---
title: "Тағдыр тәлкегі"
description: "Тағдыр тәлкегі Әдеби көркем әңгіме Отаргүлдің жұрты Қанас көлі жағалауынан алыс емес, әріректегі қ..."
author: "Fvfylsr"
published: "2018-06-27T08:10:13+00:00"
modified: "2018-06-27T08:15:35+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-dyr-t-lkegi-808275"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-dyr-t-lkegi-808275/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тағдыр тәлкегі

> Тағдыр тәлкегі Әдеби көркем әңгіме Отаргүлдің жұрты Қанас көлі жағалауынан алыс емес, әріректегі қ...

Тағдыр тәлкегі Әдеби көркем әңгіме Отаргүлдің жұрты Қанас көлі жағалауынан алыс емес, әріректегі қазақтың сары жайлауы еді. Әкесінің кәсіпшілігі әуелден қой бағу, Құрымбайдың ата кәсібін жалғастырып келе жатқанына да көп уақыт өтіп еді. Анасы Жәмила болса үй шаруасындағы әйел. Құрымбайдың отбасында Отаргүлден өзге тағы екі қыз бар, бірінің есімі Әтіргүл, екіншісінің есімі Перизат. Отаргүл кішкентайынан шаруашылыққа мығым, денсаулығы мықты бала болып өсті. Олай болатыны қойшы ауылда қайнаған еңбек, бозалатаңнан кеш қарайғанға дейін үйдің шаруасы біте ме? Оның үстіне қойшы ауыл жұртының тірлігі малмен байланысты ғой. Алайда, "шаруа-шаруа" деп жүріп, үлкендердің балалардың денсаулығына қарамайтыны тағы бар. Бір жылы Отаргүлдің құлағынан құлық ағып, арты іріңге айналды. Қазақшылықпен ем-дом жасап, қырдағы ана бір молдасымақтың айтуымен құлағына күшәла құйдырды. Ауру одан сайын меңдеп, ол дабыл жарғағын жарып жіберген. Міне, осылайша айдың, күннің аманында Отаргүл саңырау қызға айналды. Аурудың батқаны жаман емес, туысқандардан зәбір көрген қиын екен. Отырса опақ, тұрса сопақ болды. Шешесі қызының естімейтінін ұмытып кете ме, кейде таяқпен салып жібереді, ал екі апасы көзін бақырайтын қойып: «әй саңырау» деп тілдегенімен қоймай, нұқып та жіберетін еді. Бірақ, мұңың кімге шағады? Құрымбай қызын құшақтап отырып, баласына білдірмей тағдырға налып алады. «Құдайым-ай, ботақанымды неге сонша қинадың» дер еді, арасында көзінен жас ыршып түседі, бала жүрегі бәрін сезеді, түсінеді, бірақ оның жанын әкесінен өзге кім түсінер екен?! Сөйтіп, өз үйінде өгейдің күнін кешіп, Отаргүл жанына сая таба алмады. Талай күндерді таңмен атырып, тағдырға налыды. Тіпті, мектеп қабырғасында да болған жоқ, құрдастарымен адам сияқты бірге ойнауды білмеді, адамдарға ренжігенімен, өмірге құштарлығы күшті болды. Өзіне өзі серт беріп: «мен түбі денсаулығымды түзеп, бақытты тұрмыс кешемін» деп үміттенді. Бірақ, өзі саңырау, хат танымайтын қыз кімге керек? Ата-анасының жағдайы боса болмаса белгілі. Сонымен, Отаргүл жапандағы жалғыз гүл сияқты әдемі бойжеткен болып өсті, әрине бар кемшілігі құлағы керең демесеңіз түрі де келісті әрі сұлу, бой-басы түзу, талай жігіттің көзінің құрты болды. Отаркүлдің ендігі ойы, ауылдан кетіп, қалаға бару, жұмысқа тұру, хат тану, білім алу. Бірақ, оны қалай істемек, неден бастау қажет. Кеңес берер ешкім жоқ, дүние оның бар ісіне қарсы сияқты! Сөйтіп жүргенде Қанас бойына ішкі жақ жұртының сауығы, демалысы үшін көптеген нысандар салына бастады. Бұрынғыдай көшпелі өмір салты жайына қалды, дәстүрлі тұрмысты ұстану мүмкін болмай кетті. Оның үстіне бұл үйдің отағасы Құрымбай белгісіз бір ауруға ұшырады, қайдан келген ауру екенін кім білген, бірақ сол ауру Құрымбайды меңдетіп жіберді. Осындай жайттардың бәрі Құрымбай отбасының Алтай қаласына көшуіне мәжбүрледі, алайда жылы орнын суытқанмен олардың тұрмыстары түзеліп кете қоймады. Дегенмен, жұрттың көбі саудаға бейімделіп, біразы ішкі Қытайдан зат тасуға көшті. Көп ұзамай Құрымбай қайтыс болды, үйдің үлкен екі қызы енді Отаргүлге тиісуін одан сайын үдетті, шешесі Айымхан «сен салдақы» деп дүрсе қоя беруін әсте тиған жоқ. Қала іргесіндегі жатаған қоңыр үй Отаркүл үшін көрге айналды. Бірақ, тіршілік ету керек, қандай жұмыс болса да, арланбай еңбек етті. Тағдырға, өмірге налығанда көзінен жас емес, қан ақты. Байлардың кір-қоңын жуды, біреулердің бөтелекелерін тазартты. Сондай күндердің бірінде бір кәсіпкер қытайдың бөтелкесін жуып тұрған кезде қасына ғайыптан ақсақал келді. Өз ойымен әлек болып, көз жасына ерік беріп тұрған уақытта (әрине, сырттағы адамдар оның ішкі дүниесінде не болып жатқанын қайдан білсін?) қасына бір үлкен кісі тақап келіп: «балам, неге сонша жылып тұрсың, көңілің жабырқаулы ғой» деді. Сөйтсе, бұл кісі, мешіттің молдасы екен, ұға алмаған соң, ұйғыр шалы қағазға жазып көрсететті, әріп танымайтын Отаркүл одан сайын қапаланды. Ақсақал: «балам мен саған бір кәсіпті үйретейін, қашанға дейін біреудің бөтелкелерін жуып жүресің» деді. Молда әуелі оған массаж жасаудың қыр-сырын үйретті, оның үстіне Отаркүлдің қолы қарулы емес пе? Біртіндеп әріп танып, оқи алатын жағдайға жетті. Отаркүлдің өмірге құштарлығы артты, адамдардың бәрі өзі ойлағандай жаман емес екен. Бірақ, жұмысын тастаған жоқ, күнкөріс керек қой, ендігі бір ойы «бұл қаладан да кету керек» деген шешімге алып келді. Бөтелкелерін жуғызатын қытай кәсіпкері аз төлейді, бірақ тиын-тебенін уақтылы береді. Отаркүл шамалы қаражатын алған соң, Үрімші шаһарына жол тартты. Расында Отаркүлдің бұл ісі ерлік еді, кешегі күні ауылдан шықпаған қыз бала енді Шыңжаңның астанасы, Шығыс Түркістанның бас қаласына сапар шегіп барады.... Әрине, қалың ой үстінде, бірақ енді Алтай өңірінде кімі бар? Тек әкесін қимайды, бірақ ол тірі болса, рұқсатын берер еді. Жолға шығар алдында Мұқаддес ақсақалға барып, рахметін айтып үлкен қалаға бағыт алды. Мұнда кім оны күтіп тұр дейсіз? Алтайдан шықпаған Отаркүлге бәрі таңсық көрінеді, қаланың шамдары, биік ғимараттар, ағылған көлік, құжынаған халық. Үрімшіде Отаркүл бірақ жұмысты тез тапты, туристерге арналған аудандағы саунада массаж жасаушы болып орналасты. Қожайыны дүнген жігіті кіл өрімдей монғол, дүнген, қазақ, ұйғыр, қытай қыздарын іріктеп алып, саунада «қонақ күттіреді», бұрынғы Кеңес Одағынан келген байлардың қалтасын қағады. Қазақстан мен Ресейден ақша табуға келген «түнгі көбелектер» де жетерлік. Иесі Отаркүлді ұрды-соқты, оның аядай бөлмесіне аптасына бір рет келіп-кетіп жүрді. Қаншалықты оны жақсы көрмесе де бәріне көндікті, шыдады, «адам үш күннен кейін көрге де үйренеді емес пе?», Юсуп келмесе оны іздеп, елегізіп тұратын болды. Шынында ол Отаркүлді сыртқа дүниемен жалғастырып тұрған дәнекер еді. Бұл 90 жылдар соңы болатын, бұрынғы Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы шекара ашылып, алыс-беріс күшейген, сауда-саттықтың дәуірі жүріп тұрған заман болатын. Бірде, бұлардың қонақ үйі жанындағы Қытай медицинасы орталығына Қазақстаннан бір егде жастағы әйел келді, жаңағы әйелдің онда денсаулығын түзеп, ем-домын алып жатқан кезі еді. Отаркүл қытай тілін жетік білмесе де күнделікті тұрмыста үйреніп алды, ол орталықтардың көбінесе ақша табу үшін жұмыс істейтінін, клиенттерін алдап, өтірік дәрі жазатынын да біледі. Бірақ, не шаруасы бар. Дегенмен, ана кісіге жаны ашып кетті, әлде ұлтына деген махаббаты оянды ма? Бір ретін тауып қазақ апаға бәрін ыммен түсіндірді, разы болған қазақстандық кісі: «сені қалай тауып аламын?» деді. Отаркүл жұмыс істейтін жерін айтты, массаж жасайтынын жеткізді. Не керек, сауда ісі біткенше қазақстандық әйел күнде Отаркүлге массажын жасата берді, Отаркүл де аянбайды. Қазақстандық апай бәрін біліп отыр, суыртпақтақ әңгіме сұрайды, түсінісу қиын, шекараның екі жағындағы қандастардың жазуы да екі түрлі. Отаркүлдің жиырма жеті жасқа келген кезі, он жылы боса болмаса осындағы қараңғы түнекте өтті, жұмыс, ұйқы, тағы жұмыс. Бірақ, табиғат берген күші бар, түрі де әдемі, бастысы құлын мүшесі толықсып тұрған кезі ғой. Қазақстаннан келген қазақ әйелі Отаркүлді ата-баба жеріне алып кеткісі келетінін, тек бір шарты бар екенін айтты. Ол не қылған шарт екен? Әйел: «65 жастағы туған бауыры бар екенін, оның бақуатты екенін және бір перзентке зар екенін, егер Отаркүл екінші әйелі болуға келісімін берсе, бар жағдайын жасайтынын» айтты. Отаркүлдің арманы ата-баба жеріне жету емес пе? Негізі, арғы бабалары Қытайға қилы заманда Шығыс Қазақстан жерінен өткенін де біледі. Бірақ, шалдың тізесін қалай құшақтамақ, Юсуп оны жібере ме, қандай шешім қабылдау керек? Шыны керек, Юсупты қимайды, оған үйренісіп қалған, жастың аты жас қой. Бірақ, Қазақстандағы өмір Отаркүлге жұмақтағы өмірдей елестейді және оның да бір талабы бар. Қазақстандық әйел: «Иә, Отаркүл даярсың ба?» деп күн сайын пысықтап, ыңғайлап жүр. Отаркүл: «Апай, менің құлағым естімейтінін білесіз ғой, бірақ кішкене болса да есту үшін операция жасату керек, құны 10 000 юань, егер осы тілегімді қабыл алсаңыз, Сіздің шарттарыңыздың бәрін орындаймын» деді. Иә, «уәде – құдай сөзі», бәрі ойдағыдай болып, өң мен түс сияқты болып, Отаркүл Қазақстаннан бірақ шықты. Ешқандай той болған жоқ, қайдағы той, екінші әйел болды әрі бір перзентке зар болған ақсақалға ұл тауып беру керек. Құдайдың ісі дұрыс болып, көп кешікпей шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Ақсақал жұмыс істетпейді, бірақ Отаркүл үйдің шаруасымен ғана айналысады, оған қала ішінен жеке бір бөлмелі пәтер алып берді. Бірақ, ұлын жақсы көрмеді, неке суын бірге ішкен күйеуіне суық, күні-түні ойынан Юсуп шықпайды. Отаркүл енді жаңа бір жоспар жасады, отағасын көндіріп массаж жасайтын жұмысын жандандырды, оның өзінде үйінде қабылдайтын болды. Отаркүл тағы қулыққа көшті, күйеуін көндіріп, клиенттеріне барып жұмыс істейтін жағдайға жетті, ол жұмысына күшті еді, бір массаж алған адам оған қайта айналып келетін еді. Ақсақалды тағы көндіріп, өз орталығын ашып алды, баланы да байды да ұмытуға айналды. Тіпті ретін тауып, талақ тастатты. Бірақ, өзі айтпақшы, ертеңгі күні бұлыңғыр, ешкімге міндетті емес, алайда тағдырдың жазуы осылай шығар. Шекараның ар жағындағы апалары мен анасы күнде хат жазады: «Отаркүл, айналайын, бізді алып кет, көшіріп ал» деген сарында, бірақ оларға деген ашу-ызасы мен жеккөрініші әлі жібитін түрі жоқ. Отаркүлдің алдағы тағдары өзге түгіл өзіне де беймәлім! Тағдыр тәлкегіне түскен ол кімге ренжиді, өмірге ме әлде өзіне ме?

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ta-dyr-t-lkegi-808275](https://yvision.kz/kk/post/ta-dyr-t-lkegi-808275)