---
title: "Тұрмысы төмендерге тұрғын үй керек немесе салынып бітсе де сағым боп тұрған сарайлар"
description: "Баспанасыз тіршілік иесін көріп пе едіңіз? Тілсіз де болса, сан алуан жан-жануар мен жәндіктердің өз..."
author: "kamillla"
published: "2012-03-07T00:06:58+00:00"
modified: "2012-03-07T00:06:58+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rmysy-t-menderge-t-r-yn-y-kerek-nemese-salynyp-bitse-de-sa-ym-bop-t-r-an-saraylar-238521"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rmysy-t-menderge-t-r-yn-y-kerek-nemese-salynyp-bitse-de-sa-ym-bop-t-r-an-saraylar-238521/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тұрмысы төмендерге тұрғын үй керек немесе салынып бітсе де сағым боп тұрған сарайлар

> Баспанасыз тіршілік иесін көріп пе едіңіз? Тілсіз де болса, сан алуан жан-жануар мен жәндіктердің өз...

Баспанасыз тіршілік иесін көріп пе едіңіз? Тілсіз де болса, сан алуан жан-жануар мен жәндіктердің өзі күйбең тіршйді. Ал солардан санасы артық туған адамдар ше? Біздің бүгінгі хәліміз көңіл көншітерліктей дәрежеде деп айта алмаймыз. Басқа сүтқоректілерден ақылымыз асық боп тусақ та, азаматтарымыз әлі күнге басына баспана іздеп зар илеп жүр. Осыдан 3 жыл бұрын, яғни 2008 жылы жеңілдіктермен берілетін ипотекалық тұрғын үйлерге жаппай кезекке тұру басталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2007-жылғы 20-тамыздағы №383-ші «Қазақстан Республикасының 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту туралы Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығына сәйкес, жас отбасы айрықша құқығы бар санат қатарына жатады.Бірі талон ала алмай тәлтіректесе, енді бірі кезегін күтіп сарылып жүріп ақыры қолды сілтеуге мәжбүр болған еді. Неге? Себебі жоспардағы пәтер саны 4000 болса, ал кезекке тұрған азаматтар 18000-нан асып жығылды. Ақыр соңында жеңілдетілген ипотекалық пәтерге кезекке тұру біржола тоқтатылды. Бұл кезектің көшінен қалып қойғандар қайтпек? Көптің көкейінде әлі де болса 2012 жылда жаңалық жылт етер ме екен деген үміт бар. Ол үміт ақтала ма?

Қазіргі таңда бір ғана Алматы қаласының маңайында құрылыс қарқыны бұрынғыдай болмаса да, салынып жатқан аспандай үйлер аз емес, тек оны қарапайым бұхараның қалтасы көтермейтіні қынжылтады. Мегаполисті маңайлап жүрген жас отбасылар бүгінде бөсіп жүрген байлардың шеткері салынған көпбөлмелі жайпақ тамдарында күнелтіп жүр оның өзі бір бөлмесі орта есеппен алғанда 25000 теңгені құрайды. Өзі жалданып жұмыс жасайтын жас отағасылар мұндай баспананың барына да шүкіршілік еткендей, тек қазақтың болашағы болар балаларымыз дүниетанымын өзгенің босағасын сығалап жүріп дамытса ертеңгі күні ол жастан не үміт, не қайыр? Алматы – ару қала, ал сол ару қаламыз өлмес-талмастың күнін кешкен жандарға толы жан бағу қаласына айналып бара жатқан жоқ па екен? Әл – Фараби көшесін бойлап бара жатсаң қарап көз тоймайтын әсем ғимараттар бірінен-бірі таласып көкке ұмтылғандай, қаламыздың көркіне айналған сол баспаналардың барлығы белгілі бір жоспармен салынғаны хақ, бірақ сол хан сарайындай алпауыт үйлер қаңырап жұртта қалған жалғыз тамдай бос тұрғанын қалай түсінерсің. Ол аз болса, салынып жатқан көпқабатты үйлердің өзі де заманауи үлгіде, барлық стандарттарға сай, сырты керемет, ал іші одан да өткен ғажайып дизайнда жасалып дап-дайын күйінде тұрады. Тек оның бағасын сұрауға бата алмайсың, барлығы да аспандап ұшқан деген теңеуден де асып түсерлік дәрежеде. Мысалыға Кореяда 30,000-нан астам ғимараттарды тұрғызған “Appletown” компаниясы өз клиенттеріне жанға жайлы жағдайларда жасалған соңғы үлгідегі пәтерлерді ұсына отырып, тек бай-бағландардың баласы бере алатын бағаны қояды. Нарық заманында мұндай әрекеттерді теріс деп айту да мүмкін емес, қамықпай күн кешетін жағдай жасайды да, ақысын сұрайды. Жасалып жатқан жұмыстар аз емес, бірақ солардың қарапайым халықтың игілігіне жұмсалмағаны қоғамға да, экономикаға да зиян екені дүйім жұртқа белгілі. Қаланың қарбаласқа толы әр күні аяқтала салысымен ертеңгі күн Алматының айналасына жұмыс іздеп сарылып келіп жатқан амалсыз азаматтарды қоныстандырады. Сол бір жабыққан жандардың барлығы да мардымсыз айлығының ауқымды бөлігін жалға алған қонысының құнын төлеуге жұмсайды.

Демократия мен демографияны қос қанатына айналдырған елміз, ендеше қазақ деп құлшынып тұрған азаматтардың жағдайын жасамасақ біздің даналығымыз қайда, даралығымыз қайда? Өз ұлымызды шетке теппей қамқорлық жасау қажет, тек қалай деген сұрақ туады. Көзін тапсаң көкірегің оянар, көкірегі ояу жан көптеген мәселенің түйінін шешуге қауқарлы болар. Ең алдымен, ипотекалық жеңілдіктермен беріетін тұрғын үй бағдарламасын жаңғырту керек. Мұнан мемлекетке не пайда? Құрылыс жүріп жатқан уақытта көптеген адамдар жұмыспен қамтылады, уақытша болса да отбасылық бюджетті қалыптастырса, мемлекет үстеме пайыздан өз үлесін алады. Сонымен арбаны да сындырмай өгізді де өлтірмей өткелден өтуге болар еді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-rmysy-t-menderge-t-r-yn-y-kerek-nemese-salynyp-bitse-de-sa-ym-bop-t-r-an-saraylar-238521](https://yvision.kz/kk/post/t-rmysy-t-menderge-t-r-yn-y-kerek-nemese-salynyp-bitse-de-sa-ym-bop-t-r-an-saraylar-238521)