---
title: "Тағы да Тбилиси туралы, 4-бөлім"
description: "Өткен жолы Гүржістанның Батуми/Тбилиси сапары туралы жазып едім, енді 2018 жылғы 23 наурыздағы Тбили..."
author: "Fvfylsr"
published: "2018-04-21T19:34:50+00:00"
modified: "2018-04-21T19:34:50+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-y-da-tbilisi-turaly-4-b-lim-802770"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-y-da-tbilisi-turaly-4-b-lim-802770/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тағы да Тбилиси туралы, 4-бөлім

> Өткен жолы Гүржістанның Батуми/Тбилиси сапары туралы жазып едім, енді 2018 жылғы 23 наурыздағы Тбили...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/517762ce61cb4aabe16fe37d3b642f.jpg)

Өткен жолы Гүржістанның Батуми/Тбилиси сапары туралы жазып едім, енді 2018 жылғы 23 наурыздағы Тбилисиде түске дейінгі өткізген уақытым туралы баяндасам.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/bd14e6b85b2375c9f896968e6cfe3e.jpg)

Бірінші, әрине грузин асханасы ұнады, Астанада, Қазақстанда жүрген кезден-ақ грузин асханасымен таныс едім, бір жылы Жаңа жылды (корпоративтік тойлауды) грузин мейрамханасында қарсы алған болатынмын, десек те Гүржістанда тіпті мейрамханалардағы бағалары да қымбат емес, ас ішудің өзіндік этикеті бар.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/36712a61e34ec850fb6e3da54b0063.jpg)

Бұл жазбамда мен тек өз көзіммен көргенімді жазамын және кейбір нәрселер өзгеше көрінуі мүмкін, алайда 3-4 күнде бәрін бақылау мүмкін емес, бірақ «сырт көз сыншы деген» рас қой!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/3c3a09183f8621e9e04f9be5cb102e.jpg)

Сонымен, әдетте мен өзге қалада өзіме ұнаған бағыт бойынша жүруді қалайтыным шын. Сол дәстүр бойынша Тбилисиді тағы аралауға шықтым, оның үстіне уақыт аз, өйткені бүгін түстен кейін Астанаға ұшуым керек.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/c22f5d7357d39e8c91d5fe32b4348a.jpg)

Қазақтар сияқты грузиндер өте қонақжай халық. Дәл біз сияқты тез үйренуге дайын тұрады, ашық, кейде қарапайым да болып көрінеді маған, бәлкім баяғы 900 жыл бұрын келген ата-бабаларымыздың да әсері болды ма екен?! Алайда Гүржістанның бағыты – Еуропа бағыты ғой, тағы айтарым – оккупацияға ұшыраған Оңтүстік Осетия мен Абхазия халқы Гүржістанға келіп тегін емделеді, оларға тұрмыстың айырмашылығын нақты көрсетіледі. Солтүстік Кавказ халқына да Гүржістанға баруына да барлық жағдай жасалған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/37511b86de67489a3ff7ecd1da806a.jpg)

Жарайды, саясатты қоя тұрып, күнім туралы айта отырайын. Сонымен таңғы шайымды ішкен соң, «Айвани» деген мейрамхана маңынан шамалы қашықтықтағы, алдында барған бір мейрамхаға келдім, бірақ осы жолы екінші қабатқа көтерілдім, сөйтсем бұл мейрамхананың бірінші қабатында жергілікті тұрғындар, екінші қабатында шетелдіктер, төменгі қабатта – жертөле сияқты жерде жеке кездесулер өтетін жер екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/48805bce24f3ec423db1a67862c8de.jpg)

Жалпы, кейде менің ойымша, арасында шетелге шығып тұрудың бір пайдасы - ол Отаныңды қадірлейсің, көп нәрсеге мән бересің, жаман болсын, жақсы болсын Қазақстаннан артық жер жоқ екенін түсінесің!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/a2e7de19dfc7d3833521e3171f53b9.jpg)

Барған әр қалада ерекше ескерткіштерге мән беретінім бар, бірінші есімде қалғаны Горгасали ескерткіші, ол Тбилисидің негізін қалаған патша, ол туралы алдында жазып едім. Тағы бір ескерткіш ол Багратион ескерткіші, ол патшалар әулетінен әрі тарихта өз орнын алған тұлға ғой. Тағы бір ескершткіш – ол грузин ақыны Гурджиге арналған ескерткіш, бұл ескерткіш өзгеше екен, философиялық мәні бар. Сол маңдағы бір грузин азаматы оның қысқаша тарихын айтып берді, сарай ақындарынан басқа ақындар қашан жақсылық көрген, өз өмірлерінің қиыншылықтарын біліп тұрса да, күрес жолына түскендей көрініп тұрады. Айтқандай аты жөні – Иетим Гурджи (Жетім Гүржі), қызық, ашуг, яғни ақын екен және өзі жетім екен. Тағы бір түркі халықтарының ізін тапқан сияқтымын. Гурджиді Иранда өмір сүрген деп естідім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/99329abe22b7d353e8773181f21a0a.jpg)

Одан соң тағы біраз жаяу жүруге тура келді, айтқандай «Грузия анасы» атты биік ескерткішке бардым, ол Нарынқаланың (Нарикаланың) биік жартасында, бұл маңда фуникулер мен Ботаникалық бақ орналасқан. Бір қолында шарап, екінші қолында қылышы бар, яғни достықпен келсең шарап (қонақжайлық көрсетем) ұсынам, ал қастықпен келсең, басыңды шабам деп тұрған сияқты. Біздің Тұмар қыз сияқты екен.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/8c665b3acf1f79c7136f08ab961bb4.jpg)

Ал, енді Тбилисдің өзі әр кезеңге тән, мысалы мұсылман заманы, Дәуіт Құрылысшы кезеңі (қыпшақтармен бірге), кейінгі Осман не Иран патшалықтары дәуірі, Ресей құрамындағы Тифлис, кейінгі КСРО мен тәуелсіз Гүржістан астаны Тбилиси! Сәйкесінше сәулет ескерткіштерінің ізін де сол көріністе байқауға болады деп ойлаймын. Айтқандай, ескі қаладағы балкондар мен есіктердің өзі бір ғанибет қой!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/9d94e525dd0bc2cd7d1e5c9e575f50.jpg)

Жалпы, Грузияны түсіну үшін оған көбірек уақыт арнаған жөн деген ұйғарымға келдім. Әрине, Дигори шайқасы өткен жерді барып көру, Борчалы тағы бар, Гүржістанның парламенттің астанасы Кутаиси де көруді қажет етеді. Сондықтан, Гүржістанды тану үшін тау еліне қайта оралу керек. Осымен тәтәм!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ta-y-da-tbilisi-turaly-4-b-lim-802770](https://yvision.kz/kk/post/ta-y-da-tbilisi-turaly-4-b-lim-802770)