---
title: "Әйелдер және отбасылық зорлық-зомбылық"
description: "Қазақтың батыр қыздары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетов мырзаға хат жазады!Құрметті Иманғали Нұрғал..."
author: "amireyeva.a"
published: "2020-12-13T15:15:32+00:00"
modified: "2020-12-13T15:15:32+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/yelder-zh-ne-otbasyly-zorly-zombyly-889781"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/yelder-zh-ne-otbasyly-zorly-zombyly-889781/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Әйелдер және отбасылық зорлық-зомбылық

> Қазақтың батыр қыздары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетов мырзаға хат жазады!Құрметті Иманғали Нұрғал...

Қазақтың батыр қыздары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетов мырзаға хат жазады!

Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы!

Сіз ел ішінде ерекше орны бар, қазақтың айтулы азаматы деген сеніммен хат жазып отырмыз...

Соңғы уақытта күйеуінің зорлық-зомбылығының нәтижесінде көз жұмған Сымбат Кулжагарованың мәселесіне байланысты қоғамда үлкен дау мен үреу туылды. Терезеден секірген, өз-өзін өлтіруге мәжбүрлеген, өлтіру, ауруханаға жабу секілді қорқыныш пен бопсалаулар көрсеткен күйеулер туралы қаншама жағдайлар айтылып жатыр, ал естімеген тағдырлар тағы көп. Қашанғы біздің қаракөздер кең қазақтың жерінде өз балаларының әкесінен қорлық көріп, қуғын-сүргін мен аяусыздыққа толы өмір сүріп, ақыры топырақ құшып тыныштық табуы керек... Әр нәзік жандының әкесі мен анасы қыздарын қызғыштай қорғап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, аялап өсіреді. Не себепті аяулы қыздары отбасы құрған соң соншалықты қиын қыстау күн көру керек? Не себепті оқыған, ибалы да инабатты аруларымыз балаларын жетім қалдыруы керек? Не себепті саналары әлі қалыптаспаған, жас жеткіншек балалар өміріндегі ең асыл жандарының дау дамайы мен қасіретіне куә болуы керек? Не себепті Мәншүк Маметова мен Алия Молдағұлова апаларымыздың сіңлілері өз елдерінде, өзіміздің қазақ азаматтардан қиянат көруі керек?

Ия, әрине бұл ер азаматтарымыздың өте ұсақталып, сана сезімдерінің өте төменгі хайуандық деңгейге жеткендіктерінің, ар оржан ұяты жоқтығы, Құдайдан қорықпағандықтың белгісі шығар. Бірақ неге мемлекеттік тұрғыда заң қабылдап, жазалау шараларын қарастырмасқа? Неге аяулы қыздарымызға қауіпсіздік қамтамасыз етпеске? Неге күннен күнге қаракөз қыздарымызды жоғалтуды тоқтатуға, осы мәселені шешуге қамданбасқа? Неге біз «сен тимесең, мен тиме» ұстанымын алға тартып, барлығына көз жұмып өте береміз? Әлі қаншама балалар жетім қалуы керек? Әлі қаншама жас, жан, қан төгіліп, тағдырлар үзілуі керек?

Біз, қазақтың батыр қыздары, қаракөз арулар қоғамда ер азаматтардан зорлық-зомбылық көруді тоқтату мәселесін шешу үшін Сіздің көмегіңізді және қазақ азаматтарымызға өз пікіріңізді жеткізуіңізді сұраймыз. Елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбында мектептерде, оқу орындарында, қоғамдық және діни мекемелерде агитациялық жұмыстар жүргізілсе, «қамқор әке, мейірман күйеу» культі енгізілсе, заң жүзінде отбасындағы қылмысқа қатаң жаза тағайындалып, жазалар халыққа әшкере орындалса және т.б. үлкен сарынды, сананы өзгертуге үлесін тигізетін көптеген дүниелер жүзеге асса, болашағымыз жарқын және бақытты отбасыларымыз көп болады деп сенеміз. Отан отбасынан басталады емес пе?!...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/yelder-zh-ne-otbasyly-zorly-zombyly-889781](https://yvision.kz/kk/post/yelder-zh-ne-otbasyly-zorly-zombyly-889781)