---
title: "Вейптен кейін қор-қорға да тыйым салына ма?"
description: "Бүгін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қор-қорға (кальян) қатысты мәселе көтерді. Ол қазір..."
author: "seri.jigit"
published: "2024-01-24T10:25:16+00:00"
modified: "2024-01-24T10:25:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/veypten-keyin-or-or-a-da-tyyym-salyna-ma-1000241"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/veypten-keyin-or-or-a-da-tyyym-salyna-ma-1000241/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Вейптен кейін қор-қорға да тыйым салына ма?

> Бүгін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қор-қорға (кальян) қатысты мәселе көтерді. Ол қазір...

Бүгін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қор-қорға (кальян) қатысты мәселе көтерді. Ол қазір қор-қор ұсынатын көңіл көтеру орындары көбейіп кеткенін алға тартты.

![Вейптен кейін қор-қорға да тыйым салына ма?](https://storage.yvision.kz/images/user/577778/7861c59ce812d18eaebd4ddf93d517.jpg)

Дәулет Тұрлыханов осы тұрғыда премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

«Қазір пайдасынан зияны көп электронды темекі, синтетикалық есірткі, энергетикалық сусын секілді зиянды заттар күннен күнге көбейіп барады. Солардың бірі – кальян. Бұл затты арнайы көңіл көтеретін, тамақтанатын орындарда қойып, жастар көлікке салып алып жүретін жағдайға жетті. Кальянды қоғамдық орындарда қоюға заң жүзінде тыйым бар. Алайда бұл норма орындалмай отыр. Өйткені 3 жыл бойы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий болды. Тексерісті тоқтату деген - заңды бұзуға негіз емес. Ал кальянның құрамында не бар екені, не қосып жатқаны мүлдем белгісіз. Оған темекіден бөлек, түрлі ароматизаторлар, масайтатын заттар қосылатыны жасырын емес. Оған гашиш те, алкоголь де қосуы әбден мүмкін. Оны қадағалап жатқан кім бар?», - деді депутат.

Тұрлыхановтың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі елімізде қолданылатын қор-қордың құрамына, түтініне сараптама жасап, оның адам денсаулығына тигізетін зияны бойынша қорытынды әзірлеуі тиіс. Сөйтіп, вейптен кейін оған да тыйым салуды қарастыратын заң жобасын әзірлеген жөн.

Біз бұған дейін Мәжілісте вейптерді әкелуге, өндіруге және сатуға тыйым салуды қарастыратын заң қабылданғаны туралы жазғанбыз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/veypten-keyin-or-or-a-da-tyyym-salyna-ma-1000241](https://yvision.kz/kk/post/veypten-keyin-or-or-a-da-tyyym-salyna-ma-1000241)