---
title: "Тіл болашағы білікті мамандардың қолында"
description: "Жуырда Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы Мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдерінің XVI..."
author: "dvd_sko"
published: "2016-09-22T03:55:13+00:00"
modified: "2016-09-22T03:55:13+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/til-bolasha-y-bilikti-mamandardy-olynda-712964"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/til-bolasha-y-bilikti-mamandardy-olynda-712964/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тіл болашағы білікті мамандардың қолында

> Жуырда Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы Мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдерінің XVI...

![Тіл болашағы білікті мамандардың қолында](https://storage.yvision.kz/images/user/dvd_sko/0bF873bEjfZ2dGvY3Gfw8ROfTJXIYi.jpg)

Жуырда Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындағы Мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдерінің XVIIІ облыстық фестивалінің ашылу салтанаты өткізіліп, оның барысында өңірдегі тілдерді дамыту ісіне зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолынан алғыс хаттар алды. Олардың қатарында облыстық Ішкі істер департаментіндегі Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы Нұрбай Сәбитов те бар.

Білікті маман он жылға жуық ауылда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, дарынды түлектерді даярлапты. Олардың арасында аудан көлемінде, облыс көлемінде өткізілген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген өрендер де бар екен. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтижелер көрсеткен оқушылар да терең білімді тәлімгердің еңбегін жоғары бағалауда.

«Мемлекеттік қызметте 2012 жылдың сәуір айынан бері қызмет атқарып келемін. Өңірдегі тіл саясатына мемлекеттік деңгейде өз үлесімді қоспақ болып, облыс орталығына бет алдым. Тестілеуден ойдағыдай өтіп, конкурсқа құжаттарымды ұсындым. ІІД басшылығы оң шешім қабылдап, қызметке қабылдандым. Алғаш келгенімде қиыншылықтар болғанымен, кейін ұжымға сіңісіп, жұмысымды меңгеріп кеттім. Еңбегім еленіп, облыс әкімінің қолынан алғыс хат алғаныма қуаныштымын», - дейді Нұрбай.

Бүгіндері Нұрбай Ақжігітұлы ішкі істер департаментінің қоғамдық өміріне белсене араласып, қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруіне сүбелі үлес қосып келеді. Бөлімдегі әріптестері Сәнмен, Гүлсәулемен бірлесіп, сараптама жұмыстарын жүргізіп, кіріс-шығыс құжат айналымына бақылау жасайды. Мемлекеттік тілдің оқытылуы да олардың басты назарында. Сабақ беруші мұғалімдер тіл бөлімімен сабақ кестесін әзірлеп, алдағы уақытқа жоспар құрады. «Парасатты полицей» байқауының облыстық және республикалық кезеңдеріне полицейлерді даярлау да мамандардың қолында.

Өткен жылы облыстық полиция ведомствосының «15-өңір» командасы Шымкент қаласында өткен республикалық «Парасатты полицей» байқауында бірінші орынды иеленіп қайтқан болатын. Бұл да бөлім қызметкерлерінің жемісті еңбегінің нәтижесі.

**Нұрбек Баекин,** **СҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы** [http://mvd.gov.kz/portal/page/portal/sko/MAIN](https://vk.com/away.php?to=http%3A%2F%2Fmvd.gov.kz%2Fportal%2Fpage%2Fportal%2Fsko%2FMAIN&post=-55111848_2495)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/til-bolasha-y-bilikti-mamandardy-olynda-712964](https://yvision.kz/kk/post/til-bolasha-y-bilikti-mamandardy-olynda-712964)