---
title: "«Тұлпар-Тальго» пойыздарының билеттерін сатып алуда жаңа жеңілдіктер енгізілді"
description: "1 ақпаннан бастап «Тұлпар-Тальго» пойыздарында алдын ала билет сатып алған жағдайдағы жеңілдіктер ..."
author: "kazinform_kz"
published: "2015-01-30T05:57:30+00:00"
modified: "2015-01-30T05:57:30+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-talgo-poyyzdaryny-biletterin-satyp-aluda-zha-a-zhe-ildikter-engizildi-465312"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-talgo-poyyzdaryny-biletterin-satyp-aluda-zha-a-zhe-ildikter-engizildi-465312/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Тұлпар-Тальго» пойыздарының билеттерін сатып алуда жаңа жеңілдіктер енгізілді

> 1 ақпаннан бастап «Тұлпар-Тальго» пойыздарында алдын ала билет сатып алған жағдайдағы жеңілдіктер ...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/kazinform/jqbeE32eb8Znmt4h30prapm1xPr4z7.jpg)

1 ақпаннан бастап «Тұлпар-Тальго» пойыздарында алдын ала билет сатып алған жағдайдағы жеңілдіктер мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен.

«Егер бұрын 35% жеңілдік пойыздың жүруіне 44 тәуліктен 40 тәулікке дейін қалғанда ғана берілсе, енді 35% жеңілдікті пойыздың жүруіне 10 тәулік қалғанда билет алған жағдайда және 20% жеңілдікті пойыздың жүруіне 2 тәулік қалғанда билет алған жағдайда пайдалануға болады.

Мәселен, қазір Астанадан Атырауға дейін «Тұлпар-Тальго» пойызына билеттің базалық бағасы 14 054 теңге болса, билетті ертерек сатып алсаңыз, оның бағасы 9 223 теңгеге дейін арзандауы мүмкін.

Мұндай жеңілдіктерді «Тұлпар-Тальго» пойызының 19/20 Астана-Атырау, 87/88 Ақтөбе-Астана, 79/80 Астана-Шымкент, 77/78 Алматы-Атырау, 49/50 Алматы-Ақтөбе, 89/90 Астана-Қызылорда, 67/68 Астана-Өскемен, 69/70 Алматы-Өскемен, 35/36 Алматы-Шымкент бағыттары бойынша пайдалануға болады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ бұрын енгізілген «Жастар», «Құрмет», «Саяхатшы» дисконттық (жеңілдікті) карталарының көмегімен де билет сатып алуға болатынын еске салады. Алдын ала билет алудағы 35% жеңілдікті ескерсек, дисконтты карталарды пайдаланған жағдайда жолаушы жалпы 52%-ға дейін жеңілдікке қол жеткізе алады.

**ҚазАқпарат**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-talgo-poyyzdaryny-biletterin-satyp-aluda-zha-a-zhe-ildikter-engizildi-465312](https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-talgo-poyyzdaryny-biletterin-satyp-aluda-zha-a-zhe-ildikter-engizildi-465312)