---
title: "Түркиядағы қазақ жастары ҚР сыртқы саясатын талқыға салды"
description: "ТҮРКИЯ. 4 наурыз. BAQ.KZ – Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 2 наурызы Біріккен Ұлттар Ұйымына мү..."
author: "nazgulnaz"
published: "2013-03-03T22:34:42+00:00"
modified: "2013-03-03T22:34:42+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rkiyada-y-aza-zhastary-r-syrt-y-sayasatyn-tal-y-a-saldy-340520"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rkiyada-y-aza-zhastary-r-syrt-y-sayasatyn-tal-y-a-saldy-340520/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Түркиядағы қазақ жастары ҚР сыртқы саясатын талқыға салды

> ТҮРКИЯ. 4 наурыз. BAQ.KZ – Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 2 наурызы Біріккен Ұлттар Ұйымына мү...

ТҮРКИЯ. 4 наурыз. BAQ.KZ – Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 2 наурызы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды және дәл осы күні бауырлас мемлекет Түркия Республикасымен тың дипломатиялық қарым-қатынастарға жол ашқан тарихи құжатқа қол қойылды. Айтулы күнді негізге ала отырып, Түркиядағы «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігі кезекті басқосуын ұйымдастырды. Бұл жайлы бірлестіктің баспасөз қызметінен Мырзахан Байболов хабарлап отыр.

Басқосуда Орта Шығыс Техникалық университетінің докторанты Дінмұхаммед Әметбек «Қазақстан сыртқы саясатының мазмұны» тақырыбында баяндама жасады. Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша ізденіп жүрген жас ғалым баяндамасында Қазақстанның сыртқы саясатын қалыптастыратын тарихи мирас, мемлекеттілік тарихы, геосаяси және геомәдени орналасу және саяси элита секілді факторларды сараптай келе, сыртқы саясаттың мақсаттары мен басымдылықтарына кеңінен тоқталды. Бабаларымыз ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшын қару ете қорғап, ұрпағына мирас еткен ұлан-байтақ территорияда орнаған Тәуелсіз мемлекеттің іргесін берік, қадамын нық етіп, жарқын болашаққа батыл бастап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еселі еңбегі де арнайы талқы өзегіне айналды. Мәжіліске арнайы қатысқан Түркия Сыртқы істер министрлігінің қызметкері, дипломат Алтай Алпер сөз алып, Қазақстанның халықаралық қатынастардағы белсенді рөлі туралы тұшымды пікірлерін ортаға салды. Жиынға Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің қызметкерлері де қонақ ретінде қатысты. Елші кеңесшісі Бағлан Шоңқабаев пен Консул Нұрболат Наржанов жас білімгерлердің бастамаларына табыс тіледі. Сонымен қатар, Нұрболат Наржанов Қазақстан мен Түркия Республикалары қарым-қатынасының 20 жылдығына орай, Елші Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың басшылығымен дайындалған «Қазақстан Түркия: Достық пен Ынтымақтастықтың 20 жылы» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі Наурыздың он екінші жұлдызында Анкарадағы Ұлттық кітапханада өтетінін хабарлап, жастарды жиынға қатысуға шақырды.Татымды тақырыпты талқылауға жиылысқан жас көшбасшылар Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі биіктей берсін деген ортақ тілекпен жиналысты қорытындылады.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-rkiyada-y-aza-zhastary-r-syrt-y-sayasatyn-tal-y-a-saldy-340520](https://yvision.kz/kk/post/t-rkiyada-y-aza-zhastary-r-syrt-y-sayasatyn-tal-y-a-saldy-340520)