---
title: "«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында..."
description: "Осы сөздермен бастап, қазақ лиро-эпостық жырларының ішіндегі ең беделділерінің бірі «Алпамыс батыр» ..."
author: "Aiym_Tlepbergen"
published: "2019-01-03T17:42:35+00:00"
modified: "2019-01-03T17:42:35+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-minip-tu-al-an-ltty-zhobasyn-oldau-ma-satynda-823056"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-minip-tu-al-an-ltty-zhobasyn-oldau-ma-satynda-823056/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында...

> Осы сөздермен бастап, қазақ лиро-эпостық жырларының ішіндегі ең беделділерінің бірі «Алпамыс батыр» ...

Осы сөздермен бастап, қазақ лиро-эпостық жырларының ішіндегі ең беделділерінің бірі «Алпамыс батыр» жырынан үзінді оқу зиялы қауым өкілдері мен шенеуніктер, әртістер мен ұлт жанашырлары үшін эстафетаға айналғалы қашан.

Игі бастаманың астарында үлкен саясат, соның ішінде қазақ тілін, қазақ әдебиеті мен материалдық емес мәдениетін қолдау мәселесі жатқаны баршаға аян. Дегенмен, халық ауыз әдебиеті інжу-маржандарының бірінен үзінді оқыған кезде, бірқатар шенеуніктің тілінің күрмеліп, қазақтың қарапайым сөздерінің өзін әзер-әзер оқып жатқанын аңғару қиын емес-ақ.

Бұл кісілер үшін жырдан кіші-гірім бір үзінді ғана жаттау қажеттілігі бар екендігін ескерсек (әрине, жырды басынан аяғына дейін жатқа оқып бере алатын айтыскерлеріміздің, филолог мамандарымыздың, әдебиеттанушыларымыз бен тіл жанашырларының барын да білеміз, оны жоққа да шығармаймыз), кейбір азаматтарымыздың жырдан үзінді оқығанын көріп, жаның ашиды. Адамға да, өзіңе де, ең бастысы қазақ тіліне де жаның ашиды.

Сондықтан суфлердан оқығандарын бәрібір білеміз, ең болмаса, қазақтың төл дыбыстарын құлағы дұрыс келтірілмеген домбырада күй тартқан бір бала сияқты емес, қазақтың нағыз бетке ұстар азаматтары ретінде оқығандарын қалаймын. Әйтпесе, атқа мінер азаматтарымыздың тек жалаң ту ұстап, атойлатып тұрған 1-2 минуттық бейнероликтерінен ештеңе өзгермейді. Керісінше, бар жаныңды салып, қазақтың ояна алмай жүрген ұлттық болмысын оятатын, оятып қана қоймай, бір дүр сілкіндіретін керемет бір бейнеролик түсіру бәрінің қолында. Ең бастысы, қарапайымдылық, «Алпамыс батыр» жырына деген құрмет пен өз еліміз бен жерімізге деген махаббат сезілсе, болғаны. Біз сияқты қарапайым халыққа керегі де дәл осы.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-minip-tu-al-an-ltty-zhobasyn-oldau-ma-satynda-823056](https://yvision.kz/kk/post/t-lpar-minip-tu-al-an-ltty-zhobasyn-oldau-ma-satynda-823056)