---
title: "Тимур Сержанұлы: «Міндетті түрде әрбір тілді білсін, жетік меңгерсін, дегенмен қазақ тілін ұмытпасын!»"
description: "Танымал журналист, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «PR және маркетинг» бөліміні..."
author: "nuri123"
published: "2016-04-27T09:55:40+00:00"
modified: "2016-04-27T09:58:50+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/timur-serzhan-ly-mindetti-t-rde-rbir-tildi-bilsin-zhetik-me-gersin-degenmen-aza-tilin-mytpasyn-690832"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/timur-serzhan-ly-mindetti-t-rde-rbir-tildi-bilsin-zhetik-me-gersin-degenmen-aza-tilin-mytpasyn-690832/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тимур Сержанұлы: «Міндетті түрде әрбір тілді білсін, жетік меңгерсін, дегенмен қазақ тілін ұмытпасын!»

> Танымал журналист, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «PR және маркетинг» бөліміні...

**Танымал журналист, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «****PR** **және маркетинг» бөлімінің директоры, «****KT Group****»** **ЖШС бас директоры,** **доцент** **Тимур Сержанұлы жастар арасында «Үш тұғырлы тіл» саясатын қолдау мақсатымен Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы эстафета бастады.**

**&amp;amp;lt;br /&amp;amp;gt;**

**- Сәлеметсіз бе, Тимур Сержанұлы! Эстафетаны бастаудағы мақсатыңыз қандай?**

- Эстафета елге, соның ішінде жастарға «біліктілік пен білімдеріңізді жетілдіріңіздер, ары қарай өркендете беріңіздер» деген мақсатпен жасалынған дүние. Жастар арасында мейлінше көп тіл білуді насихаттауымыз керек. Абайдың «Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың» деген сөзі бар. Тіл білген адам өлмейді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/nuri123/oR4757RV9a9dJufSd9X1rf0kx5SwQw.jpg)

**- Елбасының жолдауында көрсетілгендей «Мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз, ағылшын тілін үйренеміз» деген мақсатпен елімізде үш тұғырлы тіл саясаты жүргізілуде. Осыған байланысты мектептерде кейбір пәндерді ағылшын тілінде өткізу туралы жаңа бастама пайда болды. Сіздің өзіңіздің осы өзгерістерге деген көзқарасыңыз қандай? Жалпы, керек дүние ме?**

- Бұл кеше басталған жұмыс емес. Бұл бұрыннан бері жасалынып жатқан жұмыс. Өзіміздің бабамыз Абай орыс тілін білмесе Пушкинді қалай аударды? Сәкен Сейфуллин, Шоқан Уалиханов жарты Азияны аралап, Қашқарияға қалай кірді екен, қытай тілін білмесе... Қазақ айтады: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді ұмытпа» деп. Бар мәселе осында. Міндетті түрде әрбір тілді білсін, жетік меңгерсін, дегенмен қазақ тілін ұмытпасын!

- Мысалы, сіз бір жерге жұмысқа орналасуға келдіңіз. Мен сізден сұраймын қанша жалақы қажет екендігін. Сіз «жүз мың теңге» дейсіз. Мен сізге «жүз елу мың теңге жалақы берейін» десем, сіз «жоқ, жүз мың теңге» деп келіспейсіз. Ағылшын тілін меңгеруде дәл осылай. Министрлік бізге бонус беріп жатыр, оқысын, үйренсін, білсін деп. Ал біз қарсы шығып отырмыз.

**-Қоғамдық пікірлерге және өзіңіздің «қазақ тілін ұмытпасын» деген сөзіңізге сүйенсек, сабақтың ағылшын тілінде жүргізілуi қазақ тілінің дамып, нығаюына кедергі келтірмейді ме?**

- Мен кедергі келтірмейді деп ойлаймын. Неге? Өйткені адамға байланысты. Ой - өрісіне, керек болса рухына байланысты. Тілді білу тек мектептен емес, үйдегі ата анасының тәрбиесіне де қатысты екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, сіз үйіңізде қазақша сөйлемей, орысша не ағылшынша сөйлесіңізші, қанша жерден мектепте қазақша оқытса да, ертең балаңыз да сіз сияқты қазақша сөйлемейтін болып шығады. Мен бір кісілерді білемін, полиглоттарды, төрт бес тіл білетін. Бірақ өзінің орыс тілін ұмытқан жоқ. Мен бір полиглоттарды білемін екі үш тілді білетін, бірақ қазақ тілін ұмытқан жоқ. Неліктен деп ойлайсыз? Олардың ішкі рухы мықты, өз тілдерін сүйеді. Сондықтан қайталап айтамын, қазақ тілін ұмыту адамның ішкі рухына, адамның өзіне, тәрбиесіне байланысты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/nuri123/zBi82YjCM2D26Fb8780YT8gu1D8OrX.jpg)

**- Полиглоттарды білемін деп қалдыңыз, енді сіз өзіңіз неше тіл білесіз? Сол полиглоттар қатарына сізде кіресіз бе?**

Енді менің неше тіл білгенім кімге керек екен (күліп)? Негізі мен өзім үш тілді білемін. Өзімнің анамның тілі қазақ тілін, орыс тілі және ағылшын тілдерін. Кәріс тілі мен француз тілдерінінен хабарым бар.

**-Көптеген елімізге танымал азаматтар үштілділікке қарсылық танытып, ашық хаттар жолдауда. Осыған қатысты қандай пікір айта аласыз?**

- Негізінен біздің мемлекетіміз демократиялық болған соң, қабылданып жатқан заңға, енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты әр адам өз ойын білдіруге құқылы. Егер мектептерде сабақ тек қазақ тілінде не болмаса тек орыс тілінде өтсін десе, мен ең бірінші болып ашық хат жазар едім. Бұл жерде барлығы ағылшынша сөйлеп кетсін деген әңгіме емес, әлем күн сайын жаңарып жатыр. Бұл ретте ағылшын тілінің маңызы өте зор. Бар мәселе жаңа бастаманы дұрыстап түсінуде болып отыр. Қазір ағылшын тілін білу адам таңқаларлықтай жаңалық болмай қалды ғой. Енді кейбір азаматтар бүгін қарсылық танытып жатқанымен, бұл жүйе ертең өз жемісін беретініне сенімдімін.

**-Ал, әке ретінде өз балаңыздың үш тілде білім алуына қалай қарайсыз? Балаңыздың болашағына қандай әсерін тигізеді деп ойлайсыз?**

Жалпы, кез келген ата ана баласына сапалы білім бергісі келеді. Әке ретіндегі парызым жақсы білім беріп, өзім де балаларыма үлгі болу. Менің өзімнің ұлым төрт жаста. Ағылшын курстарына барады. Менің төрт жасар кезімдегідей емес, ағылшынша біраз нәрсені үйреніп қалды. Біздің кезімізде өкінішке орай мұндай мүмкіндіктер болған жоқ. Негізінен баланы кішкентайынан ағылшын тіліне үйретсең, бәсекеге қабілетті болып өседі. Ертең шет елдің бір адамының алдында өз позициясын еркін қорғай алады. Мектептерде барынша жағдай жасап жатыр, баланың тегін ағылшын тілін үйренуіне. Жастайынан оқыса, мектеп бітіргенде ағылшын тілін жақсы меңгеріп шығатыны анық. Осы тегін дүниеден қашып отырмыз ғой. Құдай адамға көтере алмайтын жүк бермейді. Қазір оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдері бар. Әрі баланың әке шешесі қолдау көрсетіп, демеп отырса балаға ауыр болмайды, тез ақ үйреніп кетеді.

**Тимур Сержанұлы уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға үлкен алғысымды білдіремін**! **Сіз сияқты көп тіл білетін, көп тіл білсе де кейбір жандар секілді қазақ тілін ұмытпай, емін еркін сөйлей алатын азаматтарымыз көбей берсін!**

***Нұрила Ермекбаева***

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/timur-serzhan-ly-mindetti-t-rde-rbir-tildi-bilsin-zhetik-me-gersin-degenmen-aza-tilin-mytpasyn-690832](https://yvision.kz/kk/post/timur-serzhan-ly-mindetti-t-rde-rbir-tildi-bilsin-zhetik-me-gersin-degenmen-aza-tilin-mytpasyn-690832)