---
title: "Тас үңгір, Ақ Раушан және шыны құты туралы ертегі"
description: "Айнала шексіз дала. Төрт мезгілде жүз түрленетін дала. Түнде айдың нұры сүттей төгіліп, күндіз күнні..."
author: "akzhauyn"
published: "2017-12-19T08:10:34+00:00"
modified: "2017-12-19T08:18:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tas-gir-a-raushan-zh-ne-shyny-ty-turaly-ertegi-789934"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tas-gir-a-raushan-zh-ne-shyny-ty-turaly-ertegi-789934/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тас үңгір, Ақ Раушан және шыны құты туралы ертегі

> Айнала шексіз дала. Төрт мезгілде жүз түрленетін дала. Түнде айдың нұры сүттей төгіліп, күндіз күнні...

![Тас үңгір, Ақ Раушан және шыны құты туралы ертегі](https://storage.yvision.kz/images/user/273890/3a55d218cfb9b77e2f6066de1810b7.jpg)

Айнала шексіз дала. Төрт мезгілде жүз түрленетін дала. Түнде айдың нұры сүттей төгіліп, күндіз күннің көзі әр тал гүлді жылы құшағына басатын ғажайып дала!

Дала заңын түсініп немесе оны түйсіну тіршілік иесіне тән дүние. Алайда Жаратқан берген бұл сый кейде ұмытылып қала береді.

Шетіне көз жетпейтін шегі жоқ бұл даланың есімі – Өмір. Мұнда ауасы саф таза, тыныштығы тірі жанды баурай түсетін әдемі ақ таңдар бар. Әр таң осы даланы мекендеген барша тіршілік иесіне бір үміт пен бір мүмкіндік сыйлайды. Бұл – ақ таңның сыйы. Мұнда жылуы жаныңды аймалайтын Күн бар. Әрине, Күннің көзіне түсу әуелден әрқайсымызға да бұйырған. Бірақ Таулар мен тастар бар жерде Көлеңке де бар екенін ұмытпау керек. Осы даланы мекендеген түрлі өсімдіктер күнді қанша сүйсе де, кейде ыстығына шыдамай Көлеңкені аңсайды. Кейін оның да суығынан жалығып, күнге қарай қол созады...

Бұл мекенде бәрінен де көпті көрген Ақшам (кешкі уақыт) бар. Кеш батып, көктің бетін қызыл бұлттар көмкергенде, Ақшам ақсақал орындалмаған армандар мен үміттердің сабағын үзіп өзімен бірге өткен күнге алып кетеді. Содан болар, кеш батқанда күрсіністер көбейіп, үміттер елегзиді.

Қарт Ақшам мен Ақ таңнын арасын Қара түн жалғайды. Тіршіліктің жанталасы саябырсып, айнала ұйқыға батқанда тек санаулы тіршілік иелері көз іле алмайды екен. Олар – түн баласы. Олар Айдың ақ нұрына, жұлдыздарың жарқылына ғашық болып, таң атқанша Желмен бірге мұңлы әнге басады екен.

Бір тәулікте мың құбылатын бұл даланың төрт мезгілді бастан кешіре білуі шарт. Дана Желдің айтуынша, Өмір даланың басында қыс болатын... Айнала әппақ. Тіпті қазір кеуделерін көкке көтерген таулардың өзі ақ қардың астында жатқан деседі. Сол Қыстың алдында барлық тіршілік бас иіп, соңғы демдерін алып, жаңа өмірге жол береді екен. Ақ қардың астында жатқан қара топырақ ғана сабырлықтың жалғыз белгісіндей болды. Қыс мезгілі – көпшілік үшін сынақ. Өмірді шын сүйетін, ертеңге құштар жандардың көңілдері Көктемде бүршік жарады.

Көктем Ару болса қыстың қаһарлы суық күндерін бір ғана сәтте ұмыттырып, айналаны алуан түрлі түске бояп, аспан астын құстар әніне бөлейді. Көктемнің жалғасы – жаз, жаздың соңы күз... Ғаламның шексіздігі бұл далада осы төрт маусыммен өлшенсе керек.

Менің аяулы оқырманым, сізге жазып отырған хатым жетсе, бұл әңгімем өзіңізге жақын болса керек. Біз де сол табиғаттың бір бөлшегіміз. Ал келесі хикая тіпті әр оқырманымның жанына жақын болуы мүмкін. Дәл қазір Сізге хат жазу үшін қолыма қауырсын қаламымды қондырып, терең ойға батып отырмын...

Шегі жоқ шетсіз кең далада, алып таудың етегінде сан алуан гүл күлтесін жайып, күнге еркелеп бой жазады. Қырда көсілген қызғалдақтар, самалмен бірге тербелген сарғалдақтар – көрген жан сүйсінбей тұра алмас. Гүлдер Ақ таңға иіле сәлем беріп, қара күз келгенше салтанатты ғұмыр кешеді екен. Осы алып таудың күнгей жағында жалғыз үңгір бар. Көлеңкенің құшағында жатқан үңгірде еш тіршілік белгісі де жоқ сияқты. Көпшіліктің назарынан таса қалған бұл үңгірде тамыры тасқа байланып Ақ Раушан гүл өскен екен. Ендігі назарымызды Ақ Раушанның тағдырына аударайық.

Басынан бері сипаттап келген төрт мезгілдің ғажаптары мен табиғаттың небір құбылыстары үңгірді мекен еткен Ақ раушанға таныс емес. Оның өмірге келгелі көргені – тастай қараңғылық, тас қабырғалар... Тек алыстан ақ сәуле мұнартады. Ол да алыста. Үңгірдің іші тым суық. Осындай жағдайда Ақ Раушан қалайша күлтесін жайып, өмір сүріп келеді екен?! Бұл да бір табиғаттың тылсымы. Ал Ақ Раушан үңгірді жақсы көреді. Көзін ашқалы – қараңғылық. Демек, одан басқа ақиқат жоқ болса керек. Көзін ашқалы – тас қабырғалар. Демек, өмір деген осы – тас қабырғалармен қоршалған тар кеңістік. Бұл әлем Ақ Раушан үшін сондай әдемі болып көрінеді. Мұнда Раушаннан өзге тіршілік жоқ, тек желмен бірге қайбір күндері үңгірге домалап кірген шыны құты бар. Шыны құты – тілсіз, жансыз. Бірақ Раушанның дәйім жанында болған соң, құты да осындағы өмірдің бір бөлшегіне айналса керек.

Ақ раушан алыстан естілген түрлі әуендерді біледі. Ол да болса тас үңгірдің түбіне талып жетеді. Әйткенмен Раушан содан ән айтуды үйренді. Күні-түні ермегі де сол. Жалғыз досы шыны құты болса әнге де қосылмайды, әңгімеге де араласпайды. Сөйтіп, Ақ Раушан жанындағы шыны құтыдай үнсіз жалғыздығымен күнді түнге, түнді күнге жалғай берді.

Әдеттегі тағы бір күн. Тас үңгірдегі тағы бір күн... Бірақ бүгін жел тым ашулы сияқты. Тіпті дауыл оянғандай ма? Үңгірдің ішіне де долы желдің лебі келгендей. Бір кезде дауыл шын ашуға мінсе керек, үңгірдің түбіне жетіп, Ақ раушанды тамырымен қоса жұлып әкетті. Алғаш рет тыныштығы бұзылған гүл қорыққанынан шыны құтыны тамырымен мықтап ұстап, өзімен бірге жел ұшырған жаққа алып кетті...

Бұл күні Жел шынымен ашуға мініп, бірталай жерді құйындатып кеткен екен. Әйткенмен желдің қайтымы тез, әпсәтте тыныштық орнай қалды. Тек Ақ Раушан қорыққаннан көздерін тас жұмған, тамырына шыны құтысы оралған қалпы өзіне беймәлім жерде жатқанын түйсікпен ғана сезді. Қорқыныш, үрей – Раушанның бойын билеген осы сезімдер ұзақ уақыт оның көзін аштырмай қойды. Біраз уақыт өткеннен кейін раушан көзін ашып, одан бетер қорқынышқа тап болды: айнала әппақ, еш қоршау жоқ, жоғарыда шегі жоқ зеңгір көк, жан-жағы көз жетпейтін кеңістік. «Бұл қалай болғаны? Мына көзді соқыр етер жарық қайдан шықты? Қабырғалар қайда? Менің үңгірім қайда?»,-деп күбірлей бере, жылап жіберді. Жылаған сайын көз тамшылары шыны құтының түбіне құйыла берді.

Еш дәрменсіз қалған Ақ раушан жылауын ұзақ уақытқа дейін тоқтата алмады. Байғұс гүл бір-ақ сәтте өмірдегі барынан айырылып қалды. Оның тым жақсы көретін тыныштығы, жаманшылықтардан қорғап тұратын тас қабырғалары – жанына жақын бар дүние ғайып болды.

Бір сәтте раушан жанынан «Нәзік гүлім, мұнша таусылғаның не?»,-деген жылы сөздер естіле бастады. Раушан көз жасын сап тыйып, жан-жағына қарады. Ешкім жоқ сияқты.

– Бұл кім,- деді Раушан жүректегі қорқынышын дауысындағы дірілмен жасыра алмай.

– Бұл мен. Жер. Жер Ана! Раушаным, сонша таусылғаның қалай? Сені еш уақытта жылаған күйі көрмеппін. Тас үңгірде әндетіп ғана ғұмыр кешуші едің. Мұның не? Неге көз жасыңды көл қылып отырсың?

– Жер ана?! Қасиеттім! Сен мені таныған екенсің ғой? Алайда мен бұл Өмірде біреумен тілдесуге боларын білмеген екенмін. Мені шын танысаң, мен өмір сүрген үңгірді де білгенін. Жер Ана! Өтінемін, сол үңгіріме қайта апарар жолды сілтеп жіберші! Жалынамын! Мен қазір айналамдағы шексіздіктен қатты қорқып тұрмын. Бүгін тыныш өмір сүріп жатқан жерімнен ашулы Дауыл келіп тамырыммен жұлып алып кетті. Мен қазір қайда екенімді білмеймін. Тіпті, білгім де келмейді,- деп Ақ Раушан сөздің соңында тағы жылап жіберді.

– Жалғызым, мұныңды қалай түсінейін?! Сен қазір үңгірге қайтқың келетіні рас па?! Жарығым-ау бостандыққа шықтың емес пе? Сен тас үңгірде күлтесін ашқан жалғыз гүлсің. Ол сенің тағдырың. Алайда, міне, сол тағдыр сені бостандыққа, аспаны ашық, күні жарық, түні ай нұрына бөленген, айналасы жайқалған Далаға әкелді емес пе?! Мұны бағың деп біл! Мына нұрлы әлемді қайлайша тас үңгірге қайта айырбастамақшысың? Бұл жер нағыз жұмақ емес пе?

– Жер ана! Жалынамын, қасиеттім! Жұмақ дейсіз, жұмақ деген жанға жайлы жер деп түсінемін. Менің жұмағым тас үңгір емес пе?! Жанымның тыныштығы да сонда. Өтінемін, жол сілтеші маған!

Жер Ана ауыр күрсініп, жұмағын жоғалтқан байғұсқа жол сілтеді. Жол біраз алыс екенін де айтты. Ақ Раушан шыны құтыны тамырына тас байлап, үңгірге қайта оралуға бекінді.

Айнала тылсым. Ақ Раушан жасқана қарап, ақырын басып келеді. Көзі де, өзі де жарыққа үйреніп келе жатқан сыңайлы. Оны әсіресе Аспан таңғалдырды. Мұнша биік, мұнша шексіз, мәңгіліктің белгісіндей кең құбылысты көріп, қайта-қайта жоғары қарай береді. Айналасы да сиқырға толы сияқты: алыстан қаз қатар тізілген қызыл, сары гүлдердің сұлбасы көріне бастады. Қызық, сонда ақ гүлден басқа да түрлі түсті гүлдер бар екен ғой. Кенеттен күн күркіреді. Раушанның бойын тағы үрей билеп, қадамдарын тездей түсті. Тамырына мықтап жабысқан шыны болса жүрген сайын Раушан гүлдің көз жасына толып, ауырлап барады. Бір кезде ақша бұлттар сәл сұрланып, жердің бетіне майда жылы жаңбыр жауа бастады. «Бұл тағы қандай сынақ? Мен шынымен қазір сынаққа түскен болармын. Әттең-ай, үстімнен су ағып, күлтемді жел қағып, қорқынышымды үдете беретін мына жерге қалай тап болдым екен. Тас үңгірім қайдасың?! Тыныштығым қайдасың»,- деп алға қарай ұмтылған Ақ Раушан бір топ гүлдердің жанына келгенін байқамай да қалыпты. Жаны қиналып, жүрегі мұңға, шыны құтысы көз жасына толып келе жатқан Ақ раушан сіркіреген жаңбырдың астында билеген гүлдерді көріп тағы таңғалсын. Дала гүлдері де алғаш рет жаңбырлы күні жылаған гүлді көріп, мұның сырын түсінгісі келгендей жөн сұрасты:

– Жол болсын, әдемім! Жаратқанның нұры жауған күні, неге сонша көз жасыңа малындың? Мейрамды күні жылаған гүлді алғаш көрдік,- деп күле сөйледі дала гүлдері.

– Құрметтілерім! Мен жұмағымнан айырылған байғұспын. Бүгін жел ашуына мініп, мені аяулы мекенімнен айырды. Сіздерге сүйікті боп көрінген жаңбыр, мына шексіз аспан мен үшін қорқыныш пен үрейдің белгісіндей,- деп ақтарылды Ақ Раушан.

– Жұмақ?! Ол қандай жұмақ?,- деп дала гүлдерінің бәрі жаңбыр асты билерін тоқтатып, Ақ Раушанға қызыға қарады.

– Мына өмірге келгелі менің бірер сәт болсын тыныштығым бұзылған емес. Мен үңгірде қауыз жардым. Айналамда тас қабырғалар. Төбем де тастан құралған. Онда көзді ауыртар жарық емес, қараңғы түнек бар,- деп бастай бергені сол еді, дала гүлдері ду күліп жіберді. Ақ раушан бұл қылықтарын түсінбестен, тосылып қалды.

– Айналайын, тас үңгір деген жұмақ па? Жұмаққа енді келген екенсің! Айналаңа көз таста! Ашық аспан, мыңдаған гүл, біздің түніміз де жарық – айдың сүттей сәулесіне шомылып, жұлдыздарды санап, аспанмен түнде сыр бөлісеміз. Оң жағымызда Асқар тау, сол жағымызда – мөлдір бұлақ. Таң атқанда құстар ән салады. Күн батқанда дала ең әдемі тыныштыққа бөленеді. Міне, жұмақ деп осыны айт!

Дәл осы сәтте әңгіменің куәгері болған алып Тау да үн қатты:

– Үңгірде туып, үңгірде өскендер үшін сол үңгірдің өзі жұмақ болғаны ғой! Ақ раушанды бекер жазғырмаңдар. Ол басына бір сәтте түскен өзгерісті қабылдай алмай, жұмағына оралуды ойлаған екен. Тәмам. Бірақ, айналайын, Ақ Раушан! Өмірде өзгерістің болуы – заңдылық. Оны да ұмытпа, жарығым...

Ақ раушан алып Таудың айтқан сөздерін жұбату көріп, көңілі босағаннан жылап жіберді. Көз жасы тағыда тамырына байланған шыны құтыға құйыла берді. Құты жасқа толған сайын, Ақ раушанның тамырына байланған жүк ауырлап барады. Бірақ ол шыныны тастағысы келмеді. Не де болса кешегі күннің аяулы белгісі деп білді. Және үңгірге оралғанда, баяғыдай шыны құты жанында болғанын қалады.

Дала гүлдерімен, таулармен қош айтысқан ақ раушан алыстан қарасы көріне бастаған үңгірге асыға басып келеді. Жолда құстар, бұлттар, ағаштар мен жусандар, ақселеу мен шегірткелер – бәрі де Раушаннан жөн сұрасып, біреуі аяп, екіншісі күліп, қалғандары таңғалысып соңында қала берді. Ойына үңгір түскен сайын көз жасы шыны құтыны толтырып, жүк ауырлай бастады.

Ақ Раушан қанша әлсіз көрінгенмен, бұл жолды жеңе білді. Желдің айдауынан кейін кез болған жаңбырды да, тауларды да, бұлттарды да, құрт-құмырсқа жәндіктерді де – бәрін де көріп, бар сынақтан аман өтті. Енді міне тас үңгірдің алдына да келіп жетті. Қуанышында шек жоқ. Жақындай берді, жақындай берді. Алайда көз жасына толған шыны құты тамырларын жұқартып, сабақтарын солдырып тастаған екен. Тас үңгірге енді екі адым қалды дегенде көптен бері алғаш кездескен тасқа тамыры тиген сәтте көз жасына толы құты тарс етіп, сынып қалды. Ақ раушан талай жерден өтіп, талай сынға шыдап, дәл сапардың соңына жеттік дегенде шыдамы таусылған шыны құтының сынықтарын көріп, жылап жіберді. Бұл жолы гүл өзгеше жылады: ол сол құтыға тамған әрбір көз тамшының себептерін еске алып, басынан бір күнде мың түрлі оқиға өткенін еске алып, үңгірді аңсағанын, оған қандай қиындықпен жеткендігін ойлап, егіліп жылады. Сынған құтыдағы көз жасы топыраққа сіңіп, бір сәтте жоқ болып кетті. Ақ Раушанның да қазіргі көз жасы қара жерге сіңіп, ізін көрсетер емес. Мұны байқап қалған Раушан бойын тіктеп, біраз жеңілдеп қалды: шыны құтысыз басқан қадамдары да жеңілдеген сияқты...

Міне, жетті! Жұмағына жетті! Тас үңгірге жетті! Ақ Раушан өзіне таныс үңгірдің түбіне қарай, орнына жайғасуға келе жатты. Алайда ол күткендей қуаныш сезімі жүрекке бірден қона қоймады. Үңгірдің түбіне қарай беттеген сайын Ақ раушан көк аспанның ғаламат келбетін, жылы жаңбырды, қырмызы гүлдерді, алып тауларды, Жер ананы, құстар мен шегірткелерді еске ала берді. Жарық күнді жоғалтып бара жатқанын ойлаған сайын жүрегіне сағыныш сезімі тола бастады. Ақыры үңгірдің түбіне келіп, орнына жайғасқан соң гүл мың бір ойға шомып, мүлдем солып қалды. Енді тас қабырғалар Ақ Раушанның тынысын тарылтып, тастай қараңғылық көзін байлай бастаған сияқты. Мұздай ауа сабақтарын қатырып, күлтесін қарайтып бара жатқан сияқты...

Алыстан жарық сәуле көрінеді. Тас үңгірдің іші сол баяғы тыныштық. Ақ Раушан болса қиялында жұмақтың суретін салып, жаңа сапарға шығуды армандауда. Бірақ бұл жолы оны өкініш пен қорқынышсыз һәм шыны құтысыз сапар күтіп тұрған еді...

Автор: Ақерке Асан (Ақжауын)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tas-gir-a-raushan-zh-ne-shyny-ty-turaly-ertegi-789934](https://yvision.kz/kk/post/tas-gir-a-raushan-zh-ne-shyny-ty-turaly-ertegi-789934)