---
title: "Тәуелсіздік тұғырым"
description: "«Біз бүгін өзіндік бет-бейнесі бар,өзіндік ерекшеліктері мен өзіндікұстанымы бар тәуелсіз мемлекетп..."
author: "tazhiev.ayan"
published: "2021-12-10T08:34:51+00:00"
modified: "2021-12-10T08:34:51+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-uelsizdik-t-yrym-955433"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-uelsizdik-t-yrym-955433/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тәуелсіздік тұғырым

> «Біз бүгін өзіндік бет-бейнесі бар,өзіндік ерекшеліктері мен өзіндікұстанымы бар тәуелсіз мемлекетп...

«Біз бүгін өзіндік бет-бейнесі бар,

өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік

ұстанымы бар тәуелсіз мемлекетпіз!»

Н.Ә. Назарбаев.

Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет.

Елбасының «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жеткен өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығү бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр.

Осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елдің өзінің тез көркейіп өсуімен таң қалдырып, жаңа Астанамыз дүниеге келді. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі белеске көтерілуде. Өзіне тәң барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрылды.

Тәуелсіздіктің бүгінгі жетістігі – өткен жылдар ішінде елімізде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген уақыттар. Бірақ алдымызда әлі де алар асулар, бағындырар белестер көп. Біз өткен 30 жыл ішінде қандай межеге жеттік, жеткен жетістігімізді 30 жыл ішінде ұрпақ жадында қалдырып, еліміздің болашақ тағдырын, тарихын, салты мен дәстүрін дәріптеу біздің қолымызда. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Тәуелсіздік – еліміздің егемендігінің айғағы. Көгімізде Тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Қазір елімізге тыныштық орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашағына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды.

Қазақтың дархан көңілі мен сабыр парасаты өзге ұлттар мен ұлыстардың терең түсіністігі мен сүйіспеншілігі аман болса, әр кеудеде «Мен қазақпын!» деген алау сезімі атойлап тұрса, ортақ үйіміздің болашағы баянды болатынына сенімім зор. Иә, рухы күшті ел алынбайтын қамал. Осындай рухы күшті елдің ұрпағы болғаным мен үшін үлкен мақтаныш. Мен де оқып, азамат болып, еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам, өзімді бақытты жандар қатарына санар едім. Біз болашаққа бар халықты бауырымызға тарта отырып, бейбітшілік аясында, айқын мақсатымызбен, ақыл- парасатымызбен, сапалы білімімізбен барамыз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге қатысты үлкен шаралар қарастырылған, экономиканы индустриялық инновациялық дамыту бойынша жаңа міндеттер қойылған. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайта түсетін боламыз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде елімізді дүниежүзі танып, Елбасының ерен еңбегінің, сындарлы саясатының арқасында саяси-экономикалық, әлеуметтік табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік алдық. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы.

Мен елімді, туған жерімді сүйемін. Елімнің өткені мен бүгінін, тарихын тебірене де тереңдей оқып біле отырып, тарихтың зерделі де шежірелі беттеріне үңіле түсемін. Үңіле түскен сайын, ата-бабам аңсап кеткен «сара жол», егемендік пен тәуелсіздіктің куәгері де, өмір сүруші ұланы да, оны құрушысы да болғаныма шаттанамын.

Бүгінде мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Заң факультетінде оқып білім алудамын. Заңгер мамандығы – бүкіл өміріңді арнап және өз таңдауыңды мақтан етерлік, қиын әрі күрделі, алайда өте қызықты және мәртебелі мамандық.

Бүгінгі таңда заң факультетінің ең күрделі ғылыми-тәжірибелік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жақсы ғылыми әлеуеті бар. 1934 жыды ірге тасы қаланған заң факультетінде ҚР ҰҒА академигі, 30 докторлар мен профессорлар, 80-нен аса ғылым кандидаттары, доценттер жоғары тәжірибелі мамандар жұмыс жасауда. Олардың басым көпшілігі шет тілдерін меңгерген, АҚШ, Еуропа, Туркия және өзге де мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп келген.

Осындай жоғары тәжірибелі мамандардын бірі, қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Тағайбек Қымбат Талғатқызын ерекше атап өткім келеді. Жас болса да оқытушы қызметін атқарып жүрген, білікті де,ұшқыр маман иесі. «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, оқытушы тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы.

Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген ұлaғaтты сөзін, білімнiң шындығындa да бaғa жетпес үлкен рухани қару екендігін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар aсa зoр өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық — рухaни күш, қуaт көзі жoқ екені белгілі. Өйткeні, білім — тeк ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге тaсы өрге дoмалaған еңсесі биiк елдермен терезесі тең мемлекет болудың күре тaмыры, eл дaмуының aлтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толaстамайды.

Мен қайсар да қайратты, білімді де білікті, өжет, өткір еркін де азат Қазақ атты ұлы халықтың перзенті екенімді мақтан тұтамын. Біздің атар болашақ таңымыз, бағымыз нұрлы да шырайлы болсын!

Аян Махамбет,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Заң факультеті

4 курс студенті.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-uelsizdik-t-yrym-955433](https://yvision.kz/kk/post/t-uelsizdik-t-yrym-955433)