---
title: "Тәртіптік кеңес «қыдырымпаз» басшыға ескерту жасады"
description: "Ағымдағы жылғы 9 қарашада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентт..."
author: "finpolsko"
published: "2015-11-11T04:06:58+00:00"
modified: "2015-11-11T04:06:58+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rtiptik-ke-es-ydyrympaz-basshy-a-eskertu-zhasady-636428"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rtiptik-ke-es-ydyrympaz-basshy-a-eskertu-zhasady-636428/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тәртіптік кеңес «қыдырымпаз» басшыға ескерту жасады

> Ағымдағы жылғы 9 қарашада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агентт...

![Тәртіптік кеңес «қыдырымпаз» басшыға ескерту жасады](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/8F3iT194PBDFd719BCjMevx6KJK4At.jpg)

Ағымдағы жылғы 9 қарашада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Әділбек Қайырбекұлы Мұқашевтың төрағалығымен Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды, ішіндегі 2 тәртіптік іс жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысты болды. Алдымен, жұмыс уақытын дұрыс есептемеу және еңбекақы төлемі фактісі бойынша Мамлют ауданы Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Д.С. Серғалиевке қатысты тәртіптік іс қаралды. Нақтырақ айтқанда, БЖСМ қызметкерлері жұмыс күндері бірнеше рет Ресей Федерациясына жол жүріпті, бірақ қыдырған күндерін жұмыс істеген ғып белгілеп келген. Сонымен қатар іссапарлық шығындарды есептеу және мемлекеттік сатып алу шарттарын жасау кезінде де бірқатар олқылықтарға жол берілгендігі анықталды. Жемқорлық құқық бұзушылыққа жол берген басшыға, Тәртіптік кеңес мүшелері бір ауыздан қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жасады. Екінші мәселеде, жетім балаларға арналған азық-түлікті сатып алу туралы келісім шарттар бойынша алдын ала төлем фактісі бойынша, бюджетті орындау және оның кассалық қызмет көрсету Ережесін бұзған Отбасылық үлгідегі балалар аулының директорына қатысты тәртіптік іс қаралды. Бюджет заңнамасын бұзған директор А.М. Әкімжановты жауапкершілікке тарту және өзіне қарасты мекемелерде мұндай бұзушылықтарға жол бермеу бойынша тиісті шара қабылдау үшін аталған материалдар Облыстық білім басқармасына жолданатын болды. Кездесу соңында Әділет департаментінің басшысы Е.А. Сейдімбектің мемлекеттік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын, мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін сақтау, 2015 жылдың 9 айындағы атқарушылық құжаттарының орындалуы жөніндегі көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша ақпараты тыңдалды. Отырысты қорытындылаған Кеңес құрамы, бұдан былай сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау және халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін тиісті шешімдер шығарды.

![Тәртіптік кеңес «қыдырымпаз» басшыға ескерту жасады](https://storage.yvision.kz/images/user/finpolsko/2TlqIZ0X4pj1k8Jsy3o9XBy2UQPpHc.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-rtiptik-ke-es-ydyrympaz-basshy-a-eskertu-zhasady-636428](https://yvision.kz/kk/post/t-rtiptik-ke-es-ydyrympaz-basshy-a-eskertu-zhasady-636428)