---
title: "Түркілер мен тәңіршілдік"
description: "Астана. 15 ақпан. Baq.kz- Ғалымдар жер бетіндегі ең бірінші дін «тәңіршілдік» болуы мүмкін деген пі..."
author: "nazgulnaz"
published: "2013-02-15T04:42:51+00:00"
modified: "2013-02-15T04:42:51+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rkiler-men-t-irshildik-327497"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-rkiler-men-t-irshildik-327497/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Түркілер мен тәңіршілдік

> Астана. 15 ақпан. Baq.kz- Ғалымдар жер бетіндегі ең бірінші дін «тәңіршілдік» болуы мүмкін деген пі...

Астана. 15 ақпан. Baq.kz- Ғалымдар жер бетіндегі ең бірінші дін «тәңіршілдік» болуы мүмкін деген пікір айтады. Бұл, бірақ, дәлелденбеген ақиқат. Әйтпесе, оған мысал шаш-етектен жетіп артылады. Мәселен, «Алтын Орда» мемлекеті адамзат тарихында неге ең ұзақ жасаған империя болды (250 жыл)? Оның басты себептерінің бірі –тәңіршілдікте.

![Түркілер мен тәңіршілдік](http://www.baq.kz/foto/434_621732e9a2d12c060780c07dc5e49eab.jpg)

Тәңіршіл Шыңғысхан қаһан (моңғолдар сияқты Будда емес-авт.) жер бетіндегі діндердің бәрі Тәңір дінінен тарайды деп түсінгендіктен, отарлап алған елдің дініне тиіспеген. Қайта дін адамдарына қолдау көрсетіп, оларды салықтан босатқан. Бүгінде Шыңғысхан айтты деген мынандай сөз бар: «Әр түрлі діннің адамдары бәрі тату-тәтті бірге тұрады. Біз бұрынғыдай қайтадан бауырлас адамдарға айналамыз». Шыңғысхан кемеңгер болмаса мұндай данышпандық сөзді айтар ма еді? Бұған дейін басқа билеушілердің оған ақылы неге жетпеген? Басқа жаулаушылар үшін дін адамдардың, халықтардың арасын жіктеп, бұзып, араздастырып, соғыстырып келсе, Алтын Орданың хандары үшін ол, керсінше, ел мен елдің басын қосатын негіз болған. Белгілі түркітанушы Л.Гумилев түркілердің Көк Тәңірге сыйынуы аруақтарға сыйынуынан жоғары тұрады деп есептейді.«Тағыр-тайық дәстүрінде бүкіл қауым ерлері жиылып, Тәңірі құрметіне құрбандық шалады. Сойылған мал еті түгел таратылып, құрбандықтың аяғы үлкен тойға ұласады», –дейді ғалым. Түркілік дәстүрде адамдар көктегі тылсым күшке табынып, оны «Жарық» деп атаған. Көк Тәңірінің құрметіне құрбандық шалған. Бұл адамдардың психологиялық әлсіздігінен туындаған әрекет емес, мұның мәні тереңде жатыр. Түркілер Көкке, Күн мен Айға жоғарыдан шапағат беретін күш есебінде табынумен қатар, ата-баба рухын да қастерлеген. Адам жер мен көктің аясында дүниеге келіп, соның аясында өмірден өтеді. Яғни, тәні жер-ана қойнауына қойылса, рухы көкке көтеріледі. Аруақтар өзінің ұрпақтарына қиыншылықта сүйенер сүйеніш болған. Сондықтан шайқасқа кіргенде, ат бәйге шапқанда, палуан күреске түскенде, т.б ар мен жан сынға түскен қысылтаяң шақта қазақ ат-бабалар атын ұрандап шақырып, олардың аруағынан медет күткен. Тәңірге шалынған құрбандық ата-баба рухына да тиесілі етілген. Қазақтар күні бүгінге дейін Көк Тәңірге табынған бабаларымыз сияқты ата аруағын аса қастерлейді, оның рухына мал шалып, құран оқытады.Дәулетқали Асауов

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-rkiler-men-t-irshildik-327497](https://yvision.kz/kk/post/t-rkiler-men-t-irshildik-327497)