---
title: "Тұрғындардың дiни сауатын көтеру мәселесiне арналған ақпараттық-түсiндiру жұмыстарының тиiмдiлiгi"
description: "Бурабай. 7 маусым. BAQ.KZ – Өткен жұма күні Бурабайда «Тұрғындардың дiни сауатын көтеру мәселесiне а..."
author: "DinGovKz"
published: "2014-06-09T03:34:32+00:00"
modified: "2014-06-09T20:50:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndardy-dini-sauatyn-k-teru-m-selesine-arnal-an-a-paratty-t-sindiru-zh-mystaryny-tiimdiligi-417103"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndardy-dini-sauatyn-k-teru-m-selesine-arnal-an-a-paratty-t-sindiru-zh-mystaryny-tiimdiligi-417103/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тұрғындардың дiни сауатын көтеру мәселесiне арналған ақпараттық-түсiндiру жұмыстарының тиiмдiлiгi

> Бурабай. 7 маусым. BAQ.KZ – Өткен жұма күні Бурабайда «Тұрғындардың дiни сауатын көтеру мәселесiне а...

Бурабай. 7 маусым. BAQ.KZ – Өткен жұма күні Бурабайда «Тұрғындардың дiни сауатын көтеру мәселесiне арналған ақпараттық-түсiндiру жұмыстарының тиiмдiлiгi» атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өтті.

Халықтың діни сауатын арттырудағы ақпараттық-насихат топтарының тиімділігін талдау мақсатымен өткен алқалы жиынға Дін істері агенттігінің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мен аймақтардағы ақпараттық-насихат топтарының өкілдері қатысты. Халық арасында дінді дұрыс насихаттау жұмысын жүргізуге мүдделі барлық құрылымдар арасында өзара қарым-қатынасты нығайтуды да көздеген жиынды Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин басқарды.

Ислам дінінің біздің елге сонау бағзыдан жеткенін және өркендегенін жеткізген ол жетілген дәстүрлі дінімізді бөгде ағымдардың жоққа шығара алмайтынын дәлелдеп берді. «Бiздің дiнiмiз 12 ғасырлық уақытты артқа тастай отырып жетілген күйде бүгінге жетті. Орталық Азия – Исламның өркендеген орталығы. Бұл жерде Ислам мәдениетiн дамытқан қалалар мен ғалымдар да болды. Ислам әлемiнiң интеллектуалды элитасы Орталық Азиядан шықты», - дейдi Ғ.Шойкин.

Оның айтуынша дiни экстремизм – қоғамның проблемасы. Сондықтан дiни экстремизммен қоғам болып күресу қажет. «Бұл жерде зиялы қауымның рөлi ерекше. Өкініштісі, бүгiнгi күні зиялы қауым өкілдерінің дiни ахуалға деген селқостығы басым. Жазушылар діннің дұрыс қағидаттарын жеткізе алатын прозалық шығармалар мен пьессалар жазса, музыканттар әндерiн шығаруы керек», - дейді Ғалым Нұрмағамбетұлы.

Сондай-ақ, конференция кезінде еліміздің өзге аймақтарынан келген дін қызметкерлері және ЖОО-дағы дінтану пәнінің ұстаздары бүгінгі таңдағы дінің ахуалын сөз етіп, жат ағымдарға қарсы тұрудың жолдарын бірлікте қарастырды.

Майгүл СҰЛТАН, Астана-Бурабай-Астана.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndardy-dini-sauatyn-k-teru-m-selesine-arnal-an-a-paratty-t-sindiru-zh-mystaryny-tiimdiligi-417103](https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndardy-dini-sauatyn-k-teru-m-selesine-arnal-an-a-paratty-t-sindiru-zh-mystaryny-tiimdiligi-417103)