---
title: "Тұрғындар тұрмысы билік назарында!"
description: "Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға айрықша мән беріл..."
author: "mary4"
published: "2015-11-12T00:10:30+00:00"
modified: "2015-11-12T00:10:30+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndar-t-rmysy-bilik-nazarynda-636937"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndar-t-rmysy-bilik-nazarynda-636937/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Тұрғындар тұрмысы билік назарында!

> Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға айрықша мән беріл...

![Тұрғындар тұрмысы билік назарында!](https://storage.yvision.kz/images/user/mary4/UesshwbOodzT48yA1nZ6Vwd77hMmTh.jpg)

**Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға айрықша мән берілуде. Осыған орай, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және өзге де бірқатар мемлекеттік бағдарламалар қанат қақты. Бастысы, бұл бағыттағы іс-шаралар барлық өңірде өз деңгейінде қолға алынуда.** Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – тұрғындар тұрмысын көтеру. Әсіресе, жұмыссыз жүрген жандардың еңбекке орналасуына мүмкіндік жасау. Осы мақсатта жүзеге асып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бір миллионнан астам қазақстандық екі қолға бір күрек тапты. Қалалар мен елді мекендерде жаңа жұмыс орындары ашылды. Жергілікті билік өкілдері ірі кәсіпорындармен, шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіп, қарапайым халықтың жұмыспен қамтылуына жағдай жасады. Соның нәтижесінде жыл сайын республика бойынша мыңдаған адам жұмысқа орналасуда. Мәселен, жыл басынан бері тек Павлодар облысында он мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, осыншама адамды еңбекпен қамтыды. Сондай-ақ, жеке кәсіппен айналысқысы келген азаматтарға да мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осыдан төрт жыл бұрын қабылданған «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы жүзеге асқаннан бері біздің аймағымызда бір мыңнан астам адам несие алып, өз кәсібін жалғастыруда екен. Атап өтерлігі, елімізде тұрғындарға деген әлеуметтік қолдау да ортайған жоқ. Әлемдік дағдарысқа қарамастан әлеуметтік төлемақылар мөлшері қысқартылған емес. Керісінше, тұрмысы төмен жандарға деген қамқорлық жылдан-жылға артуда. Зейнеткерлердің зейнетақысы, мүгедектер мен көп балалы аналарға, сондай-ақ, басқа да қоғамның әлжуаз топтарына берілетін жәрдемақы мөлшері өсуде. Айталық, биылғы жылдың алғашқы он айында табысы кедейлік шегінен төмен деп саналған 656 аз қамтылған азаматқа 14 миллионға жуық теңгенің атаулы әлеметтік көмегі көрсетілген. Ал мемлекет тарапынан осындай көмек алатын 18 жасқа толмаған балалар, жұмыспен қамту мекемелерінде есепте тұрған жұмыссыздар, бала күтімімен айналысатын аналарға тиісті жәрдемақысы тұрақты түрде төленуде. Жалпы, көмекке мұқтаж жандарға деген қайырымдылық шаралары ешқашан билік назарынан қалған емес. Тек биылғы жылы облыс бойынша он бір мыңға жуық тұрмысы төмен азаматқа 56,7 млн.теңгенің көмегі көрсетілген. Бұл – мемлекеттің халыққа деген шексіз қолдауы. Берікхан Қожаұлы

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndar-t-rmysy-bilik-nazarynda-636937](https://yvision.kz/kk/post/t-r-yndar-t-rmysy-bilik-nazarynda-636937)