---
title: "Тәжікстан сапары, 1-ші күн"
description: "Біздің үйдің бір салты бар, ол дәстүр бойынша балаларға Жаңа жылға арнайы сыйлық жасаймыз. Әрине, өз..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-04-02T10:17:28+00:00"
modified: "2019-04-02T10:17:28+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-zhikstan-sapary-1-shi-k-n-829569"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-zhikstan-sapary-1-shi-k-n-829569/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тәжікстан сапары, 1-ші күн

> Біздің үйдің бір салты бар, ол дәстүр бойынша балаларға Жаңа жылға арнайы сыйлық жасаймыз. Әрине, өз...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/2ad4cfea4b89f17a8a7d870727f329.jpg)

Біздің үйдің бір салты бар, ол дәстүр бойынша балаларға Жаңа жылға арнайы сыйлық жасаймыз. Әрине, өзіміздің төл мейрамымыз Әз-Наурыз ғой, дегенмен күнтізбелік жыл соңында Аяз Ата (мен, яғни, пақырыңыз) балаларға сыйлық беріп жіберіпті. Шыны керек, 2018 жыл күрделі болды, бірақ дәстүрді жалғастырдық.Сыйлықтарын алған балалар мәз, үлкендері әрине Аяз Ата мен екенін біледі. Бірақ, кіші балалар қағазға жазып, өтініштерін білдіреді. Сонымен, өзіме де сыйлық жасап жібердім. Бұл 30 желтоқсан еді. Иә, алдын ала баратын елімді анықтап, билет алып қоятын едім. Түн ортасында Астана-Алматы-Душанбе және Астана-Душанбе бағыты бойынша билетке тапсырыс бердім. Сомасы 121 924 теңге болды. Онлайн төлеп жібердім. Жалпы, шетелдіктер, әсіресе еуропалықтар бір жыл бұрын, кем дегенде жарты жыл бұрын баратын елдерін анықтап, билеттеріне тапсырыс беріп, бағыттарын белгілеп қояды.Олардай болмасам да 80 күн бұрын тапсырыс беруім енді жоспар құруыма мүмкіндік береді. Дегенмен, әуелгі бағыт Венгрия (Мажарстан) еді, оның үстіне Астанадан Будапештке тікелей әуе қатынасы да бар. Лоукостер бағасы да қымбат емес, бірақ әрбір жылдағы міндет – Наурызды тойлайтын елге барып, мейрамдарына қатысу, 4-5 күн ішінде саяхаттап шығу.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/dc0c4dfcc64fb19f38a6465baf7319.jpg)

Негізінде билеттерді Астанадан тіке әуе рейстері бар қалаларға алуға тырысамын. Бірақ, дәл 20 наурыз күнге билет Астанадан ұшып барып, Алматы арқалы Душанбеге қонады екен. Ал, кері бағыт Душанбе-Астана. Сонымен, ақырындап дайындала бастадым, контур анықтала берді. Әйтсе де көңілде күп бар, себебі осыдан бірнеше жыл бұрын Бақытжан Бұқарбай атты жерлесіміз Тәжікстанға барып, сервистің, қызмет көрсетудің орынсыздығы туралы жазған болатын. Оның үстіне былтырғы жылы Тәжікстанда саяхаттап жүрген шетелдік төрт велосипедші өлтірілген еді. Кейін жағдайдың тұрақтанғанын да хабардар едім. Шынтуайттап келгенде менің құзырымда бар-жоғы 3,5 күн бар. Міне, осы уақытты ұтымды пайдаланып, саяхатты ұйымдастыру керек. Одан кейін мынадай бір ой туды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/e8d32cd747a381ba8f68c606ff7271.jpg)

Менің «Қазақ туризм» ұлттық компаниясымен әріптестігім бар еді, соны неге пайдаланбасқа? Өйткені, «Қазақ туризм» ҰК тиісінше Тәжікстан Үкіметінің жанындағы Туризмді дамыту жөніндегі комитетімен тығыз байланыс орнатқан. Әуелі аталған комитеттің электрондық почтасына хат жаздым, жауап жоқ. Қызық. Одан кейін, Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігіне хат жаздым. Жауап болған жоқ, бірақ кездесуге шақырды. Сапар бойынша өз ойымды, оларды қызықтыруға тырыстым. Айналып келгенде олардан бір тиын да сұрап тұрғаным жоқ қой. Сапарымды олардың құзырлы органдары арқылы қызықты ету әрі бұл ұсыныс оларға тиімді ғой. Сонымен, бір мәмілеге келгендей болдық. Осыдан кейін ««Қазақ туризм» ҰК» маған жәрдем ету туралы Елшілікке хат жазды. Өкініштісі, ол хат жетпеген, тек сапарға кетер алдында ғана өзім олардың почтасына қайта жібердім. Бюрократия деген қай жерде де бар ғой.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/b5835f920d39c49e2b3753a3c6358d.jpg)

Сөйтіп, әні-міні дегенше наурыздың он тоғызыншы күні болды. Заттарымды дайындап, рюкзагымда іле салып, таңғы бес жарымда Астана әуежайына да жеттік. Інім Жәнібек әуежайға әкеп тастады. Сонымен сағат жетіде Астана әуежайынан Алматы әуежайына ұшып шықтым. Ұшаққа отырған соң жерлесім Жомарт Түбекбаев ағамды кездестірдім. Жәкең – Торғай елінің патриоты, көптеген істердің басы-қасында жүретін жігіт. Бұрындары «Өр Торғай – ерлік мекені» атты экспедиция мен Байғабыл ауылы тумаларының кездесуін өткізген еді. Қысқаша айтқанда жарнаманы қажет етпейтін жан. Біздің де істеп жүрген шаруаларымыздың бір парасы да туған жерге қатысты ғой, ол – Тобыл-Торғай.кз сайты мен «Тылсым Торғайға тур» жобасы. Сонымен, ағамызбен сұхбаттасып отырып, Алматыға қалай ұшып келгенімізді де байқамай қалыппыз.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/be8e6faf158f1eddcd74b8a5a184cf.jpg)

Енді, «Эйр Астананың» келесі ұшағына отырар алдында, Алматы әуежайындағы валюта айырбастау дүңгіршегіне келсем, онда отырған қыз бала 50 доллардың жоқ екенін айтты. Өзімше ала салайын деп ойлағанмын ғой. Есесіне тәжік ақшасы сомони бар екен, әрине бағамы қымбаттау. Бір теңгеге жаңылмасам 44 сомониден келіп тұр. Жарайды, Душанбе әуежайында таксиге, тағы басқа ұсақ түйектерг керек болып қалар деп 450 сомони ала салдық. Біраздан кейін ұшаққа отырдық. «Эйр Астананың» ұшақтары қанша дегенмен таза, қызмет көрсету сапасы да жаман емес, тамағын да береді. Бағана бірінші ұшақта таңғы асымды ішіп алсам, мұнда енді түскі асымды іштім. Арасында көзімді шырамытып та алдым. Қасымдағы екі жігіт Жәркенттің ұйғыр жігіттері екен. Тойға бара жатырмыз, «дальнебойщиктерміз» дейді. Аздап әңгіме айтып, енді бір рет көзімді ашқанда Душанбе әуежайына да келіп қалыппыз. Айтқандай, әуе кеңістігінің құрсауына ұшырағанда қорқынышты екен. Иманыңды үйіріп отырасың! Сондай кезде тағдырың бір Алланың қолында екенін түсінесің! 10 мың биіктікте ұшып бара жатып, әрине неше түрлі ойлар келеді, бірақ өзімді басқа позитивті нәрселерге назар аударуға тырысамын. Айтқандай ұшақтағы жолаушылардың көбі қытайлықтар болды. Қызық екен! Әдетте, бір елге ұшқанда жарты қазақстандықтар және сол елдің азаматтары болушы еді. Әрине, Астанадан мен сияқты ұшып келген 5-6 ағайындарды да байқадым, және аздаған өзге де шетелдіктер болды, тағы Қазақстан мен Тәжікстан азаматтары да отырған еді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f6350f175fd0f766b306d432ea1c27.jpg)

Қысқаша айтқанда, Душанбе әуежайына да келіп қондық. Шекара қызметінен өткен соң рюкзагымды жетектеп шыға беріске жылжи бердім. Менің аты-жөнім жазылған транспаранты бар тәжік жігіті тұр. Келіп аамандастым, есімі Мааруф екен. Шығып көлігіне отырдық. Мен оны Тәжікстанның Туризмді дамыту жөніндегі комитетінің қызметкері шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, «Сайру Сайёхат» деген туристік компанияның директоры екен. Сол бетімізбен Хаёти нав 93 мекенжайы бойынша орналасқан «Doshan» қонақ үйі/хостеліне келіп орналастым. Орналасып болған соң саяхатшыларға арналған шайханаға барып түскі асымызды іштік. Дәстүрлі тәжік асханасы, палау, лимонды шай, көкөністер, қатық деген сияқты. Сіңімді, нағыз өзіме ұнайтын Орта Азия дастарханы. Ол жерден шығып, қаланың көрікті жерлерін араладық. Самани ескерткіші сияқты қалаға көрік беріп тұрған әйдік ескерткіштер дегендей. Жалпы, қала таза көрінді, жаңа құрылыстар да жүріп жатыр. Биік ғиматтар мен қымбат қонақ үйлер және басқа да нысандарды қарап келемін. Одан кейін Тәжікстанның Ұлттық музейіне бас сұқтық. Кіру бағасы 25 сомони, 30 сомони гид қызметі, тағы 10 сомони фотоға түсіру үшін төледім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/8f491987ae2061d940bccd99da3ed9.jpg)

Музей экспонаттары өте жақсы екен, бірнеше бөлімдері бар, қысқаша айтқанда тәжік тарихы мен табиғатына қатысты дүниелердің бәрі осында жиналған.Экскурсоводым Мирзоева Хосият жаны қалмай бәрін түсіндіріп жүр. Өзімді құдды оқушы сияқты сезіндім. Бірақ, біз асығыстау едік, өйткені қаладан 25 шақырымдағы Гиссар қорғанына бару керек. Сөйтіп, көлікке отырып, тәжік тарихында өзіндік орны бар Гиссарға бет бұрдық. Бұл қамал әсем екен. Әрине, тарихи жәдігерлері де мол. Қорықтың директоры өзі гид болып жүрді. Бір әттегенайы, қорық аумағы қоқыстан көз ашпай тұр, шемішке шаққан ба, басқа да ұсақ-түйек тастандылар бар. Өзі де ыңғайсызданып, бүгін Наурызға байланысты шаралар өткенін, халық көп жиналғанын айтты. Әрине, мәдениетсіздер де бар дегендей. Бірақ, менің түсінгенім ауыл-қалалары таза, бұл халықтың өзінің бастамашылығы ма әлде әкімшілік-командалық жүйе ме екен? Ол жағы мен үшін беймәлім. Айтқандай мұнда Қазақстандағыдай зәулім мазарларды кездестірмедім. Мүмкін жер аз болған соң солай ма екен? Әрине, қайтыс болған кісілерге қойылған тастар биік жерге қойылады екен, біздегідей жан-жағы қоршалмаған, мүмкін қорымды жалпы қоршап қоятын болар? Шынын айтайын, қорымдарды алыстан ғана көрдім.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/f8e354ad1d999c5c25fd4c3867d211.jpg)

Кешке қалаға қайтып келіп, «Рохат» атты шайханадан кешкі асымызды іштік. Бұл жол кәуаптың түр-түріне тапсырыс бердік. Білмеймін, меніңше бізде, Шымкентте кәуаптарды олардан жақсы жасайтын сияқты. Иә, дегенмен, Тәжікстанда аш қалмайсың! Бұл күні, хостелге келіп ерте жаттым, бірақ оның алдында Мааруфке бүгінгі қызметі үшін аздап саудаласып барып, 50 доллар төледім. Ертеңге жоспар жасап қойдым. Бағыт – Куляб қаласы, Мир-Саид Хамаданидің жерлерген жері, Нүрек гидроэлектр станциясы, Вахш аңғары, тау шатқалдары мен Кулбук археологиялық кешені. Басым қалай жастыққа тиді, сол беті қор ете қалдым! Ал әзірге суреттер сөйлесін!

Фотоға түсірген автор!

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/df47c4e971f04edd85601c8fc696f7.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-zhikstan-sapary-1-shi-k-n-829569](https://yvision.kz/kk/post/t-zhikstan-sapary-1-shi-k-n-829569)