---
title: "Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Кіріспе (1)"
description: "Кіріспе Кітап туралы \"Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері\" көпжылдық саяxаттар мен ..."
author: "Maksache"
published: "2016-10-19T13:57:50+00:00"
modified: "2016-11-19T01:24:59+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-azhayyp-hayuanattar-zh-ne-olardy-mekeni-kirispe-1-719776"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ta-azhayyp-hayuanattar-zh-ne-olardy-mekeni-kirispe-1-719776/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Кіріспе (1)

> Кіріспе Кітап туралы "Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері" көпжылдық саяxаттар мен ...

**Кіріспе**

**Кітап туралы**

"Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері" көпжылдық саяxаттар мен зерттеулердің нәтижесі болып табылады. Өткен жылдар айнасына бет бұрып, өз бөлмесінде Хокламптардың іш-құрылысын сағаттар бойы зерттеп отыратын жеті жасар сиқыршыға қарасам, қызғаныш сезімі пайда болады. Өйткені оның таңғажайып саяxаттары әлі алда: сол xоркламп сүйгіш бала есейе келе, қараңғы джунглиден жарқыраған шөл далаға дейін, тау шыңдарынан сазды батпаққа дейін аяқ басып, осы кітапта сипатталған жануарларды кездестіреді. Мен бес континенттің үңгірлерін, індері мен ұяларын аралап шығыппын, жүздеген елдегі сиқырлы xайуанаттардың қызықты мінез-құлықтарын бақылаппын. Олардың құдіреттілігіне куә болып, сенімін иелендім, және кей кездері олардан қорғану үшін қазанымды да пайдаландым.

"Таңғажайып xайуанаттардың" алғашқы басылымы 1918 жылы "Обскурус" баспасындағы Август Шұбалша мырзаның редакциясымен шыққан. Ол кісі көп ұзамай оның баспасы үшін кітапты толықтырып, жинақ ретінде шығаруды ұсынғанда, мен бірден келістім. Ол кезде аптасына екі сикл ғана жалақысы бар Сиқыр министрлігіндегі шағын қызметкер болатынмын, оған қоса демалыстарымды жаңа сиқырлы xайуанаттар түрлерін іздеп, саяxаттап өткізу мүмкіндігі ашылды. Кітаптың бұдан кейінгі тарихына үңілсек: “Таңғажайып хайуанаттар” қазір елу екінші басылымда шығып отыр.

Бұл кіріспенің мақсаты 1927 жылы бұл кітап алғаш шыққаннан бастап менің пошта жәшігіме апта сайын келіп отыратын ең жиі сұрақтарға жауап беру. Соның ішіндегі ең маңыздысы – “хайуан” деген не?

“Хайуан” деген не?

*(аяқтары тым көп жүн басқан дәу бір бәле)*

“Хайуан” сөзінің анықтамасына байланысты пікірталас ғасырлар бойы жалғасып келеді. Магизоологияны енді оқи бастағандарды бұл жайт таңғалдырар, бірақ сиқырлы жаратылыстардың үш түрін қарастырып көрсек, мәселенің қыры ашыла түседі.

Құбылтектер уақытының басым бөлігін адам кейпінде өткізеді (сиқыршы болсын, магл болсын). Қайткенмен, айына бір рет олар өлім көксеген, адами қасиеттен жұрдай, төртаяқты сұрапыл хайуанға айналып отырады.

![Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Кіріспе (1)](https://storage.yvision.kz/images/user/maksache/IHsCK62BTo9W6rj5Vx3l9sS9O03V49.jpg)

Кентаврлардың мінез-құлқы адамдыкінен бөлек; олар жабайы өмір сүріп, киім киюді қаламайды, сиқыршылар мен маглдардан оңаша мекендеуді жөн көреді, дегенмен ақыл-ойы адаммен тең.

![Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Кіріспе (1)](https://storage.yvision.kz/images/user/maksache/MzF253OwKmEBr1RrwWMPwd4T1Kd1Zn.jpg)

Тролльдардың түрі адамға ұқсас, тікжүргіш, бір-екі ауыз қарапайым сөз үйретуге болады, дегенмен олар ең аңқау жалғызмүйізден де ақымақ болады, және орасан зор күшінен басқа сиқырлы қабілеттері жоқ.

![Таңғажайып хайуанаттар және олардың мекені. Кіріспе (1)](http://storage.yvision.kz/images/user/maksache/O8hRkwelnU3GHzRrFZ6kyzabWn6Hke.png)

Енді сұрақ: осы аталғандардың қайсысы «жаратылыс», яғни сиқырлы әлем үкіметінде дауыс бере алатын заңды тұлға болуға құқылы тіршілік иесі, ал қайсысы - «хайуан»?

Ертеректе сиқырлы жаратылыстардың ішінен хайуанды анықтау тәсілдері тым қарапайым болған.

Сиқыршылар кеңесінің төрағасы Бэрдок Малдун (Сиқыр министрлігінен бұрын Сиқыршылар кеңесі болған) он төртінші ғасырда сиқырлы қауымның екі аяқпен жүретін мүшелері осыдан былай «жаратылыс» деп аталатын болады, ал қалғандары «хайуандар» болады деп бекітіпті. Достық сезімі толқып тұрған сәтте ол бүкіл «жаратылыстарды» сиқыршылармен кездесіп, жаңа сиқырлы заңдарды талқылау үшін құрылтай ұйымдастырады. Бірақ жиналысқа келген гоблиндер өздерімен бірге екіаяқтылардың бүкілін ертіп әкелгенде, Малдун мырза мүлт кеткенін түсінеді. Батильда Бэгшот өзінің «Сиқыр тарихы» атты туындысында бұл туралы былай деп жазады:

*«Дириколдардың шыңғырған дауысынан, Авгурлардың қайғылы күңкілінен және Бажылдақтардың өткір, безілдеген әуендерінен ештеңе есту мүмкін болмады. Мыстандар мен сиқыршылар алдындағы құжаттырын талқыламақ болғанда үстінен неше түрлі феялар мен елфтер шиқылдап ұшып, маза бермеді. Бір топ тролльдар шоқпармен дүңкілдетіп, бөлмедегінің бәрін қирата бастады, ал жезтырнақтар залды аралап, жеуге тұрарлық кішкентай балалар бар ма екен деп тіміскілеп жүрді. Кеңес төрағасы құрылтайды ашу үшін орнынан тұрып еді, Порлоктың нәжісіне тайып түсті де, балағаттап, залдан шығып кетті».*

Өзіңіз көріп тұрғандай, жаратылыстың екіаяқты болуы оның сиқырлы үкімет істеріне араласа алатынына не араласқысы келетініне кепілдік емес. Ал ашуы қайнаған Бэрдок Малдун бұдан былай адам тәрізді емес жаратылыстарды Сиқыршылар кеңесіне шақырудан бас тартқан.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ta-azhayyp-hayuanattar-zh-ne-olardy-mekeni-kirispe-1-719776](https://yvision.kz/kk/post/ta-azhayyp-hayuanattar-zh-ne-olardy-mekeni-kirispe-1-719776)