---
title: "Тосынқұм туралы"
description: "Бір жолы Шақшақ Жәнібек адамдарымен қонысқа жер көріп жүргенінде қалмақтарға кездесіп қалып, жерді б..."
author: "Fvfylsr"
published: "2021-06-30T16:17:29+00:00"
modified: "2021-06-30T16:17:29+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tosyn-m-turaly-940478"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tosyn-m-turaly-940478/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тосынқұм туралы

> Бір жолы Шақшақ Жәнібек адамдарымен қонысқа жер көріп жүргенінде қалмақтарға кездесіп қалып, жерді б...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3d1e1d6864f084bad383fd50081d3d.jpg)

Бір жолы Шақшақ Жәнібек адамдарымен қонысқа жер көріп жүргенінде қалмақтарға кездесіп қалып, жерді босатыңдар деген талап қояды. Олар қарсы дау айтады. «Онда берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан алармын»,– дейді Жәнібек. Қалмақ жағы: – Соғысып адам шығындамайық, жекпе-жекке тұрайық. Кімнің батыры жеңсе, жерді соған қалдырайық, – дейді. Бәтуә осы болған соң, күн байласып, жекпе-жек өтетін орынды белгілеп, үш күнге пұрсат алысады.

Содан Жәнібек жекпе-жекке Уақтың Жолмырза, Қарамырзаларына ат шаптыртып, Қазы Бармақ батырды қосар атпен алдыртады. Бармақ келіп жеткенде, – Жолсоқты болып келдің ғой, бүгін демал, ертең болсын жекпе-жек, – дейді. Бармақ, – Жоқ, неде болса осы келген бетімде көрейін, хабар бергізе беріңіз, – дейді. Қалмақ жағына жекпе-жекке әзірміз деген хабар жіберіледі. Ол жақтан Сәдірбала деген батыр шығады. Мұны қырғыз деп те айтады. Жәнібек: атың шаршап келген шығар, тың тұрған менің атымды мін, – дейді. Бармақ Жәнібектің атына мініп көріп: – Тақымым үйренген өз атым дұрыс болар, – деп өз атына мініп шығады. Жекпе-жекте Сәдірбаланы өлтіреді.

Содан қалмақ ауып, жерден көтеріледі. Көшерінде солар айтты деген мынадай бір сөз бар: – «Қара суы бал татыған, ақшабағы май татыған, Торғай-ай! Жігітінің беті қызыл болатын, атының құйрығы ұзын болатын, Тосын-ай!» – деп, жылап кетіскен екен дейді көне сөз.

Суретте «Алтын Дала» резерваты «Тосынқұм» учаскесінің аумағы!

Фото авторы - Данил Потапов-Поличинский

Айтқандай, фотодағы жер астынан су шығып жатқан, шағын көлшікті жердің атын Қарақұдық дегенмен, кейін Ізбасты деп естідік. Су жылы, көміртек исі бар, емделушілер бар деп айтты, бірақ оның құрамы, пайдалылығы туралы әзір толық мәлімет жоқ. Дегенмен, зияны жоғы нақты. Ауруларынан құлан таза емделгендер бар екен. Түбі бұл жерге (учаскенің шеткері жері) адамдардың денсаулығын түзету үшін курорт па әлде санаторий ма керек екені түсінікті.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tosyn-m-turaly-940478](https://yvision.kz/kk/post/tosyn-m-turaly-940478)