---
title: "Қ.Тоқаев: Сингапурдың экономикалық тәжірибесі -Қазақстан үшін маңызды үлгі"
description: "Сингапурдың экономикалық тәжірибесі 30 дамыған ел қатарына кіруді мақсат етіп жүрген Қазақстан үшін ..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2016-09-27T03:36:00+00:00"
modified: "2016-09-30T06:36:36+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/to-aev-singapurdy-ekonomikaly-t-zhiribesi-aza-stan-shin-ma-yzdy-lgi-714335"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/to-aev-singapurdy-ekonomikaly-t-zhiribesi-aza-stan-shin-ma-yzdy-lgi-714335/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қ.Тоқаев: Сингапурдың экономикалық тәжірибесі -Қазақстан үшін маңызды үлгі

> Сингапурдың экономикалық тәжірибесі 30 дамыған ел қатарына кіруді мақсат етіп жүрген Қазақстан үшін ...

Сингапурдың экономикалық тәжірибесі 30 дамыған ел қатарына кіруді мақсат етіп жүрген Қазақстан үшін маңызды үлгі, деді Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Республикасы парламентінің мүшесі, Құрметті аға министрі Го Чок Тонгті жоғарғы палатада таныстыру барысында.

![Қ.Тоқаев: Сингапурдың экономикалық тәжірибесі -Қазақстан үшін маңызды үлгі](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/bOVk96M0wlwqhKqvSipewX69N1HoEr.jpg)

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға Сингапур Республикасы парламентінің мүшесі, Құрметті жоғарғы министрі Го Чок Тонг сапарлап келді. Бүгін сапар аясында Парламент депутаттарымен кездесу мүмкіндігі туды. Биылғы жылдың көктем мезгілінде парламенттік делегацияның Сингапурға сапарлауы кезінде Сингапур Президенті Тони Там Кен Ям, Сингапурдың парламент спикері Халима Як және құрметті жоғарғы министрі Го Чок Тонгпен кездесулер өткізілген болатын. Кездесуде Го мырза Сенат депутаттары алдында сөз сөйлеуге келіскен болатын», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат Төрағасы айтқандай, Го Чок Тонг Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Юдің ісін жалғастырушы.

«1990 -2004 жылдар аралығында Го Сингапур Үкіметін басқарған болатын, оның басшылығымен ел экономикалық дамыған әрі саяси тұрақталған мемлекетке айналды. Го мырза Сингапурдың алғашқы премьер-министрі, негізін қалаушы Ли Куан Юдің ісін жалғастырды. Ол премьер-министр болып тұрған кезеңде жалпы ішкі өнім адам басына шаққанда 22 мыңнан 44 мың долларға дейін өсті. Бүгінде Сингапур Республикасы әлемнің ең бай елдерінің ондығына кіреді. Жүзеге асқан өзгертулер «сингапурлық ғажайып» атағына ие болды», - деді Қ.Тоқаев.

Сенат Спикері атап өткендей, Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі екендігін атап өтті.

«Сингапурдың экономикалық тәжірибесі 30 дамыған ел қатарына кіруді мақсат етіп жүрген Қазақстан үшін маңызды үлгі», - деді ол.

Қ.Тоқаев Қазақстанда Сингапур жоғары деңгейде дамыған, көп ұлтты мемлекет ретінде шынайы құрметке ие екенін атап өтті. Сингапурдың тұңғыш Премьер-министрі Ли Куан Ю 1991 жылы Қазақстанға келгені, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1996 және 2003 жылдары Сингапурға сапарлары екіжақты байланыстардың берік негізін қалады, сондай-ақ алдыңғы саптағы мемлекетті құруда Сингапур тәжірибесін мұқият зерделеудің мүмкіндігіне ие болды.

Төраға Қазақстанның саяси жүйесіндегі Сенаттың рөлі, сондай-ақ еліміздегі бес институттық реформаны іске асырудағы ұлт жоспарының орындалуы туралы әңгімеледі. Сенат Төрағасының сәуірдегі Сингапурға сапары барысында жаңа деңгейге көтерілген екіжақты парламентаралық байланыстары кездесу барысында жоғары бағаға ие болды.

Қазақстанда Парламент Төрағасы Халима Якоб бастаған сингапурдың жауап ретіндегі сапары күтілуде. Сингапурлық саясаткер өз кезегінде Қазақстан Орталық Азиядағы аса маңызды мемлекет екенін, оған Сингапурдың негізін салушы Ли Кун Ю назар аударғанын атап өтті.

Го Чок Тонгтың айтуынша, оның Астанаға сапарының мақсаты АСЕАН, Қытай және Үндістан аймағында басым шоғырланған сингапурлық бизнестің назарын Қазақстанға аудару болып табылады. Бұл тұрғыда «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі зор мүмкіндіктер туғызады. Құрметті аға министр екі елдің бизнес саласындағы делегацияларының алмасуларына ықпал етуді маңызды деп санайды. Сонымен қатар Сингапур мемлекеттік мекемелерді жекешелендіруді жүзеге асырудағы тәжірибесімен бөлісуге әзір.

Мейманның пікірінше, саяси институттарды нығайтуды, салық жүйесін және басқа да бағыттарды жетілдіруді білдіретін «жұмсақ инфрақұрылым» («soft infrastructure») салаларын дамытуда екі елдің мемлекеттік аппараттары арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор.

Оған «Назарбаев университеті» мен Ли Кун Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебі арасындағы әріптестік өзара іс-қимылдың тамаша үлгісі болып табылады. Го Чок Тонг сонымен қатар Сингапур тарапы қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы арқылы екі экономиканың өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін зерделеп жатқанын хабарлады.

Ақпарат көзі: [strategy2050.kz](https://strategy2050.kz/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/to-aev-singapurdy-ekonomikaly-t-zhiribesi-aza-stan-shin-ma-yzdy-lgi-714335](https://yvision.kz/kk/post/to-aev-singapurdy-ekonomikaly-t-zhiribesi-aza-stan-shin-ma-yzdy-lgi-714335)