---
title: "Тамырлардың соңы"
description: "Ел аузынан Тамырлардың соңыӘкем Исағұл Жаңабайұлы мен ағасы Исаку анадан жетім қалғаннан кейін Атан..."
author: "Janabai1946"
published: "2018-07-31T06:00:31+00:00"
modified: "2018-07-31T06:07:28+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/tamyrlardy-so-y-811208"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/tamyrlardy-so-y-811208/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тамырлардың соңы

> Ел аузынан Тамырлардың соңыӘкем Исағұл Жаңабайұлы мен ағасы Исаку анадан жетім қалғаннан кейін Атан...

Ел аузынан

Тамырлардың соңы

Әкем Исағұл Жаңабайұлы мен ағасы Исаку анадан жетім қалғаннан кейін Атантай ауылында нағашымыз Кеншінбайдың қолында тәрбиеленген. Есейе келе әуелі Исакуд, одан кейін Исағұлды Кеншінбайдың әрі туысы, әрі досы Сарымырза сұрап алады. Әке мен ананың мейірімін толық көрмеген әкеміз бізді балаларын тәуір көріп, достарындай, сырластарындай тәрбиеледі. Әкемізден естіген әңгімелеріміз өте көп. Солардың бірі– Сарымырза мен оның украин досы Тарас Лавриненко туралы болатын.

Сарымырза нағашымыз шаруашылығын мықты ұстаған еңсегей бойлы адам еді. Нағашымыздың менімен шамалас Иран, Болат деген екі баласы болатын. Мен солармен бірге шаруаға араласып, бірге болдым. Сарымырзаны алғаш көргенімде жылқы ұстап, сойғаны ерекше әсер қалдырып еді. Асау жылқыны құрықпен ұстап, басына ноқта кигізді. Басын төмен тұқыртып, бұлқынғанына қарамай, соятын жерге жетектеп алып барды. Таза қардың үстіне апарған соң, екі құлағынан төмен басып тұрып, Иранға: «Аяқтарын байла»,- деп белгі берді. Иран алдыңғы аяқтарын байлап алды да, арқанның екінші ұшымен артқы аяғын бір орап алды. Арқанды алдыңғы аяқтарының арасынан өткізіп тартып қалғанда, асау қар үстіне топ ете түсті. Ары қарай артқы аяғын алдыңғы аяғына қосып байлау қиындық туғызбады. Сойылған жылқыны мүшелеп, жуып, тұздап рет-ретімен қатырып қойды.

Қарағай арасында ағаш үйде тұратын Сарымырзаның төрт түлігі сай болатын. Оның үстіне егіншілікпен айналысатын. Қарағай іші малға сая, шөбі мол, жері құнарлы, тереңдігі бір-біржарым метр құдықтан су шығатын, мал ұстауға да, егіншілікке де қолайлы жер еді. Исағұл жастайынан шымыр, ширақ болып өскен бала. Сарымырза Исағұлды шаруашылыққа көмекке сұрап алған болатығұн. Білек күш жағынан Исағұл Ираннан да, Болаттан да мықтырақ болатын. Айғыр, мінгіш ат, жетілмеген төлді санамағанда, шаруашылығында 30 шақты сиыр, 10 шақты сауын бие, 100 -ден астам қойы болды. Күзде Сарымырза артық малдары мен мал өнімдерін Құлшабай(Ключи) жәрмеңкесіне апаратын, шығарған ақшасына үйіне керек-жарағын сатып әкелетін. Күздік соғымнан басқа, қазысы төрт еліден кем түспейтін қысқы соғымға ту бие соятын. Молшылық болған жерде қонақ та көп. Келген қонақтар – ел ішіндегі әйгілі, сыйлы адамдар болатын. Қонақасына міндетті түрде семіз қой сойып, сүрленген жылқы етімен араластырып табақ тарттыратын. Қонақтары түні бойы әлемде, қазақ елі арасында болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар туралы қызықты-қызықты әңгімелер айтатын. Біз, балалар, қандай ұйқы қысса да, құлағымызды түріп, әңгімелерін тыңдап, әр сөзін құлағымызға сіңіретінбіз. Ертеңінде, мал жайлап жүріп, бұл тақырыптарға қайтадан оралып, өзара талқылайтынбыз. Қонақтарды ертеңінде түске қарай шығарып салатын. Болат жұмысын шала-бұла істейтін, нағашымыз оның істегенін маған тексерткізетін.

Сарымырзаның бәйбішесі Хадиша – жеңгей кеңпейілді, жомарт адам еді. Тамақты маған зорлап ішкізетін: « Әй, қуырылған қазақ! Тауысып іш, ас – адамның арқауы»,– дейтін. Мен сол үйде үш жыл тұрдым, жамандық көрмедім, тамағым тоқ, көйлегім көк болды. Кеншінбай нағашым мені алып кетуге келгенде, бауыр басып қалған жерімді қимастықтан, әзер кеттім. Сарымырза: «Бұл – Исажанның еңбегі»,– деп алдымызға бірнеше қойды салып берді. Сарымырзаның үйінде жүріп көп нәрсені үйреніп, біліп қайттым.

1907 жылы Столыпин реформасы бойынша аймағымызға украиндарды көшіріп әкелу саясаты жүріп жатты. Қоныстанушылардың ішінде Лавриненко Тарас деген пысық жігіт болды. Денесі зор, даусы гүрілдеген жігіт болса да, жергілікті қазақтармен тіл табысып, қазақтың тілін меңгеріп, достасып кетті. Қазақтар оны өздерінше «Лабрик» деп атайтын. Лабриктің де шаруашылығы мықты еді. Тарастың басты байлығы – кузля (қазіргі заманда пилорама деп атайды) болатын. Аймақтың барлық орыс-қазағы ақысын төлеп кузляда тақтай тілдіретін. Кузляның асты бір метрге таяу шұңқыр, үсті бір жарым метр. Кузляның үстінде бір мықты жұмысшы, астында екінші жұмысшы тұрып арамен бөренеден тақтай тіледі.

Тарас іскер, адамгершілігі мол адам болатын. Қай елді-мекенге барса да, орыс-қазағы қошеметпен, дастарханын жайып, құрметтеп қарсы алатын. Кузля мен Сарымырзаның үйінің арасы 3 шақырымдай еді. Тарас пен Сарымырза нағашымыз дос болатын, бірін-бірі «тамыр» деп атайтын. Екеуі кездесе қалғанда шаруашылық жайында, саясат туралы ұзақ әңгімелесетін. Бірде тамырлар бәстесіп, күш сынасады. Салмағы бір тоннаға жуық бөренелерді көтеріп, күресіп, бір-бірін жеңе алмайды. Күштерінің тең болғанына қуанып, қол алысып, бірге шай ішетін. Жергілікті қазақтар мен переселендердің (көшіп келушілер) арасында дау-дамай, жанжал бола қалса, олар сотқа жүгінбей, Тарас пен Сарымырза келетін. Тамырлар екі жақты ымыраға келтіріп, дауды әділ шешіп беретін.

Бір күні Сарымырза қырғымен шөп шауып жүріп Петковтың жеріне кіріп кетіпті. Петков – Тарастың бажасы еді. Шөпті жинап алып жатқанда Петков келіп қалады: «Менің шөбімді неге ұрлайсың?» (Ол да еңгезердей адам болатын). Сарымырза мен Петков бір-бірінің жағасынан алып, егесіп тұрған кезде Тарас келіп қалады. Екеуін айырып былай дейді: «Свояк, земля твоя, но ты со своей косилкой здесь не развернешься. Трава от бога, тем более она скошена. Пусть «тамыр» забирает свое сено и принесет горилку. А мы втроем за дружбу разопьем». Сөйтіп бейбіт түрде тарқасыпты.

Маңаттағы деревнядан бір тайша-бұқа нағашымыздың егініне келіп, оттауды әдеттеніп алған ғой. Біз тайшаны атқа мініп алып бірнеше рет қуып апарып тастайтынбыз. Тайша-бұқа келуін қоймады. Бір күні ашуланған Сарымырза тайшаны ұстап алып, сойып тастады. Жоғалған малдың иесі бірден табыла кетті: « Все следы ведут сюда. Куда девали моего бычка?» – деп деревняның бір орысы келіп. «Я тебя долго искал, за потраву моих посевов теперь ты ответишь сполна»,– деп Сарымырза малмада(тері илейтін қоспа) жатқан тайша-бұқаның терісін орыстың алдына лақтырып жібереді. Ол заманда терілерді илеп қамыт, божы, жүген, ноқта, қой терісінен тон, бас киім, аяқ киім тағы да басқа тұрмысқа қажет бұйымдарды жасайтын. Орыс өзінше балағаттап, терісін алып кетіп қалады. Ертеңінде: «Сені деревняның старостасы шақырып жатыр»,– деп қайтадан кетеді. Келесі күні Сарымырза Тарасқа ескертіп, болған жайтты баяндап, деревняға старостаға бара жатқанын айтып кетеді. Старостаның кеңсесіне жетер-жетпесте себеттің(үлкен мал қора) ішінен қолдарына сойылдарын алған он шақты жігіт атып шығып, Сарымырзаға жабыла кетеді. Сарымырза бәрін жан-жаққа лақтырып, сұлайтып салып, кеңсеге кіріп кетеді. Бұның бәрін терезеден көріп тұрған староста, шошып кетіп: «Это – не я. Это – не я. Это – они сами»,–деп столды айнала қашады. Сол мезгілде Тарас та кеңсеге жетіп келеді. Келіссөзге староста, Тарас, Сарымырза мен тайшаның иесі де қатысып, өзара келісімге келеді. Осылайша жанжал басылады.

Бір күндері кузляның маңатында тақтай тілдіруге келгендердің кезекке тұрушылар қатары көбейеді. Жиналғандардың ішінде қолында үлкен шөлмек горилкасы бар Петков та жүр еді. Кружкаға горилканы құйып бір қазаққа зорлап ішкізбек болды. Қазақ: «Мен мұсылманмын, маған ішуге болмайды»,– деп бас тартады. «Чертов киргиз, я тебе дружбу предлагаю, а ты отказываешся. На, тебе!»,– деп қазақты жақтан бір қойып, талдырып тастайды. Бұны көрген Сарымырза шыдай алмай, Петковқа жұдырық ала жөнеледі. Соққы қатты тигені сондай, Петковтың мойны бір жағына қисайып қалады. Дәрігерлер де, емшілер де Петковтың басын қалпына келтіре алмады. Тарас ара түсіп, Сарымырзаға келіп: «Қырғыз бен украиндардың арасына сызат түспесін, сен мына Петковтың басын түзетіп бер»,- дейді. Сарымырза Алқакөл болысында сынықшы Әлімжан қажы бар дегенді естіп, арнайы барып, алып келеді. Әлімжанның қолы шипалы еді. Ол қона жатып, жылқының семіз сүр қазысымен екі күн мойнын орап, емдеп, Петковтың басын орнына келтіріп береді. Бұл жанжалдың да бейбітпен аяқталғанына Сарымырза мен тамыры Тарас, жапа шеккен Петков та бірге қуанады.

Жалпы айтқанда, 1917 жылғы төңкеріске дейінгі Маралды өңірі халқтарының тұрмысы жаман болмады. Көпшілігі мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысты. Аңшылықпен айналысқан адамдар өз азығын орманнан табатын. Мал ұстағысы келмейтіндерді бау-бақша асырайтын. Орман іші ерінбегенге жеміс-жидекке, саңырауқұлаққа толы болатын. Кейбіреулері шаруашылығы мықтыларға жалданып, күнін көретін. Жиһаз, ағаш бұйымдарды өңдеумен айналысатын шеберқол адамдарға қарағай да – құдайдың берген ризығы.

Сарымырза мен Тарас революцияны қуанышпен қарсы алмады, елдің тыныштығын бұзған оқиға деп санады. Алғашқы көрген қиянаттары: нагандарын шошаңдатып жүрген қызыл комиссарлардың экспроприация деп мінгіш аттары мен астығын тартып алып кетті. Соңынан ақтар келді: «Сендер қызылдарға ат бердіңдер, біз де аламыз»,– деп, қалған жылқылары мен бидайын тартып алады. Солай қызылдар мен ақтар алмасып жүргізетін жорықтардан кейін Сарымырза мен Тарас барлық мал-мүлікінен айырылады. Елең-алаң заман кезінде шаруашылықтары құлдырап, барлық халық тақыр кедейге айналады. Қарапайым халықты қорқыту үшін ақтар да, қызылдар да халық «серкелеріне» ауыз салады. Көп адам, әсіресе қазақтар, жазықсыздан жазықсыз атылып кетеді. Кезінде халыққа тірек, ақылшы, үлгі болған Сарымырза мен Тарас «халық жауы» атанып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Бірде Сарымырза қашып жүрген Тарасты жасырып қояды. Қызыл комиссарлар қанша тінткенмен, ұрып - соққанға шыдап, қан-қан болып, әлсіреп жатса да, Сарымырза тамырын сатпайды. Балалары: «Қолымызға қару алайық, қорғанайық»,– дейді. Бірақ әкелері: «Билікке қарсы шықпаңдар»,– деп көнбейді. Кейін естідік, қос тұлға, қос тамыр екі оттың арасында жүріп, ақыры отбасыларымен бірге опат болыпты.

«Революция ешбір халыққа керек емес, ол – трагедия. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын»,– деп әңгімесін аяқтайтын әкеміз.

Жаңабай Мухаметкалым Исағұлұлы, Елтін Амангелді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/tamyrlardy-so-y-811208](https://yvision.kz/kk/post/tamyrlardy-so-y-811208)