---
title: "«Ұлттық ойындар – бабадан қалған асыл қазына» отбасылық ойындар жарысы"
description: "13 қыркүйек күні Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында «Ұлттық ойындар– бабадан қалған асыл қазына» атты отбасыл?..."
author: "journalist_n"
published: "2024-09-16T09:03:03+00:00"
modified: "2024-09-16T09:03:03+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ulttyk-oyyndar-babadan-kalgan-asyl-kazyna-otbasylyk-oyyndar-zharysy-1007385"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ulttyk-oyyndar-babadan-kalgan-asyl-kazyna-otbasylyk-oyyndar-zharysy-1007385/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Ұлттық ойындар – бабадан қалған асыл қазына» отбасылық ойындар жарысы

> 13 қыркүйек күні Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында «Ұлттық ойындар– бабадан қалған асыл қазына» атты отбасыл?...

**13 қыркүйек күні Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында «Ұлттық ойындар– бабадан қалған асыл қазына» атты отбасылық жарыс өтті. Шараны орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ ұйымдастырып, оған Т.Айбергенов атындағы №16 мектеп, Абай атындағы №87 мектеп-гимназия, №31 мектеп оқушылары мен кітапхана оқырмандары және қала тұрғындары қатысты.**

Шара барысында «Тоғызқұмалақ», «Асық», «Арқан тарту» сияқты ұлттық отбасылық ойындар ойнатылып, кітап көрмесі өтті. Асық ойынын Елорда ақсақалдары кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуарбек Ералы ашса, Сарыарқа ауданы ақсақалдары кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін Мырзақанұлы Нұрғазин бұл ойынының тарихы мен мағынасына тоқталып, оны ойнаудың тәсілдерін көрсетті. Асықтың түрлерін айтып берді. Ойын кезінде асыққа деген қызығушылық арта түсті. Ұлттық ойынның жастар арасында танылып жатқаны қуантарлық жайт. Асық ойнап, 1-орынды қанжығасына байлаған Рауан Шырынбет, Серік Жалғас пен Жанатхан Рахматуллах 2-орын алды. Ал Айтатын Сағын 3-орынға табан тіреді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/ada76a768b93bf6f3b29973534dc2f34.jpg?width=1066&height=1600)

Арқан тартысқа тек балалар ғана емес, үлкендер де білек сыбана кірісті. Ойынға №16 және №31 мектептің оқушылары қатысып, №16 мектептің ұландары жүзден жүйрік шықты. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Молдатаев Ғалымға «Алғыс хат» пен сыйлықтар табысталды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/e21ee376af5f5b2b8fe38111e4751b35.jpg?width=3888&height=2592)

Алғырлықты, терең ойды талап ететін «Тоғызқұмалақ» ойынында бірнеше оқушы бақтарын сынап көрді. Жүзден жүйрік шыққан – Т. Айбергенов атындағы мектептің оқушылары: Ұлан Ақылов, Інжу Нұрберген және Бақыт Тұрдалы. Жетекшісі – Жазира Ибрайымқызы.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/3caef61e9a224e8edf09a17723fd1dd7.jpg?width=3888&height=2592)

Ұлттық ойындар – ата-бабаларымыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінді байланыстыратын баға жетпес байлық, асыл қазына. Ол адамның шығармашылық қабілетін оятып, ойдың, тілдің қалыпты дамуына жол ашады. Ұлттық ойын түрлерінің мазмұнын түсіндіріп, оған қызығушылықты жарыс арқылы арттыруды мақсат еткен шара қызық та, танымды өтті.

Ұлттық ойындар – мәдени мұрамыз. Сондықтан өскелең ұрпақтың санасына ұлттық салт дәстүріміз бен ойындарымызды сіңіре білу өте маңызды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/e66c64938a8c53ba7ddceb3fa3b20f59.jpg?width=3888&height=2592)

Сонымен қатар шараға қатысушылар назарларына Қазақстанның ұлттық ойындарына арналған «Ұлттық ойыңдар – бабадан қалған асыл қазына» кітап көрмесін ұсынылды. Көрмеге 120-дан астам кітаптар мен мерзімді басылымдар қойылды. Бұл әдебиеттерде Қазақстандағы ойындардың шығу дәстүрі мен әдет-ғұрыптары туралы, Кеңестік Қазақстанның және қазіргі тәуелсіз Қазақстанның атақты спортшылары туралы да деректер қамтылған. Көрмені 100-ден астам адам тамашалады.

**Сурет авторы:** орталықтандырылған

кітапханалар жүйесі КММ

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ulttyk-oyyndar-babadan-kalgan-asyl-kazyna-otbasylyk-oyyndar-zharysy-1007385](https://yvision.kz/kk/post/ulttyk-oyyndar-babadan-kalgan-asyl-kazyna-otbasylyk-oyyndar-zharysy-1007385)