---
title: "Түркістан шаһары түркі әлемінің мәдени астанасы атанды"
description: "Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласы 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деген а..."
author: "lg_with_aman"
published: "2016-12-03T08:06:15+00:00"
modified: "2016-12-03T08:15:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rkistan-sha-ary-t-rki-lemini-m-deni-astanasy-atandy-733169"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rkistan-sha-ary-t-rki-lemini-m-deni-astanasy-atandy-733169/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Түркістан шаһары түркі әлемінің мәдени астанасы атанды

> Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласы 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деген а...

![Түркістан шаһары түркі әлемінің мәдени астанасы атанды](https://storage.yvision.kz/images/user/lg_with_aman/hnCdDP76gn6J6q1AFiDRydm4U8SilD.jpg)

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласы 2017 жылғы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» деген атқа ие болды деп хабарлайды ["АПА"](http://ru.apa.az/kultura-azerbaydjana/kulturnaya-politika/gorod-turkestan-v-kazakhstane-izbran-kulturnoj-stolicej-tyurkskogo-mira-.html) жаңалықтар порталы.

Бұл жайлы Шеки қаласында өткен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің XXXIV отырысында жарияланды. Алқалы жиынға Түркі кеңесі, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы мен Халықаралық Түркі Академиясының өкілдері қатысты.

Түркия ұлы ұлттық мәжілісінің экс-депутаты – **Кемал Челик**:

> Түркістанды білмейтін түрік кем де кем. Өйткені біз Қазақстанды атажұртымыз, ал Түркістан қаласын барлық түркі халықтарының мәдени және рухани орталығы ретінде ерекше қастерлейміз. Тарихи шаһарды ТҮРКСОЙ түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялады. Бұл жаңалыққа шын жүрегіммен қуанғанымды жасырмаймын. Себебі мұндай мәртебеге ол әбден лайық. Енді Түркістанға жиі-жиі қыдырып баратын боламыз. Бұл әрине, қаланың тыныс-тіршілігі мен туристік әлеуетінің артуына зор мүмкіндік ашпақ.

Әзірбайжанның мәдениет және туризм министрі **Әбүлфәс Мүрсәл оғлы Гараев** «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының символдарын Қазақстан өкіліне табыстады.

Еске сала кетейік, 2016 жылғы түркі әлемінің астанасы Әзірбайжанның Шеки қаласы болған.

*Фотосурет:* *Otyrar**.**kz*

*Видео: 24.kz*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-rkistan-sha-ary-t-rki-lemini-m-deni-astanasy-atandy-733169](https://yvision.kz/kk/post/t-rkistan-sha-ary-t-rki-lemini-m-deni-astanasy-atandy-733169)