---
title: "«Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 7 күн"
description: "7-ші күн (07.06.2015): Таң Қарағанды төрінде, нұр мен шапағатқа бөлене атты. Вокзалдан бұрынғы автоб..."
author: "Kozybay_Aidana"
published: "2015-08-11T12:17:53+00:00"
modified: "2015-08-11T12:17:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tu-an-elge-ta-zym-atyrau-ara-andy-7-k-n-514898"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tu-an-elge-ta-zym-atyrau-ara-andy-7-k-n-514898/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 7 күн

> 7-ші күн (07.06.2015): Таң Қарағанды төрінде, нұр мен шапағатқа бөлене атты. Вокзалдан бұрынғы автоб...

**7****-ші күн (07.06.2015):**

Таң Қарағанды төрінде, нұр мен шапағатқа бөлене атты. Вокзалдан бұрынғы автобус күтіп алып, мектепке жеткізді. Тамақтанып, азғана тыныққан соң, экспедиция жалғасын тапты. Бұл, әрине, соңғы күн. Осыған дейін танысып, дос болып, бауыр басып қалған құрдастарымызды соңғы рет көріп қалуға, соңғы рет олармен бірге экспедицияға баруға мүмкіндік туды. Сондықтан, барлығымыз бүгінгі сапар ұмытылмастай болатынына толық сенімді болдық.

Алдымен, Қарағанды политехникалық колледждің оқу шахтасына түстік. Бұл шахта КСРО кезінде жұмыс жасап, кейінірек тоқтап қалыпты. Мұнда шахтер жұмысына керекті техникалардың барлығы бар екен. Байқағанымыз, бұл шахта Жезқазғандағы шахтадан біраз ерекшеленеді екен. Осы колледж мұғалімдері бізді аралатып, техникалармен таныстырды. Көмір шахтасын бірінші рет көріп тұрған мен үшін бұл аса ерекше дүниедей көрінді. Шыныменде осындай қараңғы, суық жерден ел дамуына үлкен үлес қосып отырған қара жақұт алынары рас екен ғой. Шахтерлер қаласының мақтанышы болған осы көмір емес пе? Одан кейін біздің экскурсиямыз қыза түсті. Өйткені, біз еліміздің бетке ұстар холдингіне келіп тоқтадық. Ол Қарағанды халықаралық “Фитохимия” ғылыми- өндірістік холдингі еді. Бұл жерді ұзақ араладық. Мұнда биологиялық және химиялық, технологиялық бөлімдер бар екен. Биологиялық бөлімде өсімдіктерді жайлы жағдайда өсіріп, күтім жасайды екен. Барлығы 130 өсімдік түрі болса, оның 21-сы эндемикалық өсімдіктер екен. Олар тек біздің елімізде кездеседі. Өсімдіктер көбіне Қаратау мен Алтайдан, Оңтүстік Қазақстаннан әкелінеді екен. Мекеме дәрі- дәрмек жасаумен айналысса да, басты мақсаттарының бірі эндемикалық өсімдіктерді сақтап қалу екен. Химиялық лабораторияда осы өсімдіктерді зерттеп, құрамын анықтайды. Өсімдіктерді қарап шыққан соң, гербарийге бардық. Мұнда 30000 түр сақталған. Гербарийдің мақсаты- жаңа өсімдік түрін алу, яғни, будандастыру. Сонымен қатар, өсімдікті морфологиялық тұрғыдан зерттеуге қолайлы екен. Арнайы металл сөрелерде 1937 жылдан бері сақталған гербарий Қазақстан бойынша 2-ші ірі гербарий болып табылады. Гербарийдегі әр өсімдік жайлы толық мәлемет мекеменің ақпараттық қорында сақталады. Атап айтсақ, өсімдіктің фотосуреті, орналасқан сөресі, әкелген қызметкер, таралу ортасы, түрі, т.б. қосымша мәліметтер бар. Осынан кейін қызметкерлерлің бірі өзі дайындаған экдифит дәрісімен таныстырды. Экдистин атты дәріні алмастыра алатын бұл препарат шаршағанды тез басып, энергияны қалпына келтіреді екен. Биологиялық бөлімде жануарларға сынақ жүргізеді. Атап айтқанда, тышқандар мен теңіз шошқалары, қояндар. Оларды салатын арнайы қораптар сыртқы тірлікті көрсетпейді. Жануарларға берілетін препараттарды да әбден тексеретін болған соң, олардың өлімі өте сирек болады екен. Осыдан соң химиялық бөлімге бардық. Бұл процесстің ең маңызды бөлігі. Өсімдіктен эфир майын алу, содан соң олардың құрамындағы биологиялық белсенді заттарды анықтап, әрі қарай дамыту жұмыстарын жүргізеді екен. Алынған дәрілік зат көптеген зерттеулер мен тексерулерден өтеді екен. Солардың ішіндегі ең ұзағы әрі маңыздысы клиникалыққа дейінгі тексеру. Содан кеін клиникалық тексеру жүреді және бұл соңысы. Экскурсия барысында біз өте қызықты аппараттарды көрдік. Соның ішінде маған ұнағаны препараттың ағзадағы әрекетін анықтауға көмектесетін аппарат. Ол препараттың қандай ортада ыдырайтынын және ол қанша уақыт алатынын көрсетеді. Кәсіпорынның ғана емес, бүкіл Қазақстанның жетістігі болып табылатын Арглабин дәрісімен таныстық. Ол қатерлі ісікке қарсы дәрі, жусаннан дайындалады. Бұл дәрі Ресей, Германия сияқты елдерге экспортталады. Мысалы, Ресейде қатерлі ісіктен зардап шегетіндер саны 6 млн.-ға жетеді. Ал біздің елімізде 160 000 адам. Сондықтан өз елімізге қарағанда шетелдердің сұранысы өте көп (жылына 5 миллион ампуланы құрайды). Бұл дәрі әлемнің 11 елінде патенттелген. Экскурсия аяқталған соң, бізге жүрек жалғап алуға тәтті тағамдар ұсынды, содан соң, осы басқарма төрағасы Серғазы Мыңжасарұлы Әдекеновпен шағын әңшімелесу өткіздік. Сұрақтарымызды қойып көптеген құнды ақпараттар алдық. Мекеме 1995 жылы жұмысын бастапты. Қазір Қазақстандағы жкстракт дайындау әдістері толығымен бір жерде өтетін жалғыз кәсіпорын екен. Конференция соңында бізге шағын естелік сыйлықтар берілді. Кітапша, автоқалам және фиточайлар. “Фитохимия” кәсіпорнын аралау ұзаққа созылды, бірақ ол өте танымды өткені рас. Осыдан соң бәріміз өңірдегі сауда орталығы “City mall”-ға аттандық. Онда жақындарымызға, достарымызға және де ТЕТ жобасына қатысушаларға шағын естелік сыйлықтар алдық. Мектепте қоштасу концерті өтті. Жобаға қатысып отырған алты қала өз өнерлерін көрсетіп, сыйлықтарын тарту етті. Әрине, әрқайсысы осы апта ішіндегі танымды, көңілді проект жөніндегі ойларымен бөлісіп, соңғы сөздері мен тілектерін жаудырды. Клнцерт соңы би кешіне жалғасты. Әрбіріміз сыйлықтарымызбен бөлісіп, қоштастық. Біз, яғни, Атырау Қарағандыдан алғаш аттанады екенбіз. Бар болғаны жеті күн бірге өткізсек те көңлімізде, жүрегімізде ұмытылмас әсер қалды. Қоштасып, көзімізге жас алысып, вокзалға жол тарттық. Тағы да кездесеміз деген үлкен үмітпен Атырауға оралдық. Осы бір апта есімізде міңгі қалмақ, өйткені, ол керемет, ғажайыптар мен жаңа білімге, жаңа достарға толы еді...

![«Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 7 күн](https://storage.yvision.kz/images/user/kozybay_aidana/Skz5Gn5AYEXLri4fky182mYDnw91wT.jpg)

![«Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 7 күн](https://storage.yvision.kz/images/user/kozybay_aidana/hFU8lOZ12kf1SZUj1MX25b9P5tuN2b.jpg)

![«Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 7 күн](https://storage.yvision.kz/images/user/kozybay_aidana/xHdAI41MLVI6r364umfZk0n0RQsV3X.jpg)

![«Туған елге тағзым». Атырау- Қарағанды: 7 күн](https://storage.yvision.kz/images/user/kozybay_aidana/FgfEhJOwv1HEN18CtdHfSdL7Pjep4N.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tu-an-elge-ta-zym-atyrau-ara-andy-7-k-n-514898](https://yvision.kz/kk/post/tu-an-elge-ta-zym-atyrau-ara-andy-7-k-n-514898)