---
title: "Тілші болу – арманым..."
description: "Адамның бәрінен де бала қиалы ұшқыр ғой… Мен кішкентай кезімде мамандық дегеннің не екенін білмейтін..."
author: "TAMAK"
published: "2015-03-10T08:31:09+00:00"
modified: "2015-06-30T08:48:54+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tilshi-bolu-armanym-480849"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tilshi-bolu-armanym-480849/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тілші болу – арманым...

> Адамның бәрінен де бала қиалы ұшқыр ғой… Мен кішкентай кезімде мамандық дегеннің не екенін білмейтін...

**Адамның бәрінен де бала қиалы ұшқыр ғой… Мен кішкентай кезімде мамандық дегеннің не екенін білмейтін дәуренімде** **ғарышкер болуды армандаған болатынмын. Сансыз көп жұлдыздарға түнде қарап жатып, «Шіркін, ана жұлдыздардың біреуін анамның туған күніне сыйласам ғой...» деген бала арманым жадымнан еш кетер емес. Анама «Мен ғарышкер боламын» дегенімде «Қой, қыздар жер бетінде жүретін мамандық таңдауы керек. Мен уайымдайтын боламын ғой сен алыста жүрсең» деп бала жүректің екпінін бәсеңдедіп, «жұлдыз әлеміне жетсем» деген арманымды сейілткен еді.**

Бірақ өсе келе, ойымдағының бәрін қаламның ұшымен ақ парақ бетіне түсірдім, көп кітап оқыдым. Теледидарда сөйлеп жатқан аға-әпкелерімнен үлгі алып, олардың сөйлеу мәнеріне ғашық болдым. Павлодар қаласында осы шеберлікке үйрететін ұйым іздеуге кірістім. Менің талпынысым зая қалмады, қаладағы Катаев атындағы оқушылар сарайының бір шығармашылық бірлестігінің алғашқы сабағында болдым. Бұл ұйымның жетекшісі Даулет Дайырбаев:《 «Луч» шығармашылық бірлестігі сендерді тележурналистика саласының жұмысымен таныстырып, осы сала мүмкіндіктеріңді ашар, тілші мамандығы жайлы көп білуге ат салысады. Мүмкін болашақта біреулерің бұл мамандықты таңдап, халыққа, мемлекетке қол ұшын тигізерсіңдер деген үміттемін » - деді. «Луч» шығармашылық бірлестігі мені журналист мамандығының қыр- сырымен таныстырды. Менің түсінгенім: журналист – қарапайым халық пен жоғарғы билік арасындағы көпір секілді. Бұл мамандықтың мені қызықтыратын жақтары жетерлік. Солардың ішінде тілшінің шындықты айтатын, тек шындықты жақтайтыны, сөзге шешен, ұтқыр ойлы, жан дүниесі әсем, кез-келген адаммен сөз табыса алатын, қарапайым, білімді адам болуы жаныма жақын болып келеді. Ащы болса да, шындықты жақтайтын, шындық үшін күресе білетін, өз ісімнің маманы болғым келеді! Кім біледі, менің бүгінгі арманым – ертеңгі болашағым болар? Олай болса, болашақ мамандығым жайлы айтып кеткім келеді.

![Тілші болу – арманым...](https://storage.yvision.kz/images/user/tamak/zW9qp8YH4fIUrqJzJjN97K94ijHDUE.jpg)

Қасиетті Абай атамыз: «Сен де бұл кірпіш дүниеде, кетігіңді тап та, бар қалан» - деп еді. Онысы әр адам өмірде, мансаптық жолында, жеке іс басылық жұмыста өзіне лайық орын тауып, беделді адам бол дегені. Сондай-ақ, адами қасиет демекші, журналист кең пейілді, жаны жомарт, жақсылыққа құштар, мейірімді, жақсы дос, қиналғанда қол ұшын беретін жан болуы да үлкен қасиет. Оған дәлел ретінде, тілшілердің үнемі адамдармен, қоғаммен қарым-қатынасын келтіруге болады. Мысалы, бала болмасын, қарт адам болмасын, әр қайсысынан ақпарат алу үшін, бабын тауып, тіл табысуы – журналисттік парыз. Ол менмендіктен аулақ болуы керек, өзін-өзі ұстауы мен іс-әрекеті арқылы өзгелерге үлгі-өнеге бола білгені ғанибет. Тез ойлап, тез жазу да бұл мамандықтың сипаты болып табылады. Журналист еш уақытта қателеспеу керек, бұл да басты принциптердің бірі. Өйткені, журналист қателессе, ол мыңдаған, миллиондаған адамға сол қателіктің зияны тиюі мүмкін. Нағыз журналист жазған материалын дұрыстап тексеріп, қателессе де, өз қатесін өзі мойындап, оқырмандардан кешірім сұрауы тиіс. Және қателігіңді дер кезінде түзете білу де мәдениеттілік. Бұл орайда журналисттің жауапкершілігі, адалдығы мен ар-намысы бәрінен қымбат болуға тиіс. Әрі бұл тілшінің адамгершілік айнасы болып табылады.

Меніңше, журналист басқаға ұқсамайтын, өзгелерден айырмашылығы бар мамандық. Сондықтан, тілші маманының бойында болу тиіс қасиеттерді атап кеткім келеді. Жалпы журналист қандай дәрежеде жұмыс істесе де, қоғамдық ақпараттық саланың қызметкері болып есептеледі. Тілші уақыт, заман ағымын жақсы түсіп, идеяға толы материалдар жазуымен жұрттың назарын аудара білуі шарт. Мысал ретінде тағдыр соққысын сезген қазақ халқының қамын ойлап, елі, жері үшін жанын пида етуге даяр би, шешендерді атап айтуға болады. Еліміздің кемеңгер шешендері қара қылды қақ жарар төрелігімен, сөздің құдіретті күшімен мыңдаған әскерді аузына қаратып, тоқтата алған. Менің ойымша, тілшілер де елдің саяси өміріне, әлеуметтік қызметіне араласып, халықтың тарапынан туындаған проблемаларды билік өкілдеріне жеткізуге ат салысады. Журналист өз ісіне адал берілген маман, қызметін жемісті атқаруы үшін интеллектуалдық, психологиялық қабілеттерін дамытумен қатар, әділ, батыл қасиетімен танылады. От ауызды, орақ ауызды журналист болу үшін рухани және өмірлік дайындық болуы керек деп ойлаймын. Өзіңді журналистік мамандыққа арнап, таңдағаннан кейін, сол жолда аянбай қызмет ету парыз. Ол принципті түрде, қайсарлықпен бұқаралық ақпарат құралдары алдындағы өзінің міндетін, борышын бар күш-қайратын салып орындайтын маман. Ол қай істе болсын нәтижеге жетуге тырысуы керек.

![Тілші болу – арманым...](http://im3.asset.yvimg.kz/images/post/special/illustration/8e/8ee43057b0ccf1eeca113a4eba28e809_310_150.jpg?1425998146)

Меніңше, тілші болу өте қызық. Сонымен қатар өте қауіпті жұмыс болып табылады. 2013 жылғы статистикаға сүйенетін болсақ, журналист мамандығы «Ең қауіпті 10 мамандық» рейтингінің 5 орнын алып отыр. Соған қарамастан әлем бойынша он мыңдаған тілшілер еліне, халқына әлемде болып жатқан оқиғаларды көрсетуден мойынсынбайды. Халық өмірінде қандай жаңалықтар, өзгерістер, бастамалар болып жатыр, осының бәрін билік басына айнадағыдай көрсетуді мақсат етеді. Сондай-ақ халықтың пікірі, ойы, мақсаты журналистиканың ең бір мұқият назар аударып отыратын тұсы. Өмірдегі нағыз заңдылықтардың өзі халықтың шынайы керегін қанағаттандыратын болуы керек, сонымен қатар халық өміріне кедергі келтіретін нәрсенің бәрін тілшілер дер кезінде көріп-біліп, ескертіп отырады. Бұл саладағы тағы бір прицип - журналистиканың демократиялығы. Жалпы, демократия саяси құрылыстың формасы ретінде азаматтардың теңдігі мен бостандығын қамтамасыз ететін құрылым түрі. Яғни, журналистика шынайы теңдік мен сөз, құқық бостандығы үшін еңбек етеді, күреседі. Халықтың демократиялық құқықтарын кеңейту үшін күш жұмсайды, халықтың еркіндігі, өз ісін атқаруы мен мемлекет ісіне араласуын қамтамасыз ету үшін: баспасөз, радио, телевидение – сияқты бұқаралық ақпарат көздерін пайдаланады. Демократияның тағы бір пайдасы жариялылықты күшейтіп, әділетсіздікке қарсы сынды дамытуға жағдай жасайды. Ғасырлыр бойы демократия мен журналистика тығыз байланысты болып келеді.

Қорытындылай келе, тілші мамандығы әрдайым қоғамға қажет, қоғамның дамуына тікелей байланысты, тілшілік халықтың айтар сөзін билік басына жеткізер құрал болып табылады. Ойланып көрсек, тілшісіз біздің қоғам қандай болар еді? «Халық биліктің елге жасаған істерінен хабарсыз болып, мемлекеттік іске жағымды ұсыныстарын келтіре алмас еді. Сонымен қатар, көршілес мемлекеттердің жаңалықтарынан хабардар бола алмай, достық, экономикалық, мәдени қарым-қатынас жасай алмас. Қарапайым мысал, күнде уақытымызды қызықты да пайдалы өткізу үшін қарайтын теледидар, тыңдайтын радио да болмас еді ғой». Журналист болу әр адамның қолынан келе бермейтін мамандықтың бірі. Ол үшін жоғарыда айтып кеткен қасиеттерге қоса, батылдылық, сенімділік, жанашырлық сияқты қасиеттерге ие болу тиіс. Менің ойымша, қазіргі жастар үшін журналисттердің айтқан сөздері дұрыс жолға қояр, жақсылық жасауға сілтейтін бағдаршам болуымен қатар, ұмытылып бара жатқан құндылықтар мен қазақы ар-намысты ояту керек. Сондықтан, мен бұл мамандықты таңдадым. Журналист болып, қоғамның көзін ашуға, жан-жақтағы оқиғаларды дұрыс сараптауға, Қазақстанның дамуына үлесімді тигізермін деген сенімдемін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tilshi-bolu-armanym-480849](https://yvision.kz/kk/post/tilshi-bolu-armanym-480849)