---
title: "Токио Олимпиадасына 60 күн қалды: дайындықтың қорытынды кезеңі"
description: "Төрт жылдықтың басты додасына бір айдан сәл көп уақыт қалды. Бүгінге дейін Қазақстан спортшылары 24 ..."
author: "aibarrysdaulet"
published: "2021-05-27T09:39:11+00:00"
modified: "2021-05-27T09:39:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tokio-olimpiadasyna-60-k-n-aldy-dayyndy-ty-orytyndy-keze-i-936712"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tokio-olimpiadasyna-60-k-n-aldy-dayyndy-ty-orytyndy-keze-i-936712/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Токио Олимпиадасына 60 күн қалды: дайындықтың қорытынды кезеңі

> Төрт жылдықтың басты додасына бір айдан сәл көп уақыт қалды. Бүгінге дейін Қазақстан спортшылары 24 ...

Төрт жылдықтың басты додасына бір айдан сәл көп уақыт қалды. Бүгінге дейін Қазақстан спортшылары 24 спорт түрінен 60 жолдаманы жеңіп алған

«Қазір әлем алапат індетпен арпалысып жатқанда Олимпиада өткізудің қаншалықты жауапты екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Атлеттеріміздің амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету біз үшін кезек күттірмейтін жұмыс. Делегацияны Олимпиада өтетін қалаға жеткізу, материалдық-техникалық жабдықталуы пандемия басталмай тұрып та осыған дейін де маңызды мәселе болып келген.

Біздің міндетіміз – дода басталмай тұрып, барлық спортшымызды Токиодағы Олимпиада ауылына аман-есен жеткізіп, төрт жылдықтың басты бәсекесі аяқталысымен олардың елге дәл солай аман-есен жеткізу. Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитеті мен біздің тараптың негізгі басымдығы әрдайым спортшылардың және ойындарға қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала береді.

Ұйымдастыру комитеті Қазақстанмен қатар өзге де қатысушы елдерге қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты бірқатар талап қойып отыр. Өз кезегінде біз спортшыларымызды сақтандыру үшін бар жағдайды жасауға дайынбыз. Қазір Ұлттық Олимпиада комитеті Қазақстанның ұлттық федерацияларымен бірлесіп, Олимпиада құрамасын алдағы бәсекеге дайындау жұмысын жүйелі жүргізіп жатыр. Токиодағы ойындардың сәтті өтуі жалпы Олимпиада ғана емес, сонымен қатар әлемдік тарихқа алтын әріппен жазылатыны күмәнсіз»,-дейді Ақтоты Райымқұлова.

Спортшыларды вакцинациялау күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Вакцинаны Олимпиада жолдамасын иеленген спортшылардың шамамен 60%-ы, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелерінен 150-ден астам спортшы салдырды.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ҰОК-тың мақсаты екенін атап өтті.

«Біз Олимпиадаға дайындықтың соңғы кезеңіне кірісеміз. Спортшыларымыздың қарбалас күнтізбесі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар арасында үзіліс жасауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар қазіргі кезде олимпиадалық спорт түрлері бойынша 22 құрама шетелде оқу-жаттығу жиынында және жарыстарда. Қалғандары еліміздегі базаларда жаттығып жатыр. Іріктеу сындары маусым бойы өтеді. Былтыр Олимпиаданың кейінге шегерілгені спортшыларымызға әсер етпей қойған жоқ. Сондай-ақ, біздің бүгінгі міндетіміз - Олимпиадаға дейін екі айдан аз уақыт қалғанда делегацияның кетуі мен келуін үйлестіру жұмысынан басқа, Қазақстан командасының мүшелерін олардың өміріндегі маңызды жарыстар алдында барынша жайлы жағдайлармен қамтамасыз ету», - деді Бас хатшысы.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tokio-olimpiadasyna-60-k-n-aldy-dayyndy-ty-orytyndy-keze-i-936712](https://yvision.kz/kk/post/tokio-olimpiadasyna-60-k-n-aldy-dayyndy-ty-orytyndy-keze-i-936712)