---
title: "Тбилиси – тамаша шаһар, 3-бөлім"
description: "Сонымен, алдында жазғандай 2018 жылғы 20 наурыз күні сағат 17.00 шамасында Астанадан ұшып шығып, үш ..."
author: "Fvfylsr"
published: "2018-04-21T19:20:58+00:00"
modified: "2018-04-21T19:20:58+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tbilisi-tamasha-sha-ar-3-b-lim-802767"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tbilisi-tamasha-sha-ar-3-b-lim-802767/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тбилиси – тамаша шаһар, 3-бөлім

> Сонымен, алдында жазғандай 2018 жылғы 20 наурыз күні сағат 17.00 шамасында Астанадан ұшып шығып, үш ...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/97205f845dc5e2dd13da6b36e43da0.jpg)

Сонымен, алдында жазғандай 2018 жылғы 20 наурыз күні сағат 17.00 шамасында Астанадан ұшып шығып, үш жарым сағаттан кейін Тбилисиге келіп қондық. Астана мен Тбилиси арасында 2 сағаттық айырмашылық бар. Бұған дейін айтқандай билетті https://airastana.com/kaz/kk-kz/Home-kk-KZ сайты арқылы онлайн алған едім, билетті шамамен бір ай бұрын алып қойдым.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/7cd3ed3569e70111a250e80d0432fa.jpg)

Ұшақ келіп қонып, шақыртылған трансфер бойынша хостелге де келіп жеттім. Негізі, хостелге тоқтауымның екі мақсаты болды, біріншісі, жалпы хостелмен танысу еді (болашақтағы жоспарларыма байланысты), екіншіден, мен үшін қонып шықсам болды ғой.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a80b996c4fa39500772c3b63b25382.jpg)

Жалпы, бұл хостел ұнады, себебі аты хостел болғанмен қонақ үйден бір кем емес, сабын-шампунь, тәбішке, сүлгі, төсек-орын – бәрі берілді, шайы тегін, әжетхана-душы таза, күні-түні ашық, әкімшісі отырады, бастысы қаланың тарихи ауданы – ескі Тбилисиде орналасқан. Бұл хостелге https://www.booking.com/hotel/ge/tbil-home-hostel.ru.html…арқылы алдын ала онлайн тапсырыс берген едім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/da8d9789a34caf89c8e5522a2a6717.jpg)

Ол күні кешкі қыдырыстан кейін автобуспен Тбилисиден Батумиге түнгі сағат 23.59 уақытында шығып кеттім. Ол үшін Астанада отырып http://geometro.ge/Online/ru-ru/onlineTicket.html сайтынан орныма дейін тіркеп қойдым. Жолда бір тоқтаған соң, таңғы сағат алтыда келіп түстім, ол туралы алдында жазып едім, оған тоқталмай-ақ қояйын. Айтқандай, Грузияда теміржолға да онлайн билет алуға болады, мен өзім дәл солай істеп едім, Кутаисиге билет алып, бірақ уақыт тығыздығына байланысты кейін қайта тапсырып тастадым.http://www.railway.ge/?web=1&action=page&p_id=480&lang=rus

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ba23c1ad9aa35dab36911f6c2dfea2.jpg)

2018 жылғы 1 күнімді Батумиге арнағаным туралы бұрын да жазып едім, сондықтан, 2018 жылғы 22 наурыз күні Тбилисиге қайтып келген соң аталған күнім туралы мәлімет бере кетсем.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/44c71c8c56061aa508c12ff5a9c347.jpg)

Сонымен, 2018 жылғы 21 наурыздан 22 наурызға қараған күні, түнгі сағат екіде жоғарыда аталған автобус компаниясының көлігіне отырып, таңғы сегізде Батумиден Тбилисиге келіп жеттім, автобус тұрақжайы Ортачала, Гулия көшесі, 1 ғимаратына келіп тоқтаған соң, жолдың бергі бетіне өтіп, № 149 маршруттық автобусына отырып, Абанотубани ауданына жеттім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ee25e1ac26ca0453d03065a47ffb0c.jpg)

Таңғы шайымды ішіп алып, қаланың ескі бөлігіндегі мейрамханадан жақсылып тамақтанып алған соң, әуелі екі қабатты туристік автобусты тауып алдым https://cstbilisi.com/RU/city-sightseeing

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/ea907ef44356f48eae65e21d70fa05.jpg)

Бұл автобустардың жақсы жері билеті 24 сағат бойы жарамды, қаланың барлық жерінен өтеді, мәселен, мысалы бір аялдамадан түсіп қалып, нысанды аралап болған соң, 1 сағаттан соң келесі автобусқа отыруға болады. Өте ыңғайлы, айтқандай оған да онлайн билет алуға болады, сомасы 50 лари. Иә, Астанада да бар ондай автобустар.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c561ca76c119c04a9546b39193400d.jpg)

Сөйтіп, қаланы аралап шықтым, енді Тбилисидің басты туристік орындары туралы тоқтала кетсем (әрине олар көп, бірақ өзім барғандарын ғана айтайын): Нарынқала – иә, таң қалмаңыз, ата-бабамыздың шықпаған тауы, жалпы аттарының тұяғы баспаған даласы қалмаған-ау. Грузиндер бұл қамалды монғолдармен байланыстырады, шындығында Грузия тарихын қарап отырсақ, олар бірде Осман империясы құрамында, бірде Иран шахтарына бағынышты болған, меніңше тіпті Алтын Ордаға қараған орыс кінәздіктері сияқты, «сырттан шыпқыншылар келді, қырды-жойды» дегенмен, салығын төлеп, тыныш өмір сүрген сияқты, дін еркіндігі берілген.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e3ab95803186f9e1899feed9b38f82.jpg)

Оны айтасыз-ау Абанотубани деп аталатын аумағында, яғни қаланың моншалары орналасқан жерінде мешіт әлі жұмыс істеп тұр (бұрын Тбилиси бойынша 7 мешіт болыпты), көп ғимарат мұсылман заманының ескерткішіндей әлі тұр, жалпы қаланың бастау алатыны осы жер.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/2d4a749cb2c5074ed14e91be82306c.jpg)

Тбилиси грузин тілінде «тбили», яғни жылы деген мағына береді, әуелде бұл маңда қалың ну орман болған деседі, біздің заманымызға дейінгі бесінші ғасырда Иберия патшасы Вахтанг Горгасали деген сұңқар салып (біздің халықпен тағы ұқсастық, грузиндер де қазақтар сияқты құспен аң аулаған екен), құс аулап жүріп, қырғауылдың ыстық суға пісіп қалғанын көріп, осы жерге қала салуға бұйрық береді. Біз «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» деп жүрсек, «Қыр жақта қырғауыл құрқылдайды» деп олар қырғауыл етін жақсы көрген-ау!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/bc76d1351880e189069fdc4f202240.jpg)

Жалпы, Баку (негізі қаланың аты Бақы, біз орысшаға қарап Баку дейміз) сияқты Тбилисиде де жақсы сақталған ескі ғимараттар баршылық, олардың көбі қаланың ескі ауданында орналасқан.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/d2d78d6ab96f73e287316ba38bff95.jpg)

Бір әңгімеден екінші әңгімеге кеттім, ал Нарынқалаға қайта оралсам, бұл 4 ғасырдан бергі қамал, қаланың биік жеріне салынған, талай шайқастарға куә болған, аты айтып тұрғандай араб тіліндегі «қамал, шаһар» деген сөзді білдіреді, осы ретте сөзді сөз қозғайды демекші, Испания мен Франциядағы Кале мен Па-де-Кале қалаларының атауы да «қала» ұғымымен үндес. Айтқандай тағы бір «Нарынқала» Дағыстан аумағында орналасқан. Бұл қамалдардың түркі жұртына тиісті екенін көрсетпей ме? Мысалы әзірбайжан тілінде Нарынқала «İsgəndər qalası» деген атауға ие, яғни ішкі қамал деген ұғымды білдіреді. Сәл шегініс жасайық. Дағыстан Нарынқаласы бізге атам заманнан белгілі «Темір қақпа» атауымен таныс Дербентке, яғни Каспий теңізін бойлай Оңтүстік Кавказға шығатын жол бойында еді. Дербенттің өзі ежелгі қала, Ресей аймағындағы ең ежелгі мешіт те осы қалада орналасқан. Мұнда да құмықтар мен азербайжандар заманында дәуірлеп тұрып еді. Біздің батырлар жырларымыздағы «Темір қақпа» осы еді, бабаларымыздың «темір етіктері теңгедей, темір таяғы тебендей» болған заманы осы жерлерде өтпеп пе еді?!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/8cd78bbf571d811ac829d05233bade.jpg)

Кезіндегі тарихтан белгілі грузиннің Дәшті Қыпшақ жұртын көмекке шақырған және Артық ханның күйеу баласы Құрылысшы Давид атты патшасы кезінде Тбилисидегі Нарынқала аталған қамал қабырғалары күшейтілді. Жалпы, Құрылысшы Давид патша грузиндердің ең мықты патшаларының бірі, ата-бабамыз грузиндердің тәуелсіздігінің сақталуына да еңбек сіңірген ғой.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c7471b7c42a8441f2eb5c8db616320.jpg)

Сонымен, бұл екі тарихи ескерткіштерді аралаған соң, менің тоқтаған жерім биік жардағы Мехети деген храм (дұрысы шіркеу) кешені болды және олар (грузиндер) биік жерлерге ғұрыптық нысандарын салуға құмар екен. Бұл кешен Кура өзенінің жағалауында орналасқан.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/aabaf615643fc51b7813afebeca0ad.jpg)

Биік жардағы Успен шіркеуіне барып, реставрация жұмыстарымен айналысып жатқан қызметкерлерді көріп, олармен сөйлесе кеттім (мен де тарихшымын ғой негізі), мені қызықтырғаны олар дайындап жатқан арнайы қоспаның құрамы болды, түсінгенім әртүрлі құм, жіктерін біріктеретін құстың қауырсыны сияқты материал, әк тәріздес зат та болды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/6027a9eea11055be7ad876c279b915.jpg)

Бұл жерде де монахиня сияқты қайыршылар мен Орта Азиялық люли сығандары жүр, люлилер өздері орысша жақсы «гәпіреді» екен. Сол қатарда кешеннің бір қызметкерімен сөйлесіп едім, ол барып тұрған ұлтшыл екенін білдірді: «біз грузиндер, бұларды (люлилерді) жек көреміз, құрыса екен» деп қояды. Мен: «олар да адам баласы» ғой десем, бет бақтырмады, одан әрі әңгімеміз жараспады да Вахтанг Горгасалиға арналған ескерткішті қарап, тарихқа зер салдым, бұл маңда алдында дәмдеуіштер қосылған тұз көріп едім, есімнен шығып кетіп, кәдесыйлар дүкеніне кіріп аяңдадым, бағалары қымбат, одан әрі аралауға кеттім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/1d0f3945e4827234dc8260318bceb5.jpg)

Айтқандай бұл шіркеу сәулеті ерекше, себебі Еуропадағы ортағасырлық ғимараттарды еске түсінеді, қабырғаларындағы суреттер өшірілген, бұл мұсылмандар (бәлкім Аббас шах заманы болар) билеген уақытта тыйым салынған шығар деп ойладым, жанында 1920 жылдар шамасында бір орыс вандалы тегін жазып қойыпты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/6bc79d060099fe5fddc302b94772c4.jpg)

Мұнда 19 ғасырда түрме орналасыпты, белгілі әзірбайжан жазушысы һәм қоғам қайраткері Нариман Нариманов осындағы түрмеде отырған екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f17fd2bdbee98adfae7f36994b2b52.jpg)

Жалпы, көруге тұрарлық, алыстан әрине әсем көрінеді. Келесі қарап шыққан нысан – Анчисхати атты шіркеу, бәлендай қызықты емес, шіркеудің аты шіркеу, тек бұл шіркеу Тбилисидегі ең ежелгі шіркеу екен, айтуларынша 6 ғасырда салынған-мыс.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/eef1a3eef9acf555c4064552edad39.jpg)

Одан әрі жүріп, қазіргі заманғы ескерткіштерге бардым, мысалы, Бейбітшілік көпірі, Бостандық алаңы және т.б. Одан шығып, Кура өзенінің бергі бетіне өтіп, «Шангри-Ла» атты казино тұсынан өтіп, тағы жаяу жүрдім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/4fa89864285728e4b88d54ba454fce.jpg)

Жалпы, Тбилисидің ескі қала аумағы расында керемет, одан шығып хостелге соқтым да қайтадан сол маңдағы нысандарды араладым. Ашық аспан астындағы музейге кіріп, пікір алмастық, бағзы заманның ағаш таразысын көріп қалып, қызметкерден: «мұның грузинше аты қалай?» десем, олар да таразы деп атайды екен. Бір кезде көзіме бесік оттай басылды. Музей қызметкері (әлде бастығы): «біз бесікті монғолдардан алдық» деп соғып тұр. Мен «қайдағы монғолдар, бұл кешегі қыпшақтардың, яғни қазақтардың бесігі ғой» десем, сонда да мойындамай: «иә, көшпелі халықтардан алдық» деп тұр. Е, заман-ай, кезінде бұлардың ұлт болып жоғалып кетуінен сақтап қалып едік, енді өзімізге бесігімізді де қимай тұр. Сөзден сөз шығып, олар да жеті ата салтын сақтайтынын білдім, бәлкім бұл дәстүрді де бізден алған болар? Кім білсін?!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/5046215f8e59389ae62981d8325d7e.jpg)

Қысқаша айтқанда бұл күнді, өзі Наурыз күнін Тбилисидің тарихына, әсем жерлеріне арнадым, кешке Наурыз құрметіне грузин мейрамханасына барып, мерекені қарсы алдым, бұл мейрамхананың жақсы жері, ұлттық аспаптарында (пандури) ойнап, ән салады, көңілді отырыс болды, рухани байып қалдым, кейде музыкалары қазақ әуендеріне ұқсас кете ме өзі? Сөйтіп сағат түнгі 12.00 кезінде хостеліме келіп, жатып қалдым. Ертең тағы түске дейін уақытым бар, әрі Астанаға ұшып шығуым керек.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/017f20eea3c97116719f33cdb8c76b.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tbilisi-tamasha-sha-ar-3-b-lim-802767](https://yvision.kz/kk/post/tbilisi-tamasha-sha-ar-3-b-lim-802767)