---
title: "Тегеранда бесінші орын алдық"
description: "Фото дереккөзі: egemen.kz Бұл күндері Иранның бас шаһары Тегеран қаласында өтіп жатқан әлем кубо..."
author: "kazsportagent"
published: "2013-02-21T22:36:30+00:00"
modified: "2013-02-21T22:36:30+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tegeranda-besinshi-oryn-aldy-338864"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tegeranda-besinshi-oryn-aldy-338864/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тегеранда бесінші орын алдық

> Фото дереккөзі: egemen.kz Бұл күндері Иранның бас шаһары Тегеран қаласында өтіп жатқан әлем кубо...

[!\[Тегеранда бесінші орын алдық\](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2013/02/c2d30192c770ccbbf7ec6f7433079e21.jpg)](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2013/02/c2d30192c770ccbbf7ec6f7433079e21.jpg) Фото дереккөзі: egemen.kz

 

Бұл күндері Иранның бас шаһары Тегеран қаласында өтіп жатқан әлем кубогы жолындағы жарыстың алғашқы нәтижелері белгілі болды. Атап айтсақ, грек-рим күресі шеберлері өз жарысын аяқтап, Қазақстан құрамасы бесінші орынды олжалады.

Таңат Сағындықовтың шәкірт­тері жарысты жап-жақсы бастаған еді. Тұсаукесер кездесуде Венгрия құ­рамасы қатты қарсылық көрсет­кеніне қарамастан, біздің балуандар жеңіске жетті. Есеп – 4:3. Осы орайда Жансерік Сәрсенбиев (55 келі), Алмат Кебісбаев (60 келі), Досжан Қартықов (74 келі) және Нұрмахан Тінәлиев (120 келі) же­ңіске жеткенін айта кетуге тиіс­піз. Ал Ербол Қоңыратов (66 келі), Ал­хазур Оздиев (84 келі) және Ерұлан Ысқақов (96 келі) жеңілістің ащы дәмін татты. Іле-шала Иран коман­дасымен күш сынасып, 1:6 есебімен ойсырай ұтылдық. Иә, жарыс қожайындарына қарсы кездесудің аса қиынға соғатынын білдік. Алайда дәл осындай ірі есеппен ұты­ламыз деп еш ойлаған жоқ едік. Жерлестеріміздің арасынан тек 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ербол Киікбаев қана ел сенімін ақтады.

Үшінші айналымда Түркия құрамасымен шеберлік байқастық. Түріктер тас-талқанымызды шы­ғарды – 1:6. Бұл ретте 55 келі сал­мақ­тағы Жансерік Сәрсенбиев қана өз қарсыласын қапыда қалдыр­ды. Сөйтіп, жүлделі орын үшін күресу құқығынан айырылдық. Одан кейін Әзірбайжан командасымен кез­дестік. Егер жеңсек, жарыс кесте­сінің бел ортасынан ойып тұрып орын алуға мүмкіндік бар. Ал жеңіл­сек, жағдай қиын. Онда осалдар санатына қосыламыз. Соны қа­періне мықтап түйген балуандары­мыз бозкілемде барын салды. Қап тауының қырандарын қазақстан­дықтар 5:2 есебімен ұтты. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасы 5-6 орын үшін ғана таласты. Қарсы­ласымыз – Оңтүстік Кореяның оғыландары.

Байыптап қарсақ, әлем кубо­гында табысты өнер көрсетпеге­німізге біраз жылдың жүзі болған екен. Ал әлемнің үздік 10 мемле­кетінің өкілдері бас қосқан дүбірлі додада алғашқы бестіктің қатарына қосылу аз табыс емес. Жарыс ба­рысында бас бапкер соны шәкірт­теріне ұғындыра білді. Шешуші тұста біздің балуандар өз жанкүйер­лерін жерге қаратқан жоқ. Боз­кі­лемге шыққан барлық жерлесіміз Оңтүстік Кореяның жігіттерін қо­ғадай жапырып, 7:0 есебімен же­ңіске жетті. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы Тегерандағы тартысты бесінші орынмен қорытын­ды­лады.

Грек-рим күресінен өткен жа­рыстың бас жүлдесін Иран мен Ресей құрамалары өзара сарапқа салды. Қос елдің балуандары да топ­тық бәсекеде өзге қарсылас­тарынан шеберлік деңгейі бір бас жоғары екенін дәлелдеді. Қола медаль үшін Түркия мен Армения балуандары таласты.

Көп кешікпей еркін күрес шеберлері арасындағы жарыс басталды. Екі апта бойы Талды­қор­ған қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізгеннен кейін Қазақстан құ­рамасының бас бапкері Руслан Өмірәлиев әлем кубогында бел­десетін балуандардың есімдерін атады. Олар – Шоқан Шығысов (55 келі), Дәулет Ниязбеков пен Саят­бек Оқасов (60 келі), Дәурен Жұ­мағазиев пен Азамат Өміржанов (66 келі), Олжас Шығысбаев пен Нұр­лан Бекжанов (74 келі), Семен Семе­нов пен Аслан Кахидзе (84 келі), Әлихан Жұмаев (96 келі) және Дәулет Шабанбай (120 келі).

Естеріңізге сала кетейік, әлем кубогы жолындағы бәсекеге тек өткен жылдың қорытындысы бо­йынша ең үздік деп танылған 10 мемлекеттің ұлттық командалары ғана қатыса алады. Биыл ондай мүмкіндікке Ресей, Иран, АҚШ, Әзірбайжан, Грузия, Жапония, Беларусь, Болгария, Түркия және Қазақстан еркін күрес шеберлері ие болды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tegeranda-besinshi-oryn-aldy-338864](https://yvision.kz/kk/post/tegeranda-besinshi-oryn-aldy-338864)