 460-қа жуық. «Гүлсіз бұлбұл үнсіз» дегендей екі әнші құсымыз (канарейка) бөлме гүлдерінің арасында құлақ құрышын қандыра әндетіп, керемет үйлесім тапқандай. Әнші құстардың әсерінен келушілер кейде ертегі әлеміне енгендей күй кешеді.

 

**-«Қысқы бақта» 300-ден астам өсімдік түрі бар деп қалдыңыз. Соның ішінде ерекше 5 өсімдікке тоқтала кетсеңіз...**

Қысқы бақта ерекше өсімдіктер өте көп. Соның ішінде ғылыми тілдегі аты **Ceratonia**, ал халық арасында «церотония рожковое дерево» деген атауға ие бөлме өсімдігін айтуға болады. Цератония бұршақ тұқымдасына жатады, ағаш тәрізді өседі және жапырағы бұйраланып келетінімен ерекшеленеді. Дәрілік қасиеті мол. Цератония гүлдейді, гүлі өте әдемі, ал гүлінің исі тіпті керемет. Тіпті бір күні мынандай қызық оқиға болды. Циротония гүлдеп тұрған мезетте жұмыс орныма келген әрістестерім: «Мына жерге әтір сеуіп қойғансыз ба? Иісі қандай керемет! Әтір қалай аталады?» деп қызығушылық танытып таласа сұрақ қойған еді. Расымен де, цератонияның хош иісі бүкіл қысқы бақтың ішін алып кеткен болатын. Аталған өсімдік жайында ел аузында түрлі туралы аңыз айтылады. Кімде-кім цератонияның гүлдегенін көретін болса, ол адам бақытқа кенеледі-мыс...

**Клеродендрон** (Сlerodendron) вербена тұқымдастына жататын өсімдік. Африкадан әкелінген. Гүлінің сабағы жуан емес, жапырағы сүйірлеу болып келеді. Жарық, жылу сүйгіш бөлме өсімдігі. Қалемше арқылы көбейтіледі. Гүлінің әдемілігі үшін өсіріледі.

**Ірі жапырақты ногоплодник (Podocarpus macrophyllus)** бөлме өсімдігі. Биіктігі 2 метрге дейін жетеді. Отаны Жапония. Жапырағы қылқанжапырақтыларға ұқсас ағаш тәрізді болып өседі. Бөлмеге бұталы өсімдік ретінде сән береді. Қалемшесі немесе тұқымы арқылы көбейтеді.

**Фикус инжир** **(Ficus carica)** бөлме өсімдігі. Отаны Индия, Австралия. Бұталы өсімдік. Бөлмеде үлкен бұталы ағаш тәрізді. Каучукті фикус деген де атауы бар. Гүлі ақ түсті, сары түсті жеміс береді. Бұл бөлме өсімдігінің бір ерекшелігі, гүлін түнде ғана ашып, тез арада жеміс береді. Жапырағының көлемі 13 см.

**Кротон** - бұталы өсімдік. Отаны Оңтүстік Батыс Азия . Бөлме жағдайында сирек гүлдейді. Гүлі ұсақ, ақ түсті болып келеді. Жапырағының әдемілігі үшін өсіреді.

**Өсімдіктерді күтіп-баптау барысында қандай қиындықтар болды?**

Мұндағы өсімдіктерді күтіп-баптауда еш қиындық жоқ деуге болады. Негізінде, суын уақытылы құйып, жапырығын жуып, шаң–тозаңнан тазартып, су бүркіп тұру керек. Сонымен қатар, көктемнен күзге дейін 2 аптада 1 рет минералды тыңайтқышпен қоректендіру керек. Жабық грунтта болғандықтан зиякестен арылу мақсатында айына **2 рет «Актара» дәрісін пайдаланамыз. Актара - исі жоқ түсі ақ ұнтақ ерітінді. Көктем айында топырағының бетін тазалап алып, жаңа топырақ саламыз.**

Алматы қаласында жас натуралистер стансасында жұмыс орнымда гүл үйірмесін жүргізгенбін. Өсімдіктер әлеміне қатысты қазақ тілінде жазылған материалды тапшылығы болды, әрине. Орталық кітапханада қазақша бөлме гүлдері туралы ақпаратты табу мүмкін емес болатын. Сондықтан, кітап дүкенінен Москваның «Мартин» баспасынан шыққан «Комнатные растения» деген үлкен энциклопедиясын сатып алып, қазақшаға аударуыма тура келді. Сол кітаптан үйренгенімді тәжірибе жүзінде балаға көрсету арқылы сабақ өтетінмін. Кейіннен сүйікті «Гүлстан» журналыммен, және «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы Гөзел Құлжабаеваның дидактикалық матералдарымен танысып, көзім ашылды десем болады. Өйткені, мен сіздердің материалдарының арқылы ең әуелі өзімнің білімді, одан кейін алдымда отырған баланың білімін арттырдым. Содан бастап сіздердің тұрақты оқырмандарыңызға айналдым. Әрбір санын асыға күтемін. Қазіргі уақытта сабақ бермеймін, дегенмен, осы жұмыс барысында сіздердің ақпараттарыңызды жиі пайдаламын.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/estetika/MOE8RdczLhejaVS69OXrw3h17z93qG.jpg)

- **Алға қойған мақсатыңыз не? Болашаққа жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.**

- Алдағы уақытта қысқы бақты одан әрі көркемдеп, жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Атап айтар болсам, күн сәулесі түсетін терезеге қашықтықтан ашылып-жабылатын жалюз қою, сонымен қатар, бұл жер жабық алаң болғандықтан, желдету құрылғыларын орнату, сондай-ақ, коллекциямызды жаңа әрі сирек өсімдіктермен толықтыру жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Бақтың ішіне адам кіргенде, жанын жадырататындай қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз. Көгалдандырумен айналысып жүрген маман жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Менің басты мақсатым, қазір өсіп тұрған гүлдерге күтім жасай отырып, ішін одан әрі көркейту әрі келушілерге білгенімді бөлісу.

 

СҰҚБАТТАСҚАН:

"Ғылымды насихаттау, қоғамдық ақпарат және баспа ісі" бөлімінің бас маманы **Назира БУРХАНОВА**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ylym-ordasynda-y-ys-y-ba-775538](https://yvision.kz/kk/post/ylym-ordasynda-y-ys-y-ba-775538)