---
title: "«Таңшолпанда» — «Ұлытау» тобы"
description: "Ержан Әлімбетов, Әсел Исаева және Рүстем Баекеев шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті. «Ұлытау» ..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-08-18T23:28:26+00:00"
modified: "2015-08-18T23:28:26+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-sholpanda-lytau-toby-531211"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-sholpanda-lytau-toby-531211/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Таңшолпанда» — «Ұлытау» тобы

> Ержан Әлімбетов, Әсел Исаева және Рүстем Баекеев шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті. «Ұлытау» ...

Ержан Әлімбетов, Әсел Исаева және Рүстем Баекеев шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті.

![«Таңшолпанда» — «Ұлытау» тобы](http://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/xyWs1YbOzy12nHZS9PDOI3H64nCw1k.png)

«Ұлытау» тобының мүшелері Ержан Әлімбетов, Әсел Исаева және Рүстем Баекеев бүгін таңғы бағдарламада қонақта болып, шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті.

Топ құрамы өзгеріп жатыр. Осыған тоқталған Ержан: «Қатарымызға былтырдан бері Рүстем қосылды. Топ жаңару үстінде. Құрамда басқа да өзгерістар бар. Бізге келген жас таланттарға қойылар негізгі талап – адами фактор. Адамгершілік, жауапкершілік, орындау шеберлігі талап етіледі»,-дейді.

Ал, топтағы жалғыз бойжеткен Әсел: «Алғашқыда қиын болды. Себебі, ер-азаматтардың ортасында жалғыз өзім. Бірақ, уақыт өте топтағы жігіттердің жалпы қыз балаға деген ерекше құрметін байқадым. Бүгінде тіпті еркелеп те кеткендеймін»,-дейді.

Шығармашылықтағы жаңалықтарына ойысқан топ мүшесі Ержан Әлімбетов: «Біздің мақсатымыз – ұлттық музыкамызға терең үңіліп, құнды дүниелерді халыққа жеткізу. Репертуарға енетін туындыны топ болып таңдаймыз.

Бірінші кезекте әуеніне басымдық береміз, сосын ырғақ, өңдеуге ыңғайлылық жағы қарастырылады. Музыка – адамзатқа ортақ дүние. Шетелге шыққанда байқағаным – қазақ күйлерін шетелдіктер қазақтардан кем қабылдамайды. Қызығушылығы өте жоғары»,-дейді.

«Мысалы, Жапонияда «Ата толғауы» күйін халық сұрап, қатарынан бес рет орындатқаны бар. Сондай-ақ, шетелдіктер «Адайды» қазіргі заманның туындысы деп ойлайды. Ол мейлі қай заманның дүние болсын, өзіндік тәттілігімен тұтас халықтың жүрегін жаулап отыр»,-дейді Рүстем Баекеев.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ta-sholpanda-lytau-toby-531211](https://yvision.kz/kk/post/ta-sholpanda-lytau-toby-531211)